Ақбозаттың иесі

(Эссе)
Кино, кастинг және қойылым
Қайран күндер бүгінде,
Қайда екен деп түңілме!
Қалды біздің балалық,
Қособаның түбінде!
(Журналистік фольклордан)
Біздің Қаратереңге «Қыз Жібек» фильмінің алғаш келген күні әлі есімде. Жетпісінші жылдардың басы. Үшінші, әлде төртінші класта оқитын кезіміз. Бұл күні үйдің үлкендері ауыл клубына баруға ерекше ықыласпен дайындалды. Ол дәуірде балалар дәл осындай алабөтен көңіл-күйді бірінші мамыр мен жетінші қарашада парадқа шығатын сәтте немесе киномеханик үнді фильмін әкелгенде ғана сезінеді. Өйткені, сол тұстағы ауыл өмірінің айта қаларлықтай елеулі оқиғалары осылар. Парад болатын күні бала біткеннің құдайы беріп қалады. Кең көшенің шаңдағын аспанға көтеріп, улап-шулап, шерулетіп қайтамыз. Ал үнді киносы дегенді онша ұға бермейміз. Баруын барып алып, не кино екенін, не концерт екенін ажырата алмай, есеңгіреп шығамыз.
Сөйтіп жүргенде теңіз қолтығындағы ауылға «Қыз Жібек» жетті. Қыз Жібек пен Төлегенді қисса-жырдан білеміз. Кәдімгі ақсақалдар алқа-қотан жайғасып алып, біреуге оқытып қойып, құмары қанғанша тыңдайтын ұзын-сонар жыр. Күнде сол. Қайта-қайта айналып соғады. Олар бүгінге жететін үзікті санаға сіңіріп болған соң да сөздің желісін үзбейді. Көлдей жастықты қолтығына басып, жантайып жатып, көк шайды асықпай сораптап, гөй-гөй әңгімеге кіріседі. Сонда аңғаратынымыз, Жібек апамыз, тегінде, айдынды Аралдың жалпақ жұртына да аса бөтен емес секілді. Тіпті уыздай жап-жас кезінде арманда кеткен Төлеген көкеміз біздің бұйырмаған жездеміз-міс... Қайтейік, анда-санда аңыз бен нағызды араластырып жіберетін ақсақалдарымыздың айтқаны ғой...
Ендеше, ауылға «апамыз» туралы атақты фильм кеп жатқанда не тұрыс, тайлы-таяғымызбен ағылып, киноға тарттық. Клубқа адам сыймай кетті. Бұрын кино көретін залдың дәл осылай аузы-мұрнынан шыға лық толғаны жадымда жоқ. Кешігіңкіреп қалған соң орын тимегендер экранның алдында малдас құрып отырды. Ал тікесінен тік тұрғандарда есеп жоқ. Ол кезде фильмнің өзінен бұрын қосымшасы, яғни, журналы көрсетіледі. Әншейінде тез сырғып өте шығатын журналы құрымағыр аяқталып болсашы. Қыз Жібек пен Төлегенге жетем дегенше әбден үздігіп біттік.
Содан фильм басталды. Енді керемет! Түрлі-түсті кино. Дархан дала. Тұмса табиғат. Ашық аспан. Асау Ақжайық. Қаптаған қызғалдақ. Сұлу сәйгүлік. Сырлы сөз. Ғажап ғибрат. Сырбаз Сырлыбай. Бірбеткей Базарбай. Қарымды Қаршыға. Ширақ Шеге. Солардың ортасында жасындай жарқылдаған тегеурінді Төлеген мен жүзінен нұр төгілген жайдары Жібек жүр. Осы екеуі сол күні қаншама ұл-қыздың қиялын түрткілеп оятты екен?! Ұлдар Төлегенге, қыздар Жібекке тесіле қарады да отырды. Шынында да, режиссер Сұлтан Қожықов пен сценарист Ғабит Мүсіреповтің тамаша тандемінен туған көркем картинадағы Төлегеннің болмыс-бітімі мен кескін-кейпі байырғы эпостың дәстүрлі кейіпкерлеріне мүлде ұқсамайтын еді. Олар көрерменге осы заманды да жатсына қоймайтын айрықша образ түрінде таныстырылды. Төлегеннің толқынданған бұйра шашы, түбіт мұрты, ықшам киімі, сыртқы сымбаты жұрттың көкейіне қона кетті.
