Пауло Коэльо: Жазушылықта батылдық керек

77 жастағы бразилиялық жазушы Пауло Коэло көптеген танымал романдардың авторы. Оның «Әлхимик», «Он бір минут», «Қажылық сапар», «Заһир» сияқты кітаптары жарық көріп, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
– «Алхимик» алғаш рет 1988 жылы жарық көрді. Арада 20 жыл өткен соң, жазушылық стиліңізде өзгеріс болды ма?
– Өткен жылы мен «Портобелло сиқыршысы» атты кітабымның жарық көруіне байланысты әсеріммен бөлісіп бір мақала жаздым. Сол кезде Лиссабонда болдым, кітап Португалия мен Латын Америкасында сатылымға шыққалы тұрған сәт еді. Мен осы ғажайып қала көшелерімен серуендеп жүріп, кітап дүкенінің сөресінен оны бірінші болып қолына алатын оқырман туралы ойладым. Бұл мені толқытатын сәт болды. Көптеген кітаптарымды жарыққа шығарсам да, алғашқы кітабым – «Қажылық сапары» шыққан кездегідей сезімді бастан өткеріп жатқанымды түсіндім. Әрине, жетістікке жеткен сайын бәрінің ауқымы өзгере бастады, бірақ оқырмандармен бөлісуге деген ішкі сезім сол қалпы қалады.
Әуелгі әрдайым жазушы болу еді. Бүгінде бұл арманымды орындап жатқаныма қуанамын. Бірақ мұнымен бәрі бітті деген сөз шықпайды. Керісінше, таңдап алған жолымда қалу үшін күн сайын еңбек етуім қажет. Тіпті жетістікке жеткен кезде де, ол адамды жаңа сын-қатерлерге тап қылады.
– Сіз әр кітабыңызды екі-үш аптада жазып бітіретініңізді айтқансыз. Бір күніңізді жазуға қалай арнайсыз?
– Жаңа кітап жазуға дайын болған кезде мен әрдайым белгілі бір циклден өтемін, бұл процесс екі аптадан бір айға дейін созылады. Кешке жатар алдында бәрін жоспарлап қоямын: ерте тұрып, тек роман жазуға ден қоямын деп шешемін. Бірақ таңертең оянған соң, әуелі интернетті ақтарғым келеді, содан кейін серуенге шығамын. Үйге оралған соң, хаттарымды тексеремін, сол арада сағат 14:30 болып, түскі ас уақыты келіп қалады. Одан кейін міндетті түрде түстен кейінгі ұйқыма жатамын. Көзімді ашсам – сағат 17:00, қайтадан компьютерге отырып, хаттарымды тағы бір қарап шығамын, блогтарымды аралаймын, жаңалықтарды оқимын. Осылайша, кешкі ас уақыты да келіп қалады. Сол кезде ештеңе жазбағаным үшін өзімді кінәлі сезіне бастаймын.
Кешкі астан кейін ғана үстелге отырып, жазуға кірісемін. Алғашқы сөйлемді жазу қиынға соғады, бірақ кейін оқиғаның иіріміне еніп кетемін, ойларым мені күтпеген бағыттарға жетелейді. Әйелім ұйықтауға шақырады, бірақ мен тағы бір сөйлемді, тағы бір параграфты, одан кейін тағы бір бетті аяқтамай тұрып тоқтай алмаймын… Бұл процесс түнгі 2-3-ке дейін жалғасады. Ақыры төсегіме жатсам да, санамда көптеген ойлар саңлақтай тулап тұрады. Мен оларды қағазға түртіп қоямын, бірақ кейін ешқашан пайдаланбайтынымды білемін – бұл тек санамды босату үшін жасалатын әрекет. Түнде, ұйқыға кетер алдында ертең ерте тұрып, күні бойы жазамын деген серт беремін. Бірақ бұл бос сөз екенін білемін, өйткені келесі күні бәрі қайтадан осы тәртіппен жалғасады.
– «Эксперименттік сиқыршы» жобасы туралы айтып беріңізші. Соңғы нәтиже қалай болады деп елестетесіз?
– Мен интернетке тәуелді адаммын. Өткен жылы «Портобелло сиқыршысының» үштен бір бөлігін өз блогымда бірнеше тілде жарияладым. Оқырмандар алғашқы 10 тарауды оқып, пікірлерін қалдырды. Бұл керемет тәжірибе болды. Шілде айында осы қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін оқырмандарды кітаптың экранға бейімделуіне қатысуға шақырдым. Кітапта 15 баяндаушы бар, ал режиссерлер олардың бірін таңдап, Атена қатысатын көріністерді түсіруі керек еді. Кейін дайын видеоларды YouTube-ке жүктеу ұсынылды.
Бұл ерекше жоба болғандықтан, соңғы өнімнің қандай болатынын болжау қиын. Біз оқырмандар жіберген материалды монтаждайтын режиссерлерді қарастырып жатырмыз. Басты мақсат – келесі жылы Канн фестивалінде көрсету және кейінірек кинотеатрларға шығару.
– Сіз көптеген танымал авторлардан ерекшеленіп, кітаптарыңыздың фильмге бейімделуіне қарсы болып, құқығын сатудан бас тарттыңыз. Ал «Портобелло сиқыршысы» несімен ерекше?
– Шынында да, мен кітаптарымның фильм құқығын сатуға әрдайым күмәнмен қарайтынмын. Өйткені менің ойымша, кітап оқырманның санасында өзіндік өмір сүреді. Кітаптардың киноға бейімделуі көбінесе сәтсіз болады. Бірақ уақыт өте келе кейбір шығармаларымды фильмге айналдыруға мүмкіндік беруді жөн көрдім. Мысалы, «Алхимик», «Вероника өлуге бел буды» және «Он бір минут» шығармаларым туралы фильм түсірілуі мүмкін. Дегенмен мен бұл процестерге араласқанды ұнатпаймын. Ал «Эксперименттік сиқыршы» жобасы өзгеше. Өйткені бұл менің оқырмандарымның өз көзқарастарын білдіруінің бір жолы. Бұл – әлемдегі алғашқы «оқырмандар жасаған фильм» болмақ.
– Жас жазушыларға қандай кеңес бересіз?
– Мүмкіндігінше көп есікті қағу керек. Мен де жазушылық жолымды осылай бастадым. «Алхимик» алғашында шағын баспада жарық көрді. Бірақ бір жылдан кейін баспагер маған кітаптың құқығын қайтарып берді. Себебі, оның айтуынша, «қор нарығында ақша табу оңайырақ». Сол кезде әйелім екеуіміз 40 күнге Мохаве шөліне кетіп қалдық. Мен қорқыныш пен өмірдің соққыларына қарамастан, арманым үшін күресуді жалғастыру керектігін түсіндім. Борхестің сөзімен айтсақ: «Ең басты қасиет – батылдық». Ал батылдық – қорқыныштың болмауы емес, қорқынышқа қарамастан алға жылжу.
Сұхбатты ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz