Дүйсенбі, 3 Наурыз 2025
Ақмылтық 387 3 пікір 3 Наурыз, 2025 сағат 14:06

Орталық Азияда біртұтас әскери доктрина болуы мүмкін бе?

Сурет: qazaqtimes.com сайтынан алынды.

Әлемдік геосаяси кеңістікте қайта қарулану мен жаңа әскери альянстар құру қажеттілігі Ресей мен Украина арасындағы соғыс аясында айқын көріне бастады. Әскерилер мен саясаткерлер соғыстағы трофейлерді, тактикалық және техникалық жаңалықтарды, сондай-ақ жетістіктер мен сәтсіздіктердің себептерін талдауда. Бұл тұжырымдар тек қақтығысқа қатысушы тараптар үшін ғана емес, басқа да көптеген елдер үшін маңызды. Қазіргі әскери қимылдардан қандай сабақ алуға болады және болашақ армия қандай болмақ?

Ресей‑Украина соғысы жалғасуда. Осы соғыстағы қолданылып жатқан қару‑жарақ түрлері, жаңа қарулардың пайда болуы, соғысты жүргізудің әскери тактикасы мен стратегиясы, әскери іс‑қимылдарды ұйымдастыру және үйлестіру және т.т. сұрақтар бүгінде тек қана соғысушы тараптардың ғана емес – бүкіл әлемді толғандыра бастады. Себебі, «Адамзаттың жаңа ғасырды бастауы, жаңа мыңжылдаққа енуі мемлекеттер арасындағы технологиялық секірісті үдетеді, әлемдік саясатта экономикалық бәсекелестік шиеленісе түседі, бірақ, адамзат енді қайтып әлемдік соғыстарға жол бермейді, өйткені, соғыс адамзаттың техногендік және өркениеттік дамуына антогонистік, қарама‑қарсы құбылыс болғандықтан – ол 21‑ғасырда тиімсіз әрі адамзатқа қауіпті» деген ұстанымы іске аспады, өзін‑өзі ақтамады.

СОҒЫС ‑ АДАМЗАТТЫҢ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ «КЕРІ ӘСЕРІ»

Адамзаттың технологиялық дамуы жылдамдаған сайын, адамдар жаңа қару түрлерін одан әрі жетілдіруге мүмкіндігі артты. Қару‑жарақ түрлері артқан сайын «жасалған қару қандай да бір сынақтан өтуі тиіс» деген түпкілікті ой сол қару‑жарақтың негізінде жатары анық. Сондықтан да, 21‑ғасырда соғыс өртінің ойда жоқта, ешбір атаулы себепсіз бұрқ ете қалуы жиілей бастады: әскери терминде «әлемнің бірінші армиясы, екінші армиясы» дегендей түсініктер пайда болды. Бұл түсініктер астарлы түрде саяси тұлғалар мен әскери субъектілерді соғысқа итермелеуге ықпал ете бастады.

Оның үстіне, тек қана бейбітшілікті қалайтын, қаруды тек қорғаныс құралы санайтын мемлекеттердің ғана емес, мақсаты белгісіз террористік топтардың да жаңа қару‑жараққа қолы жететін мүмкіндіктері пайда болды. Қару‑жарақ өндірісі, сөйтіп, осындай топтардың қолындағы «қауіпті ойыншыққа» айнала бастады. Оның жарқын көрінісі ретінде ғасыр бастауында әлемдегі күрт артқан террористік әрекеттерді айтуға болады: мәселен, 2001 ж. 11‑қыркүйекте терроршылар АҚШ‑тың Нью‑Йорк қаласындағы ең биік екі ғимаратын жолаушы ұшақтарымен жарып жіберді. Бұл адамзат тарихындағы бұрын‑соңды болмаған оқиға еді.

Міне, осы оқиғамен басталған жаңа ғасыр бүгінге дейін үздіксіз локальды соғыстарды бастан өткеріп келе жатыр. Соның ішінде, Таяу шығыстағы орын алған әскери іс‑қимылдар мен соғыстар, Кавказ аумағындағы орын алған локалды соғыстар, кей мемлекеттердегі (мысалы, Ауғанстан) азаматтық соғыстар... Енді, міне, бүгін бүкіл әлемнің назарын аударған Ресей мен Украина арасындағы соғыс қимылдарының куәсі болып отырмыз...