Ертеңіне сабақ үстінде де кешегі киноның әңгімесін айтып тауыса алмадық. Фильмнің әрбір тіркесі көңілімізге қатталып, жадымызға жатталып қалыпты. Ауық-ауық бір-бірімізге ежірейе қарап, «Қаныңды ішем, күшік!», – дейміз екіленіп. «Қайда жүр десем, сайда жүр екенсіңдер ғой», – деп маңайымыздағыларға мардамсып қоямыз. «Менің берер жауабым – Жібек!», – дейміз басымызды шалқақ ұстап. «Орта жүздің жазасы – осы», – дейміз тым салиқалы кейіпке түсіп. «Сыйыса алмай жүрміз ғой...», – деп сызданамыз сосын Төлеген болып. Сол Төлегенді сендіріп ойнаған жап-жас актердің аты-жөні Құман Тастанбеков екенін де миымызға әбден тоқып алдық.
Қысқасы, сол күні бәріміздің жан дүниемізде бір-бір Құман бой көтерді. Бойымызда да, ойымызда да бір-бір Құман оянды. Сол оянғаннан мол оянды. Қаратереңнің қыраты мен жырасында ақ тер, көк тер болып ойнап жүрген бүкіл бала актерлікке құмартты. Нәтижесі сол – арада ұзақ жыл өткенде отызға жуық оқушысы бар менің класымнан бір емес, екі актер шықты. Біреуі – кәсіби киноактриса, екіншісі – театр актері. Қалғанымыз актер болып қарық қылмасақ та, Төлеген мен Жібектің әсерінен біразға дейін айыға алмадық.
Өз басым сол жылдарда ауыл шетіндегі құмдауыт жерде «театрландырылған» көрінісі мол, бірақ фильм оқиғасының желісінен алыстамайтын «Қыз Жібекті» қойдым. Балалар қойылымға жарайды-ау деген әр үйдегі дүние-мүліктің бәрін осында жеткізді. Дүние-мүлік дегенде, алдаспанға өрмектің қылышы, найзаға балықшының таяуы, қалқанға қазанның қақпағы, сауытқа шешеңнің түйе жүннен тоқылған қалың жемпірі молынан жарап жатыр. Тегінде, бұл менің алғашқы «режиссерлік» жұмысым еді. «Актерлер» құрамы да жақсы іріктелді. Төлеген де, Бекежан да, Шеге де оп-оңай табылды. Ал Қыз Жібекті ойнау мәселесі сол күйі шешілмей қалды. Кластың қыздары ауыл шетіне барып, желдің өтінде Жібек болып тербеліп һәм тебіреніп тұруға өлсе көне ме? Ер балаларды Жібек болуға үгіттеп көріп едік, ең жуас дегендерінің өзі ерін бауырына алып тулап, жанына жолатпады.
Сөйтіп, сол жолы «Қыз Жібекті» Жібексіз қойдық. Ұмытпасам, Төлегенді актер болам деп құлшынып жүрген кластасым Нұржан ойнады-ау деймін. Түрі де Құман ағама ұқсайтын еді. Тіпті фамилиясы да Төлегенов болатын... Сол себепті ол талай ұлан таласқан жоғары бәсекелі «кастингтен» талассыз жеңіп шықты. Жалпы, өз пайымдауымша, сол бір жылдарда еліміздегі бүкіл ауылдың балалары осы фильмді бір-бір қайталап «қойып» көрген сияқты.
Екінші рет «Қыз Жібектің» даладағы еркін қойылымына Қостанай облысының Комсомол ауданындағы Боскөл ауылында куә болдым. Үшінші курсқа көшетін жылы сол өңірге ауыл шаруашылығы жұмыстарына барғанбыз. Кино десең де, спектакль десең де жарасатын қойылым егіс алқабында жүзеге асты. Бұл жолғы «режиссер» – кино саласының мәселелерін жілікше шағатын сұңғыла студент Талғат Батырхан. Ассистенті – Жанар Абызова. Заманымыздың әйгілі режиссерлері Леонид Гайдай мен Георгий Данелияны, Сергей Бондарчук пен Эльдар Рязановты пір тұтатын Талғаттың талабы тым жоғары. Төлеген роліне Әнуарбек Әуелбеков бекітілді. Сымдай тартылған, сыптығырдай әрі сұңғақ, оның үстіне әдемі мұрты бар Әнуарбектің болмыс-бітімі фильмнің басты кейіпкерінің кескін-кейпіне бірден үйлесе кетті. Жібекті Шолпан Битенова, Бекежанды Мұратбек Тоқтағазин ойнады. Әсіресе, Шолпан қыз бірнеше бойжеткеннің ішінен іріктелді. Кино мәселесіне келгенде қаншырдай қатып қалатын, табиғатынан қыңыр «режиссер» Талғат бізді бұл жобаға қатыстырмады. Сондықтан мүлде роль тимей қалған талантты қыз Нұрмира Әлішерова екеуміз қыр басына шығып, олардың бүкіл іс-әрекетіне сырттай қарадық та отырдық. Бұл жолғы қойылым баяғы біздің ауылдағыдай емес, кәсібилікке бір табан жақындау еді.
