Ердоғанның жеңісі: «Күрд Жұмысшылар партиясы» қаруын тастайды

Кеше Түркия ақпарат құралдары «Күрд Жұмысшылар партиясы» (PKK) сол күні атысты тоқтататынын, түрмедегі басшысы Абдулла Өжаланның үндеуіне жауап ретінде қаруын тастап, тарайтынын мәлімдегенін жарыса жазды.
PKK жауапты өкілдері сонымен бірге түрік үкіметінен Өжаланды босатуды және оның қалыпты жұмыс істеуіне және өмір сүруіне мүмкіндік беруді талап еткен.
Биыл 75 жастағы Өжалан ақпанның 27-сі күні түрмеге барған Түркия шенеуніктерімен кездескеннен кейін мәлімдеме жасап, PKK-ның барлық мүшелері қаруларын тастап, PKK өзін-өзі таратуы керек деп мәлімдеп, бұл үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтқан еді.
Өжаланның мәлімдемесін Түркиядан бөлек Ирақ пен Иран, сондай-ақ АҚШ пен Еуроодақ құптайтынын жеткізді.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ақпанның 28-і күні Өжаланның мәлімдемесі – «Түркияның терроризмді жою күресінің жаңа кезеңге қадам басуы» деді.
Ердоған Түркия үкіметінің Өжаланның нұсқауларының орындалатын-орындалмайтынын мұқият қадағалайтынын, бітімгершілік үдерісі кезінде арандатушылық орын алса, Түркия үкіметі «барлық қажетті шараларды қабылдайтынын» ескертті.
Түркияның биліктегі Әділет және даму партиясының баспасөз хатшысы Эрмер Челик 28 ақпан күні «Өжаланның нұсқауларына Түркиядағы Күрд қарсылық күштері ғана емес, Сирия мен Ирактағы осы ұйыммен байланысы бар күрд қарулы күштері де мойынсұнып, қаруларын тастауы керек» деді.
PKK-ны 1970 жылдардың соңында Өжалан құрды және Түркияның Ирак, Иран және Сириямен шекарасындағы күрдтер қоныстанған аймақтарда тәуелсіз мемлекет құруды көздеді. PKK-ның штаб-пәтері Ирактың солтүстігіндегі Күрдістан автономиялық аймағында (Күрдістан) орналасқан және Ирак пен Сириядағы күрд қарулы күштерімен тығыз байланысы бар. Өжаланның портреттерін екі елдің күрдтер мекендеген көшелерінің кез келген жерінен көруге болады.
Өжаланды 1999 жылы түрік үкіметі тұтқындап, Ыстамбұл маңындағы Имлал аралындағы түрмеге қамады. 2012 жылдың қазан айында түрік үкіметі Түркиядағы күрд мәселесін шешу мақсатындағы «бейбітшілік үдерісі» бойынша келіссөздерді бастау үшін Өжаланмен байланыса бастады.
Өжаланның мәлімдемесінен кейін Күрдістан аймағының төрағасы Нечирван Барзани 27 ақпанда бейбітшілік үдерісін толық қолдайтынын және бейбіт келіссөздерді жалғастыруға көмектесуге дайын екенін айтты.
27 ақпанда Өжаланның үндеуін сириялық күрдтердің «Сирия демократиялық күштері» қолбасшысы Мазлум Абди де құптайтынын жеткізді. Алайда ол Өжаланның қаруды тастау туралы нұсқауы тек Түркиядағы PKK үшін берілгенін және оның Сириядағы күрд күштеріне еш қатысы жоқ екенін атап көрсетті.
«Сирия демократиялық күштерінің» негізгі күші саналатын «Халық қорғау бөлімшелері» Түркия тарапынан РКК-ның Сириядағы тармағы ретінде қарастырылады. Түркия PKK-ны жою мақсатында Сирияның солтүстігіне бірнеше рет шекарадан әскер жіберді. Өткен жылдың желтоқсан айында Сириядағы саяси жағдай күрт өзгергеннен кейін Түркияның қолдауымен Сирия қарулы күштері «Халық қорғау бөлімшелеріне» шабуыл жасап, соңғысының территориясының бір бөлігін басып алды.
Сириядағы күрд қарулы күштері Сирия аумағының төрттен бір бөлігін, соның ішінде мұнай мен азық-түлік өндіретін негізгі аймақтарды бақылайды және оларға АҚШ қолдау көрсетеді.
Ердоған 1 наурызда ел алдында сөйлеген сөзінде: «Егер РКК өз уәделерін орындамаса, алдауға тырысса немесе уақыт оздыру тактикасын қолданса, оларға қарсы әскери операцияларды қайта бастаймыз, қажет болған жағдайда Түркияның операциялары «соңғы террорист жойылғанға дейін» жалғасады» деді.
Abai.kz