Осыған байланысты, көптеген әскери мәселелер туындауда: 1. Қорғаныс құралдары; 2. Қашықтан қолданылатын қару‑жарақтар түрлері; 3. Ұшақсыз қолданылатын қарулар; 4. Соғыс қимылдарын басқару және байланыс құралдары; 5. Соғысты адами ресурстармен қамтамасыз ету; 6. Әскери мамандықтарды жетілдіру және т.т.

ЕУРООДАҚ ӨЗ ӘСКЕРИ ӨНДІРІСІН ДАМЫТУҒА МҮДДЕЛІ МЕ?

Қазіргі жағдайда АҚШ мемлекетінің өзі НАТО‑ны бұрынғыдай емес, АҚШ және Еуроодақ деген әскери блоктарға бөлуге әрекеттенуде. Президент Трамп «Еуроодақ НАТО‑ға шығынды арттыруы керек. Еуропа өз қорғанысына кететін қаржыны өзі көтеруі тиіс» деген талап қоя бастады. Соған сай, Еуропа елдері 2026 жылдан бастап өздерінің әскери шығындарын ЖІӨ‑нің көлемімен алғанда кемі 2,5%-ға көтеретіндерін мәлімдеп жатыр.

Ал, 28 ақпанда АҚШ‑та Ақ үйде Трамп пен Зеленскийдің өзара тіл табыспауының әсерімен Еуроодақтың белді мемлекеттері саясаткерлері «Еуропа өзінің қару жарақ өндірісін дамытуға күш салуы керек. Оның инженерлік интеллектуалдық базасын Украина өзіне алады. Еуропа оны технологиялық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етеді. Бұл Еуропаның қорғаныс әлеуетін арттырады» деген пікірлерін айта бастады.

Бұл туралы Украина президенті Зеленский де бұрындары «Еуропалық әскер құру» идеясын айтқан болатын. Қазіргі кезде осы идея біртіндеп жүзеге аса бастады деуге болады. Бағыт айқындалып келеді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ҚОРҒАНЫС АЛЬЯНСЫ ҚҰРЫЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Бұл мәселелер қазіргі соғыстың шешуші факторларына айналуда. Мысалы, соның ең маңыздысы қатарында «адами ресурстар» тұр. Осы тұрғыдан, Орталық Азия республикалары біріксе ғана – өте мықты әскери әлеуетке ие болатыны сөзсіз.

Қазіргі заманда бұрынғыдай Хандар мен Патшалардың бұйрығымен әскерді сапқа тұрғызу келмеске кетті. Енді, әскерді кәсіби түрде жасақтау және оның іс‑қимылын бір орталықтан үйлестіре басқару алға шықты. Сондықтан, бүгінде осыған дейін оның «үлгісі» болып келген НАТО әскери блогының жаһандық «көшірмелерін» өмірге әкелу идеялары пайда болуда. Ол бірқатар тату, өзара интеграцияланған елдер арасында пайда болуы мүмкін. Сондай аймақтың бірі – Орталық Азия елдері болып саналады.

Бұл аймақтық блокқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және геосаяи тұрғыда Тәжікстан  енуі мүмкін. Себебі, осы елдер жетпіс жылдан астам КСРО атты бір мемлекет құрамында болды. Өздерінің экономикалық дамуы мен басқарылуы, және де ментальдік‑мәдени дамуы тұрғысынан бір‑біріне әлі де жақын.

Орталық Азия елдері осыған дейін де өздерінің экологиялық мәселелерін, су ресурстарын қолдануды бірлесе шешіп келеді. Себебі, олардың арасындағы «түбі бір түркілік туыстық», немесе,  күні кешегі «Ортаазиялық республикалар» атты ортақ атауы көп мәселені оңтайлы шешуге көмекке келуі әбден мүмкін.

Осы тұрғыда айта кету керек, бұл аймақ әзірге «Тұран бірлестігі» мәселесіне көп көңіл бөлуде.  Бірақ «Жалпы Тұран» осы өңірге қатысты алғанда «глобалды мәселе» болып табылады. Сондықтан, оның қалыптасуы да ұзақ уақыттарға созылуы мүмкін.

Ал, бұрынғы қарым‑қатынастарды қайта жандандырып, осы негізде экономикада, мәдени тұтастықта, мүмкін, болашақта әскери бағыттағы өзара тиімді «Ортаазиялық әскери альянсын» құру – «Тұран бірлігіне» қарағанда әлдеқайда жылдам іске асатын іс‑шара деуге болады. Оны қалыптастырудың маңызы күннен күнге артып келеді. Әрине, бұл «Тұран идеясын» терістемейді – ол айтпаса да түсінікті.

Әбдірашит Бәкірұлы,

Аbai.kz

3 пікір