Айтайын дегеніміз, Талғат Төлегенді көптің ішінен іріктеді. Тіпті сол жылы өзімізбен бірге келген төменгі курс жігіттерінің ішінен де қарады-ау деймін. Төлегенді ойнауды теріс көрмей жүрген Мұратбекке «Бекежан боласың!», – деп бір-ақ кесті. Ол біраз жаутаңдап, сәл-пәл жылылық күтіп тұр еді, «Қой енді, ана Әлішерова мен Омаровқа ештеңе бермесем де, отыр ғой әне үндемей..!», – деп көзін ежірейтті. Мұратбек жым болды. Әншейінде мейірбан секілді көрінетін Талғаттың қағидатына қатал «режиссер» екеніне сол жолы әбден көзіміз жетті.
Төлеген бейнесі ауылдағы көріністер үшін осындай құнды болған кезде Құман ағаның «Қыз Жібектегі» роліне жарияланған кастингтің дәрежесі қаншалықты екенін бағамдай беріңіз...
Төлеген, Бекежан және Ғани
Бейнесі жас, жаны игі,
Биіктетті Ғаниды.
Бірақ оны ел-жұрты,
Төлеген деп таниды!
(Журналистік фольклордан)
«Қыз Жібек» фильмі жарыққа шыққан соң осы кинокартинаға түскен әртістер ел ішін аралап, жұртшылықпен жаппай кездесу өткізгені баршаға мәлім. Біздің ауылға актерлер тобынан алғашқы болып Асанәлі Әшімов келді. Қасында өзіміздің Аралдан түлеген талантты әртіс Құдайберген Сұлтанбаев бар. Сөйтіп, кино десе, қарбытып жеп отырған сары сазанын сырғыта салатын Қаратерең жұртына Төлегеннен бұрын Бекежан жетті. Сөзі мәнді, сақалы сәнді, айбарлы Асекеңнің әлі қырыққа да толмаған кезі. Жанып тұрған жігерлі жігіт.
Ол кешке қарай жазғы клубта менің ауылдастарыммен жүздесті. Басына күн, миына оқу өтіп кеткен қаратереңдіктердің оған қоймаған сұрағы жоқ. Тіпті ағынан жарылған Бекежан-Асанәліге ептеп бойы үйреніскен соң «Қалқам-ау, ана баланы көзің қиып қалай аттың?», – деп ептеп реніш білдірген апаларым да болды. Асекең ақ жарқын кейіпке еніп, ағылып сөйледі. «Анау әлгі Сансызбай мәселесін киноға кіргізе алмадыңыздар ма?», – деген біздің әкейдің сұрағына сол кездің идеологиялық тәртібінің талабына сәйкес, «Ертең шетелдіктерге не айтамыз? Ағасы өлсе, жесірін інісі ойланбастан ала берген дейміз бе?», – деп жауап берді. Әншейінде ешкімнен ықпай, өршеленіп, өзінікін дәлелдеп бағатын біздің шал (ол кезде қайдағы шал, Асекеңмен түйдей құрдас қой) тырс етіп үндеген жоқ. Бәлкім, Төлегенді Қособаның түбінде атып өлтірген Бекежанның мысы басымдау түскен шығар... Кім біледі...
