Сенбі, 22 Ақпан 2025
Анық-қанығы 421 0 пікір 21 Ақпан, 2025 сағат 14:31

АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы тоқтай ма?

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Трамп президент сайлауында жеңіске жеткенде сырт көз АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы "өліспей-беріспейтін деңгейге жетеді" деп топшылаған еді. Оның өз командасына Қытайға қарсы республикашылдарды жинауы - соның нақты көрінісіндей көрінген.

Трамп алдынғы президеттік мерзімінде Қытайды "біздің арқамызда байыды" деп айыптап, Бейжіңге қарсы сауда соғысын бастап еді. 2019 жылы Қытай тауарларына 25 пайыздық кеден салығын белгіледі. Биыл тағы да ақпанның бірі күнінен бастап Қытайды "фентанилды шектемеді" деп кінәлап, бұрынғы кеден салығына 10 пайыз үстемеледі. Сонымен бірге бұдан 20 неше жыл бұрын қабылданған Қытайды мәңгі сауда әріптес статусынан айырамын деп сес көрсетті.

Қытай жағы да АҚШ тарабына қарсы бірқатар санкциялар қабылдап, наразылық білдірді. Сәрсенбі күні Қытайдың Сауда министрі Уаң Вынтау АҚШ-тың жаңадан сайланған Сауда министрі Говард Лютникті құттықтап, екі әлемдік экономика көшбасшысының өзара әріптестігі өздерінің дамуы үшін де жаһандық нарық үшін де пайдалы болатынын жеткізген.

Трамп та сәрсенбі күні өткен баспасөз жиынында Қытай төрағасы Шидің Америкаға сапармен келетінін жеткізіп, екі тараптың жаңа сауда келісіміне қол қоюы мүмкін екенін айтқан. Бірақ қашан, қалай болатынын нақтыламаған. Трамптың сол сөзінен кейін шатқаяқтап тұрған қытай юаны 0,2 пайызға нығайған.

Сарапшылар Трамптың Қытайға позициясы бұрынғыдан әлде қайда жұмсарған дейді. 2020 жылы қол қойылған екі жақты келісімде Қытай АҚШ-тан 200 миллиард доллардың тауарын сатып алуға уәде берген. Бірақ орындамаған. Трамп Қытай басшысына сол уәдесін тағы да есіне салып, соманы көбейтуді, АҚШ-қа инвестиция салуды, өзара қауіпсіздік мақсатында атом қаруларын азайтуды талап етпек екен.

Алдынғы кезекте Трамптың командасында істеген бір шенеунік Нью-Йорк Таймс газетіне: Қытайға стратегиялық маңызы бар тауарларды сатпау жайы сөз болғанда Трамптың "бағасы келіссе неге сатпасқа..." дегенін айтқан.

Abai.kz

0 пікір