Жұма, 21 Ақпан 2025
46 - сөз 670 0 пікір 20 Ақпан, 2025 сағат 14:38

Мұхтархан Қалиұлы: «Біз — бір атаның балаларымыз»

Суреттер: Спикердің мұрағатынан және adebiportal.kz сайтынан алынды.

Мұқағали Мақатаев ‒ 94

Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры ‒ туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, мұң, сағыныш, дәуір тынысы, қатарластарының арман-аңсары. Жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин: «Тіршілігінде бітіспеген Қадырдан озса, арыдағы Қасыммен қатар тұрса, осының өзі биік мәртебе емес пе?! Алда біраз заман өтеді. Содан соң кері толқын басталмақ. Бірақ ол да артық. Қайткенде Мұқағали XX ғасырдағы қазақ поэзиясының алдыңғы қатарында қала бермек», ‒ деп мұзбалақ ақынға әділ бағасын берген-ді. Осы ретте, 1955 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында туған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қарлығаш» (топтама, 1982 ж.), «Аңсап күткен арманым» (2010 ж.), «Менің сыршыл жүрегімнен тамған тамшылар» (2012 ж.), «Болашаққа хат» (2016 ж.), «Ғажайып әлем ‒ жыр әлем» (2020 ж.), «Жыр отынан жүрегім өртенеді» (2023 ж.) сияқты кітаптардың авторы Мұхтархан Қалиұлымен кездесіп, аз-кем сұқбат құрған едік. Соны ізгі ниетпен назарларыңызға ұсынамыз.


‒ М. Мақатаевпен туыстығыңыз бар екен. Әуелгі әңгімені осыдан бастасаңыз...

‒ Иә, біз ‒ бір атаның балаларымыз. Біз ‒ Алжан деген елден боламыз. Алжан Албаннан тарайды. Алжан атадан: Сырымбет, Шағыр, Аламан, Қиғылық тарайды. Соның ішінде біз ‒ Сырымбет балаларымыз. Сырымбет ‒ тарихта үлкен беделді би болған адам. Біз ‒ Сырымбеттің Қанкелді* деген баласынанбыз. Қанкелді ‒ батыр болған адам. Атақты Райымбек батырдың атасы. Қанкелдінің Мөңке, Төңке, Түке, Тілеуке және Қойбас деген ұлдары болған. Райымбек батыр ‒ Түке атамыздың бел баласы. Ал, Қойбас атадан: Есеке, Солты, Ағашақ, Мәнжі, Бұқа балалары тарайды. М. Мақатаевтың Райымбек поэмасындағы абыз Қабай жырау осындағы Бұқа атамыздан туған. Сол Бұқа атамыздан Қабай жырау, Қасабай қалпе дүние есігін ашқан. Енді осындағы Мәнжі атамыздан: Дәлі, Былғауыш туған. Дәліден Қамысбай, одан Мақатай, одан Сүлеймен, одан Мұқағали өмірге келген. Былғауыш атамыздан Асанов Әбдіке ағамыз ‒ Мұқағали ағамыздың досы, құрдасы әрі бауыры.

2024 жылы «Жүректегі жазулар» деген кітабыңыз жарық көріпті. Соның ішіндегі «Жазылар естеліктер...» бөлімінде Нұрғиса Тілендиев, Еркін Ібітанов, Хасен Саматыров, Оразалы Досбосынов, сонымен қатар Мұқағали Мақатаевқа арналған өлеңдер топтамасы бар екен. Осы кітап жайында баяндап берсеңіз...

‒ Иә, бұл кітапты шығарғандағы мақсатым ‒ өз шығармашылығымды ел назарына ұсыну. Мен әр-әр жылдары жазылған, бұрын жұртшылық тек әлеуметтік желі және газет-журналдардан ғана оқыған өлең-жырларымды топтастырып, кітап етіп шығаруға ниеттендім. Бұл ниетімді құптап, кітап етіп бастыруға үлкен көмек көрсеткен Алматы облысының әкімі мен әкімшілік қызметкерлеріне алғысымды айтамын. Кітап төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім ‒ «Жазылар естеліктер...», екінші бөлім ‒ «Жаратушым! Қолда өзің...», үшінші бөлім ‒ «Өмір, сені сүйемін...», төртінші бөлім ‒ «Киелі елім менің...». Осы төртінші бөлімге «Жетісу ‒ жаннат мекенім!..», «Аспантауым, Азаматтарым, Ататегім!», «Ұлы Дала дауысы», «Елге сапар», «Жыл ‒ берекем, шуағым!» деген әр жылдарда жазылған поэмаларым енді.