Осы жүздесуде Асанәлі аға Құманға қатысты бір-екі мәлімет айтты. Фильм сценарийі бойынша Жайық жағасында найзаласып жүргенде Құманды жаралап ала жаздағанын тілге тиек етті. Жұрттың біразы «Ойбай, не дейді?!», – деп елеңдесіп қалды. Мұның бәрі кинодағы Төлеген-Құманға әбден елдің көңілі ауып, оны шексіз жақсы көргенінің әсері болатын. Әйгілі әртіс сәлден соң қиылып сұраған бір ауылдасыма жауап ретінде Құманның жауырын тұсына жұқалау тақтайша салынып қойғаны, әлгі жалғыз оқтың соған қадалғаны туралы айтты. Бұл дерек «Асекең қандай мерген еді» деп ойлап отырған бізге едәуір әсер етті. Кино жөніндегі түсінігіміздің оңы сол, солы оң болып әп-сәтте өзгере бастады.
Ұзынқұлақтан жеткен хабарларға қарағанда Асанәлі Әшімовпен бірге Арал аймағына Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова да келген сияқты. Бірақ олар Аралдың өзінде қалған ба, әлде өзге ауылдарды аралап кеткен бе, сондай бір әңгіменің елесі Қаратереңді кезіп жүр. Тіпті аудан орталығына барып келген желдей ескен бір жеңгеміз: «Өліп кетейін, өз көзіммен көрдім. Аралдың кинотеатрында Құман мен Меруерт екеуі фильмдегі киімдерімен экрандағы «Қыз Жібекке» қарады да отырды. Құдай-ау, қандай сүйкімді!», – деп соқты.
Негізі, біздің ауылдың күткені Төлеген еді. Ел-жұрт кездесу барысында Асанәліге кәдімгідей қадалып, Құманды қайта-қайта сұрай бергені де содан. Бекежан Қособа жақтан жалғыз қайтқанда ағайынның алдынан шығып, аңырып тұратыны немесе текті тұлпар ауылға адаспай жеткенде Жібектің: «Иең қайда, ақбоз ат?», – деп алаңдайтыны секілді күй кешкен шығар менің ауылдастарым. Әйтеуір, киноның құдіретіне әбден сенген қаратереңдіктер сол жолы экраннан шығып, ел аралап жүрген Бекежанға біртүрлілеу көзқарас танытты...
Кейін оқу бітіріп, Алматыны мекен еткен жылдарымызда Құман ағамызды зиялылар бас қосқан түрлі жиындарда көріп қалып жүрдік. Бұл тұста ол Төлегенді ойнаған кезіндегідей тым жас емес, әрине. Отызды орталап, қырықтың қырқасына қарай беттеген сақа жігіт. Сол баяғыдай сымбатты. Сол баяғыдай әдемі жымияды. Бірақ елдің алдына шығып, суырылып сөйлей бермейді. Қашанда қарапайым қалпынан танбайды. Журналистерге сұхбат беруге де аса құштар емес сияқты.
Бір күні сол қолға түспей қойған Құман Тастанбековпен жақынырақ тілдесудің реті келді. 1992 жылы Қазалыда Ғани Мұратбаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған ауқымды жиын өтетін болды. Соған шақырылған қадірлі қонақтардың арасында «Біздің Ғани» фильмінде әйгілі жастар жетекшісінің ролінде ойнаған танымал актер Құман Тастанбеков те бар еді. Ғани Мұратбаев негізін қалаған «Жас алаш» газетінің қызметкері ретінде біз де сол топқа ілестік. Сол күні Ғанидың зайыбы Бақытжан Құрманбайқызын жер қойнына тапсырып, түстен кейін жолға шықтық.
«Алматы – Адлер» жүрдек пойызы жердің апшысын қуырып жүйткіп келеді. Қызық болғанда, Құман ағамен бірге бір купеге мініппіз. Қасымыздағы серіктеріміз де осал емес. Белгілі спорт журналисі Өмірзақ Жолымбетов пен танымал ақын Мәди Қайыңбаев. Екеуі де сөзшең. Бір бастаса ұзаққа сілтейді. Ылдидан салса, төске, ертеңнен салса, кешке озады. Қайта олармен салыстырғанда Құман ағам соншалықты әңгімешіл емес секілді көрінді. Көбіне-көп терезеге қарап ойланып отырады. Суыртпақтап сыр тартсаң да онша ашыла қоймайды. Оның үстіне ер көңілді екі ағам ешкімге сөз бермей, көсіле жөнелгенде Құманмен оңаша купеде кино мен театр өнерінің қалтарыс-бұлтарысындағы қайдағы-жайдағыны кеңірек қозғармыз деген үмітім желге ұшты. Қысқасы, тым болмаса бір тілдесу талайдың арманына айналған асыл ағамен жарытып шүйіркелесе алмадым. Бір жағынан оның сабырлылығы мен салмақтылығы ұнады.
