Жұма, 21 Ақпан 2025
Аймақ 516 0 пікір 18 Ақпан, 2025 сағат 21:26

Жетісу облысында үшінші қант зауытын салу жоспарда бар

Сурет: Жеңіс Ысқабай / облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.

Жетісу облысында үшінші қант зауытының құрылысын жүргізу туралы инвесторлармен келісімдер жасалуда. Соның нәтижесінде 1 млн. тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндік туады.

Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Jetisy» телеарнасы студиясында облыстық БАҚ өкілдеріне берген кеңейтілген сұхбаты барысында айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сурет: Жеңіс Ысқабай / облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.

- Биыл Көксу қант зауытына 60 млн евроға модернизациялық жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сол арқылы зауыттың жылдық қуаттылығы 500 мың тоннаға жетеді. Ал Ақсу қант зауытының қуаттылығы - 350-400 мың тонна. Сонда қазірдің өзінде 800-900 мың тонна қызылша өңдеуге қабілетіміз бар. Жетісу жерінің құнары жеткілікті. Оған қоса суару жүйелерін жаңғыртып, суармалы жерлердің көлемін арттырамыз. Сол кезде қант қызылшасының көлемін 1 000 000 тоннаға жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Мұндай мол өнімді үшінші қант зауытын іске қоссақ, өзімізде толықтай өңдей аламыз, - деді Б.Исабаев.

Еске салсақ, былтыр Жетісу облысында 13 мың гектар жерден 630 мың тонна қант қызылшасы жиналды. Бұл - тәуелсіздік алған жылдардан бергі алғашқы мол өнім. Орташа көрсеткіш гектарына 450-500 центнерден айналды.  Облыс әкімінің айтуынша, мұндай үлкен көрсеткіштің артында өте ауқымды жұмыс жатқанын анық. Ал өткізудегі уақытша қиындық Жамбыл облысындағы диқандардың жағдайына байланысты туындаған. Жамбыл облысынан 100 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, Ақсу қант зауытына өңдеуге алынған.

Сурет: Жеңіс Ысқабай / облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.

Биылғы жылдың жоспарларына тоқталған өңір басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге көп көңіл бөлінетінін атап өтті. Осы мақсатта облыста құс фабрикасын және жүгері өңдейтін зауыт салу туралы инвесторлармен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жалпы өңірде өндірілетін қант қызылшасы, жүгері, бидай, ет, сүт сияқты ауыл шаруашылығы тауарларының 65%-ы өзімізде өңделеді. Өткен жылы ауыл шаруашылығындағы өсім 3% болды.

Abai.kz

0 пікір