«Менің тойым болған күн» поэмасында мынандай өлең жолдары бар:

Деді де жадыратып шаттық өңін,
Қолымды қысып тұрып қатты менің.
‒ Бүгіннен бастап інім, пионерсің,
Деп галстук мойныма тақты менің.

Сол Мұқағали өз қолымен таққан галстук сақталды ма? Осы іспеттес тағы қандай ерекше естеліктер есіңізде қалды?

‒ Мен ‒ о кезде әлі оң-солын танымаған баламын ғой. Ол галстукті сақтау ойыма кіріп-шықпаған болу керек. Менде сол сәтте Мұқағали ағам біздің туысқан деген таным ғана болған ғой. Өзі дүниеден қайтқаннан кейін ғана дүркіреп аты шыға бастады ғой. Үйге жылда келетін. Кейде көктемде, қой төлдеп жатқан кезде, кейде жаздың бел ортасында, жайлауға шыққанда келетін. Жаңағы галстукті маған таққан жылы жанында Тоқаш Бердияров аға болды. Мұқағали Мақатаев ол кісіні қатты сыйлайды екен. «Аға, аға!» ‒ деп бәйек боп жүрді. Бастығы шығар деп ойлағам, кейін білдім, мықты достар екен.

Мұқағалидың болмысы, мінезі, айрықша қасиеттері қандай еді?

‒ Мен білетін Мұқағали аға ‒ өте қарапайым, адамгершілігі жоғары жаратылған жан болатын. Өзеуреп сөйлеу, көкіректену жоққа тән еді. Бала болсам да, адам тартымдылығын білеміз ғой. Шіркін, мен де сондай болсам-ау деген арман құшағында жүретін едім. Тым жас бала кезімізде қалаға ауысып кетті де, аға жайында көп естеліктер есте қалмапты. Өлең оқыған кезін көрмедім. Біреуге жағдай айтып шағынған кездерін де көрмедім. Әкеммен бірге үнемі атқа мініп, көрші-көлемді аралап, қымыз ішіп, қонаққа барып жүретін. Әкем ағаны үнемі: «Нағыз жігіт, бұл!» ‒ деп мақтап отыратын. Өйткені, мен мектеп бітіріп, ержеткен кезімде ағаны төрт-бес рет қана көрдім. Онда да жай туыстық жүздесу ғана болды. Ол кісінің өлең жазған немесе жыр оқыған кездерін көрмедім. Мен әскерде жүрген кезімде аға қайтыс болыпты. Ал, мықты, дарабоз ақын болатынына кәміл сенгенмін. Ең алғашқы арнау өлеңімді сол 1978 жылы жазғанмын:

Ағатай, алып тұлға өр еңселі,
                                      Ұлылықтың елінен көрем сені.
                                      Менің балғын даусымды естимісің,
                                      Ей, өлеңнің бұрқанған терең селі.

                                      Қарасазда сен сүйген таң самалын,
                                      Ертеңгілік мен тұрып қарсы аламын.
                                      Сені күтіп тұрғандай тауларың да,
                                      Сені күтіп тұрғандай аршаларың.

                                      Сені күтіп тұрғандай майса дала,
                                      Гүлдер де бой түзепті сай-салада.
                                      Сен енді келмейсің-ау, келмейсің сен,
                                      Өмірге бір-ақ келген жайсаң аға!

                                      Тудың барша қазақтың бірі болып,
                                      Біреуге аға, біреуге іні болып.
                                      Сен өлеңде жасадың ірі жорық,
                                      Поэзия тәңірі, пірі болып.

                                      Сен жайлы салатындай қыраттар ән,
                                      Жырыңнан қуат табам, шуақ табам.
                                      Жан аға, сені жоққа қия алмаймын,
                                      Өзіңмен жолығатын сияқтанам.

Демек, ағаның әлемдік тұлға болатынына күмәнім болған емес. Ал, қалған естелік-өлеңдерді оқырман жазған кітабымнан тауып алады деген ойдамын.

*Хангелді батыр.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан: Әлібек Байбол,

жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым, Мансұр СӘДІР, жас ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті

Abai.kz

0 пікір