Оңтүстік өңірдегі бір станцияға келіп тоқтап, сыртта сейілдеп жүргенімізде әлдекімдер Құман ағаның купеде қалған спорт костюмін ұрлап кетіпті. Басқа адам болса, мазасы қашып, ашу-ызаға берілер ме еді, атақты актер сасқан жоқ. «Е, біреулер ырым көріп алған шығар», – деді де қойды. Тіпті «жоғалған киімімнің қалтасында мынадай заттарым бар еді» деп абыржымады да. Өскен-өнген жердің өнегелі перзенті екенін аңғартып, ештеңені елең қылмай отыра берді. Осының алдында ғана Құман ағаға «Әлгі «Қыз Жібек» фильміндегі «...сыйыса алмай жүрміз ғой» деп келетін әйгілі толғамды өз аузыңыздан қайталап айтып беріңізші», – деп өтінгім келген-ді. Ардақты ағам сырттай сыр бермегенімен, іштей томсырайып отырған шығар деп, жым болдым.
Жаңақорғаннан жергілікті ақын Адырбек Сопыбеков, сазгер-әншілер Бексұлтан Байкенжеев пен Сауран Елеуов сынды азаматтар біздің вагонымызға мінді. Купеміздің ішін әсерлі әуен кернеп кетті. Сол көтеріңкі көңіл-күймен Қазалыға түн ортасында жеттік. Жұрт дегенің перронға сыймай, сығылысып тұр. Қаптаған халық Құманды көруге келді. Құман аға жиылған жұрттың алдында сөз сөйледі. Өзіне деген ыстық ықыласты сезініп, сәл толқып тұрғаны анық байқалды.
Жалпы, ол бұл сапарда бірыңғай Ғани рухымен тілдесті. Ғанидың музейінде болды. Ғани атындағы ауылды аралады. Ғани ескерткішіне гүл қойды. Ғани рухына бағышталған құран оқу рәсіміне қатысты. Ғани ауылының тұрғыны Жеткербей Төлегеновтің шаңырағында сол күні дүниеге келген Ғани есімді нәрестеге арнап жүрекжарды тілегін айтты.
Сөйтіп, тағы бір Ғани-ғұмыр басталды. Құман ағам Қазалыдан көңілді қайтты.
Құман, Меруерт және Болат
«Қыз Жібекті» көп көрдік,
«Қызық екен!», – деп көрдік.
Төлегенді өлтірген,
Бекежанды жек көрдік!
(Журналистік фольклордан)
Алматыдан жырақта, шығармашылық ортадан алысырақ жүрсе де, сәті келгенде Құман ағамызды көбірек суретке түсірген фототілшілердің бірі – Болат Омарәлиев. Қызылордада тұратын ол анда-санда Алатау баурайындағы астанаға келген сайын баршаға белгілі өнер тарландарымен жүздесіп, ерекше портреттер галереясын түзетін. Ал әйгілі әртістер мен қарымды қаламгерлер Сыр бойына бара қалса, оларды да нысанасына іліктіретін. Сөйтіп, ол тәуір суреттің кейіпкерін қайдан болса да, тауып ала қоятын. Әккі фототілші жер талғамайды, қайда жүрсе де олжа табады деген қағидаға табан тірейтін.
Бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жиырманың жалына енді ғана жармасқан қызылордалық жас фототілші ғаламат сурет түсірді. Сол күні ол «Қазақфильмге» ауылдас ағасы, атақты режиссер Сұлтан Қожықовты іздеп барыпты. Зәулім ғимараттың бір мүйісінде көзіне шалынған жарасымды жұпты дереу қолындағы фотомылтығының қарауылына іліктіреді. Уыздай жап-жас қыз бен жігіт алаңсыз әңгімелесіп отыр. Екеуі де бір бағытқа тесіле қарап қалған. Әсіресе аппақ арудың көзі қандай тұп-тұнық. Көңілді кейіп. Бекзат болмыс. Бақытты бейне. Сырлы сипат. Періште пейіл. Шуақты шақ. Әдемі әсер. Үлгілі үйлесім. Бірақ сол жолы Сыр бойының сидаң жігіті Болат Омарәлиев киноға түсіп жатқан Құман мен Меруертті, яғни, әйгілі Қыз Жібек пен Төлегенді тарихтың таспасына таңбалағанын білмепті. Кейіннен бұл өнердің шыңына шыққан теңдессіз талант, көздегені мүлт кетпейтін фотомерген арада елу жыл өткенде сол суретті тауып алып, жарияға жар салды. Біртуар Болат ағамыздың жалпақ жұртқа танымал жайдары жұпты таспаға тартқаны бір бұл емес. Оның қазыналы қоржынын ақтара қалсаң, Тастанбековтің тарихы мен Өтекешованың өрнектері көптеп табылады.
