«Алматы көшелері» туралы жаңа шығарылым: Тұрар Рысқұлов даңғылы

Соңғы үш жылда Алматыда 650 шақырым жол жөнделіп, 100 шақырым жаңа жол салынды.
Әр шығарылымда авторлар қала тұрғындары, тарихшылар және сәулетшілермен бірге бұрын белгісіз болып келген деректерді ашады. Сондай-ақ қалалық билік өкілдерімен бірлесіп, қоғамдық кеңістіктерді, көшелер мен даңғылдарды қайта жаңғырту және түрлендіру жоспарларын бөліседі.
«Алматы көшелері» – бұл мегаполиспен бірге дамып, өсетін тұтас бір тарих пен ерекше әлем. Бағдарламаның жаңа шығарылымы Тұрар Рысқұлов даңғылына арналды.
16 шақырымға созылған бұл қалалық магистраль – Алматының шығыс және батыс бөліктерін байланыстыратын маңызды көлік күретамыры.
Соңғы жылдары Алматыда көлік қажеттіліктеріне сай болу үшін 5 жаңа жол айрығы мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды.
«Президенттің радиалды жолдарды қаланың шекарасына дейін жеткізу туралы тапсырмасы аясында бүгінде бізде 5 жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Тұрар Рысқұлов даңғылын Оңғарсынов көшесінен қаланың шекарасына дейін ұзарту жобасы, жалпы ұзындығы 2,3 шақырым. Жұмыстар өткен жылы басталды және жер телімдерін сатып алу процесіне қарай жалғасуда», – деді жол инфрақұрылымы бөлімінің жетекшісі Айдос Жылдықбаев.
Алдағы жылдары даңғылды одан әрі дамыту және оны ҰАААЖ-ға интеграциялау жоспарлануда, бұл қала орталығындағы көшелердің жүктемесін айтарлықтай азайтып, логистиканы жақсартады.
Айта кету керек, соңғы үш жылда Алматыда 85 жаңа қоғамдық кеңістік құрылып, 71 қоғамдық орын қайта жаңғыртылды. 650 шақырым жол жөнделіп, 100 шақырым жаңа жол салынды. Биыл орташа жөндеу жұмыстары тағы 300 шақырым жолды қамтып, 35 шақырымнан астам жаңа жол салу жоспарлануда.
2024 жылы Панфилов көшесін Қабанбай батыр көшесінен Жібек жолы даңғылына дейін абаттандыру жобасы аяқталды. Жоба аясында жол төсемі мен шағын сәулеттік пішіндер жаңартылып, көгалдандыру аймағы 20%-ға ұлғайтылды, сонымен қатар көпжылдық бұталар отырғызылды.
Биыл Жібек жолы даңғылының (Назарбаев даңғылынан Сейфуллин даңғылына дейін) жаяу жүргіншілер аймағы «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жөнделеді, сондай-ақ Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры жанындағы саябақ жаңғыртылады.
Бағдарламаның алдағы шығарылымдарында Almaty TV ұжымы Алматы қаласы әкімінің бастамасымен алғаш рет Достық даңғылы мен Пушкин көшесін «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша абаттандыру жобасы жүзеге асырылатынын баяндайды. Бұл жоба көлік жолдарын ғана емес, тротуарларды, аулаларды, ғимараттардың қасбеттерін және көгалдандыруды қамтиды.
Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі Ерболат Досаев 2025 жылы Жібек жолы даңғылының (Назарбаев даңғылынан Сейфуллин даңғылына дейін) жаяу жүргіншілер аймағын «қасбеттен қасбетке дейін» жөндеу және Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры жанындағы саябақты қайта құру жоспарланғанын хабарлады.
2025-2026 жылдары мегаполисте 49,2 шақырымды құрайтын 11 көше кешенді абаттандырумен қамтылады. Алматы – еліміздегі халықаралық стандарттарға сай жайлы қала ортасын қалыптастыруды қолға алған алғашқы қала.
Еске салайық, Almaty TV-де «Made in Almaty», «Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сынды бірқатар жаңа бағдарлама мен жаңалықтар айдары эфирге жол тартты. Сонымен қатар алдағы уақытта «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.
Abai.kz