Сейсенбі, 4 Наурыз 2025
Алаң 123 1 пікір 4 Наурыз, 2025 сағат 13:08

Дабыл: Елімізде ай сайын 3 ауыл жойылып жатыр!

Сурет: sn.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда 90-жылдары орын алған «жаппай жекешелендірудің» кесірінен ауыл халқы жұмыс іздеп қалаға босып, ескі мекендердегі қара шаңырақтың қаңырап қалғаны белгілі. «Еліміздің экономикалық әлеуеті артты» делінген соңғы 20 жылда да оңып тұрмапты.

Ғасыр басында, нақты айтқанда 2003 жылы елде 7 689 ауылдық елді мекен болған екен. 10 жыл өткенде бұл көрсеткіш 6828-ге түсіпті. Бүгінде  одан қысқарып 6147 ауыл мен ауылдық округ қалыпты.

Яғни, 20 жыл ішінде Қазақ даласында 1542 ауыл жойылған. Өкініштісі бұл үрдіс әлі де тоқтамай тұр екен. Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша елімізде ай сайын кем дегенде 3 ауыл Қазақстан картасынан өшеді екен.

«Жалпы, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, республикада 6 147 ауылдық елді мекен (АЕМ) бар. Оларда 7,5 млн адам тұрады. Бұл еліміздегі жалпы халық санының 37%-ын құрайды. Соңғы 5 жылда АЕМ саны 194 бірлікке азайды: 6 341-ден 6 147-ге дейін. Соның ішінде мысалы, ШҚО-да 13 АЕМ, СҚО-да 45 АЕМ жабылған. Тек Павлодар облысында ғана жабылған ауыл жоқ!» – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының сөзінше, жергілікті атқарушы органдар негізінен тұрғындарының саны 50 адамнан кеміп қалған ауылдарды жабу бойынша жұмыс жүргізеді. Ондай депрессивті ауылдардың тұрғындарына өз ауылдарында өмірінің соңына дейін қалуына рұқсат беріледі. Бірақ өйткен жағдайда мемлекеттік қызметтердің көбінен қағылады, уақытылы ала алмайды. Ауырып-сырқаса, жедел жәрдем бармайды.

Егер қоныс аударамын десе, жергілікті әкімдіктер көшу үшін мемлекеттік қолдау, соның ішінде тұрғын үй беру және жаңа орнында жұмысқа орналастыру мүмкіндігін ұсынуы қажет.

Үкіметбасы ауылдың қараң қалып, кері кетуінің бірнеше негізгі себебін атады: Ауылдың үлкен бөлігінде инфрақұрылым тапшы. Ғылым, техника, технологиялық жетістіктер ауылға жетпейді. Жұмыссыздықтың «көкесі» ауылда. Бұған қоса, «индустриялық және өндірістік прогресс әсерінен туындаған урбанизация» күшейген.

Тағы бір себеп: 2023 жылдан бері «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», «Ауыл – Ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» және басқа да ауыл өмірінің түрлі салаларына қатысты бағдарламалық құжаттардың кейбір ережелерін қамтитын Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы жүзеге асырылып келсе,

«Қазіргі уақытта Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың жаңа тәсілдерін қарастыруда. Соның аясында «Ауыл – Ел бесігі» мен «Ауыл аманаты» жобаларын «Ауыл аманаты» ретінде бір бағдарламаға біріктіру қарастырылады. Жаңа формат ауылдарды кешенді дамытуды қамтамасыз етеді, оған мыналар кіреді: инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, бизнес объектілеріне коммуникация тарту, кәсіпкерлікті қолдау, өнімдерді сақтау, өңдеу, қаптау және өткізу үшін индустриялық шағын аймақтар құру», – дейді Үкімет басшысы Бектенов.

«Аталған бағдарлмалардың әтижесі де жаман емес. Бірақ бір-екі бағдарлама Қазақстанның барлық ауылдарын гүлдендіріп жібере алмайды» деген пікірде депутат Ринат Зайытов.

Оның айтуынша, бүгінде ауыл тұрғындары өз күнін өзі көру үшін қандай да бір іс бастайын десе кедергіге тап болады. Мал бағып, егін өсірейін десе – жер, кәсіп бастайын десе – қаржы, қажетті инфрақұрылым таппайды.

«Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджеті де, техникасы да, пәрмен де жоқ. Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына «неге көштің?» деп қай бетімізбен айтамыз?! Алдағы уақытты Абай облысының Аягөз ауданында 10-нан астам ауылды жапқалы жатыр. Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Қазақ өз тамырын өзі балталаса, қалай гүлдемек?! Жоқ, әлде бұл әрекеттердің ары жағында халықтың бәрін мәжбүрлі түрде қалаға көшіру деген жымысқы саясат бар ма? Ауылдарды сақтау әрекетін қашан жасаймыз? Ауыл болмаса – қазақ, қазақ болмаса мемлекеттің де болмайтыны анық қой», – деді мәжілісмен.

Депутат Зайытов «ауылда жастарды тұрақтандыруға бағытталған жұмыс жоспарын құрып, оны ауылдық жастарға жеткізуді» ұсынды. Оның бұл бастамасы да жүзеге аспайтын болды.

«Жастарды ауылдық жерлерде тұрақтандыру және олардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттыру мақсатында келесі шаралар жүргізілуде: жұмыссыз тұрғындарды анықтау мақсатында мобильді топтар, мансап орталықтары жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарына, адам көп жиналатын жерлерге, шалғай елді мекендерге барады. Бос орындар жәрмеңкелері және жұмысқа орналасу бойынша кеңес береді. Осыған байланысты ауылдық жерлерге жастарды тұрақтандыру және қоныс аударту бойынша қосымша құжат әзірлеу қажет емес деп пайымдаймыз», – деді Үкімет басшысы Бектенов.

Abai.kz

1 пікір