Дүйсенбі, 3 Наурыз 2025
Аласапыран 358 3 пікір 3 Наурыз, 2025 сағат 13:41

Украина қауіпсіздігін Еуропа мойнына алды!

Сурет: glavred.info сайтынан алынды.

Ұлыбритания премьер-министрі Стармер жексенбіде (2 наурыз) Ұлыбритания мен Франция Украинамен бірлесіп соғысты тоқтату туралы бейбітшілік келісім жобасын әзірлейтінін әрі дайын болған соң АҚШ президенті Дональд Трампқа ұсынатынын жеткізді.

Ол «бұл – Зеленский мен Трамп Ақ үйде келісімге келе алмай, екі айырылғаннан кейін дұрыс бағытқа жасалған маңызды қадам», - деді.

Стармер бұл сөзді Лондонда 18 еуропалық көшбасшылардың қатысуымен Украина бітімгершілік келісімін қайта жандандыру мақсатында өткен шұғыл саммиттен кейін айтты. Оның сөзінше, Еуропадағы одақтастары өз еркімен Украинаны қолдау үшін бас қосты, бірақ кез келген Путинді ауыздықтап соғысты тоқтату бітімі Американың қолдауынсыз жүзеге асуы мүмкін емес. Ол сол ойын талқылау үшін Трамппен 2 рет кездескенін, Макрон да сол мақсатта Ақ үйге барғанын, Трамптың да ұзақ бейбітшілік орнатуды қалап отырғанын жеткізді.

ВВС Стармердің: «Басқаша айтқанда, біз бұл мәселеде белсенді болуға дайын өзге де Еуропа елдерін қатарға қосуымыз керек», - деген сөзін келтірді.

Стармер «Еуропаның бітімгершілік күштері АҚШ-тың кепілдігін алғанда ғана, Украинаның бейбітшілігі баянды болатынын» тағы да қайталаған.

Ол саммиттен кейінгі баспасөз жиынында өздерінің 4 түрлі ортақ келісімге келгенін жариялады:

Бірінші: Украинаға әскери көмекті жалғастыру, Ресейге санкцияны қатайту.

Екінші: Кез келген ұзақ мерзімді бейбіт келісімнің Украинаның егемендігін мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болуы, оған Украинаның тікелей қатысуы.

Үшінші: Келісімге келген жағдайда Украинаның қорғаныс қуатын арттыру, болашақта басқыншылыққа ұшырамауына кепіл болу.

Төртінші: «Ерікті одақ» құру арқылы Украинаның келісімін қорғау әрі баянды болуына кепіл болу.

Лондон саммитіне қатысқан елдер арасында Ұлыбритания, Германия, Франция, Дания, Италия, Түркия және НАТО мен Еуроодақ басшылары бар.

Италия премьер-министрі Джорджия Мелони Трамп пен Зеленский арасындағы жанжалдан кейін АҚШ, Еуроодақ және Батыс одақтастары арасында Украина мәселесін талқылау үшін дереу саммит өткізуге шақырды.

Мелони Лондонда Украинаға мәселесіне байланысты «Батыс елдерінің алауыз болмай, бірлігін сақтауы» «өте маңызды» екенін ескертті.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жексенбі күні Лондонда бас қосқан еуропалық көшбасшылар Киевті Украина тағдыры шешілетін бейбіт келіссөздерге қатысуға, Украинаның ұстанымын нығайтуға және тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету және Ресейдің жаңа агрессиясына тосқауыл қою үшін қажетті қауіпсіздік кепілдіктерін беруге қажеттінің бәрін жасауға келіскен.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, НАТО бас хатшысы Марк Руттер мен Польша президенті Анджей Дуда Зеленскийді Трамппен қатынасын қайта қалпына келтіруге үндеген. Зеленский жауап ретінде жеке парақшасында Американы басты одақтасы ретінде санайтынын, сирек металл қорын бірлесіп игеру келісіміне қол қоюдан әліде үмітті екенін жазған.

Алда өтетін Еуроодақ кеңесінің мәжілісінде Еуропа басшылары Қорғаныс қаржысын көбейтуді талқылауға келіскен.

АҚШ тарабынан Мемлекет істер хатшысы Рубио жұма күнгі көңілсіз кездесуден кейін Украина тараппен ешқандай байланыс орнатылмағанын жеткізген.

Abai.kz

3 пікір