Мәжіліс депутаты TikTok-қа шектеу салуды ұсынды

Жанарбек Әшімжан бастаған Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің атына депутаттық сапуал жолдап, әлеуметтік желілерге бақылауды күшейтуді талап етіпті.
Депутаттық сауалға қол қойғандар: «AMANAT» фракциясының депутаттары – Жанарбек Әшімжан, Елнұр Бейсенбаев, Аманжол Әлтай, Қазыбек Әлішев.
Біз аталған депутаттық сауалды Abai.kz оқырмандарының талқысына қаз қалпында ұсынып отырмыз...
Жанарбек Әшімжан, Мәжіліс депутаты:
– Құрметті Олжас АБАЙҰЛЫ!
Бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмас. Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері – әсірелеп айтсақ атом бомбасынан кем болмай тұр.
Өткен жылы әріптесім Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы тиісті орындарға дабыл қағып еді, селт еткен жан жоқ.
Сенатор әріптесіміз Нұртөре Жүсіп «бұрын балалаларды «тәк-тәкпен» тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз» деп еді мінбеден. Өлі тыныштық.
Сөз жоқ, қазір – ақпараттық ғасыр. Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда, ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ опық жейміз.
Бұл ретте, балалар мен жасөспірімдер арасында TikTok кеңінен танымал. Соңғы екі жылда 14,1 млн. қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр.
Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы таралуда. Жасөспірімдердің TikTok-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес.
Мәселен, «Мысық серуені» деп аталатын челленджді мыңдаған жас қайталаса, оған қатысушылар подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүруі тиіс. Мән-мағынасы жоқ челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан.
Екі жастың біріне келмеген қыздарымызды бөксемен билеуге шақырып, арнайы үйрену үлгілерін ұсынып жатқан контенттер саңырауқұлақтай қаптады.
Расында, қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесімен тікелей әлеуметтік желілер айналысуда. Соның салдарынан ұлттық құндылықпен сусындамаған жас ұрпақ өсіп келеді.
Осыны ескеріп әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу мақсатында TikTok-қа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алуда.
Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал, Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді.
Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар... Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес.
Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені, TikTok-ты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады.
Сондықтан ұрпағымызды TikTok-тан келер азғындықтан арашалап қалу үшін осы мәселені тағы көтеруімізге тура келіп отыр.
Сондықтан, Үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынамын.
1. ТикТоктағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою.
2. Елімізде ТикТокты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек деп есептеймсіз.
Сауалға заңда көрсетілген мерзімге сай жауап беруіңізді сұраймыз.
Abai.kz