Сәрсенбі, 19 Ақпан 2025
Жаңалықтар 2140 27 пікір 15 Ақпан, 2025 сағат 21:12

Мюнхен жиналысы: АҚШ пен Еуропа бір-бірін айыптады

Сурет: youtube.comнан алынды

Кеше, жұма күні Германияда кезекті «Мюнхен қауіпсіздік жиналысы» басталды. Халықаралық басқосуды Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер сөз сөйлеп ашқан. Ол күтпеген жерден Америкаға қарсы қатаң наразылық білдірген. «Ақ үйдің жаңа басшысы Трамп пен оның командасының дүниеге көзқарасы бізден мұлде бөлек. Олар бұрыннан бар қағидаларға, әріптестігімізге, өзара сенімімізге мұрынын шүйіріп, елемей отыр», «Біз бұл реалдықты өзгерте алмаймыз, солай қабылдаймыз, әрі қарсы шаралар қолданамыз» деген.

Еуроодақ кеңесі төрайымы Урсула ФондерЛяйен Украина жеңілсе, Еуропа ғана емес Америка да зардап шегетінін алға тартып, Украинаның мүдесін басты орынға қойып, Путинды жуасытпаса, соғыстың нәтижесін үнсіз бақылап отырған өзге де диктаторлардың ойына келгенін істейтінін, Азия-Тынық мұхит аймағынан тыныштық кететінін қадап айтқан.

Шетелден келген қонақтар арасынан бірінші болып Трамптың орынбасары Ванс сөз алған. Ванс сапарының алдында американдық әйгілі басылымға сұхбат көріп: «Путин украинаның ұзақ мерзімді қауіпсіздігіне келісім бермесе, санкциядан бөлек әскери күш қолдануды жоққа шығармаймыз» деген еді.

«Үміт күткен Ванс украина мәселесін айналып өтіп, керісінше, Еуропа басшыларына демократиядан «сабақ» берді» деп жазады Франс Прес тілшісі.

Ванс сөзінде Еуропаны бәрімізге ортақ дәстүрлі құндылықтарды қорғай алмады, демократия мен сөз бостандығын шектеді деп кінәлап ұзын сонар дәлелдер келтірген. Еуропаның түбіне жететін Қытай да, Ресей де, өзге де сыртқы күштер емес, өздері деп салған. Оған нақты мысал ретінде Румыниядағы президент сайлауында ресейшіл кандидаттың кремльдің әккі айласымен билікке келгенін алға тартқан. «Көз алдарыңда болып жатқан саяси істерге немқұрайдылық таныттыңдар» деп айыптаған. Оның Еуропадағы саяси өзгерістерге көзқарасы Илон Маскпен ұқсас шыққан.

Германия Қорғаныс министрі мен Сыртқы істер министрі оның «билікке ұлтшылдар» келуі мүмкін деген сөзіне дереу қарсы жауап берген. «Гитлер билікке келген соң Германияның қандай тағдырға ұшырағанын біз сенен жақсы білеміз, тарихты дұрыстап оқығаның жөн» деген мағынада ескертулер айтқан.

Жаһан жұрты бұл жолғы жиналыста Еупопа мен Украина, Америка үш тарап Трамп ұсынған бейбітшілік келісім шартын талқылап, «ортақ мәмілеге келуі мүмкін» деп күткен еді. Оның ауылы алыс сияқты.

Бүгін «Германия дауысы» Strana.today арнасына сілтеме жасап Трамптың Путиннің көңілінен шыққан «бейбітшілік келісімінің» кейбір деталдарын жариялады. Тәуелсіз арна қол жеткізген мәліметтерге сүйенсек Трамптың «бейбітшілік жоспары» - «100 күндік жоспар» деп аталады.

Украина 20-шы сәуірден бұрын соғысты тоқтату келісіміне қол қояды. Соған сәйкес шығыстағы ұрыс майданы қызыл сызық болады. Сондай-ақ Курскіден әскерін алып кетеді. Ресей әскері басып алған жерді Орыс жері деп мойындайды.

НАТО-ға кіруден бас тартады. Орыспен шекараны НАТО әскері емес, Америка әскері де емес, басқа елдердің әскері бақылауға алады.

Путин мен Зеленскиидің бетпе-беп кездесуі наурыздың бірінде өтуі мүмкін. Трамп маңызды мемлекеттердің қатысымен украинаға бейбіт өмір сыйлайды деген аталмыш келісім-шарттың күшіне енгенін жариялайды. Ол күн басқа емес, 9-майға белгіленген. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Үш жылдық қанды қырғынның Путиннің пайдасына шешілуіне Еуропа үнсіз қарап тұрар ма екен?

Abai.kz

27 пікір