Қалың қазаққа қадірлі Құман аға Сыр бойына талай рет ат басын бұрды. 1971 жылы «Қыз Жібек» фильмінің Ақмешіттегі алғашқы көрсетіліміне қатысты. Бұл кезде фильмге түскен киімдерін ала келген сияқты. Сол киімді киіп, Қыз Жібек пен Төлеген кейпінде жарасып отырған сәтте Болат аға фотоаппаратын оңтайлап, бірер кадр түсіріп алады. Меруерт ашық-жарқын қалыпқа еніп, бар ықыласымен күліп тұр. Қу тілді Болат ағам еріксіз езу тартқызатын бір әзіл айтты ма, кім біледі... Ал Құман көз жанарын бір нүктеге қадап қойып, ойланған да қалған. Бұл сурет айналымда жүргелі қашан. Тек оны жариялаған кезде авторы қызылордалық фототілші екені ескеріле бермейтіні болмаса...
Құман аға ілгеріде өзі рөлінде ойнаған жастардың жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың рухын ұлықтауға арналған жиынға барғаны жөнінде жоғарыда айттық. Қазалыда өткен тойға бастан-аяқ қатысқан «Сыр бойы» газетінің фототілшісі Болат Омарәлиев Ғани ескерткішінің жанында Құман Тастанбековпен бірге тұрған сәтімізді фотошежіреге таңбалап тастапты. Қасымызда әнші-сазгер Марат Омаров, Қазалы аудандық жастар ұйымының бұрынғы және сол тұстағы жетекшілері Жанат Бекжанов пен Нәжмадин Шамұратов бар.
Бұдан кейін Құман ағаммен суретке түсудің реті келе қоймас деп жүргенбіз. Жоқ, бұйырайын десе, бәрі оп-оңай үйлесе кететін көрінеді ғой. 2008 жылы мен Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы болып қызмет істеп жүрдім. Аймақ басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед елге танымал зиялыларды Сыр өңіріне арнайы шақырып, құрмет көрсетіп тұратын-ды. Бір күні Қызылордаға Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова келді. Облыстағы идеологияға жауапты басшы ретінде бұл жиынды ұйымдастыру мәселесін біз қолға алдық. Жұртшылықпен кездесу өтті. Ел алдында сөз сөйледім. Залда отырып, баяғыда Асанәлі ағаның Қаратереңге келген сапарының әрбір сәтін еске түсірдім. Бәрі көз алдымызда тұр. Сөйтіп, бала кезімізде Бекежанмен кездессек, есейген шағымызда Төлегенмен жүздестік.
Құман да, Меруерт те бүкіл кеш бойы сабырлы қалпынан танбады. Өздеріне қойылған сауалдарға салиқалы жауап қайтарды. Жеңіл-желпі әзіл, арзан күлкі атымен жоқ. Екеуі де сол кейпімен көрермендерге әртістер әдебі жөнінде лекция оқығандай болды. Оқыған жоқ, әрине. Орнықты ойымен, салмақты сөзімен, пайымды пікірімен, үйлесімді үлгісімен соны ұқтырды. Бұлардың қимыл-қозғалысына, жүріс-тұрысына, қас-қабағына қарап, жан дүниесі, болмыс-бітімі қандай адамдар екенін аңғару аса қиынға түспейді. Құман ағамыз бен Меруерт тәтеміздің жарасымды жұбын көрген соң, «Е-е-е, екі жақсы қосылған екен ғой!», – деп ой түйгеніміз рас.
Болат аға сол күндері жанымыздан ұзаған жоқ. Осы кешке де арнайы келіп, аяқталғанша отырды. Жай отырған жоқ, кездесудің әрбір сәттерін суретке түсірумен болды. Тіпті отырды деуге келе қоймас, ауық-ауық атып тұрып, бір бұрышқа барып, оңтайлы мезетті аңдиды. Көңіл көзі көркем көріністі көре қалса, фотоаппаратының шүріппесін басып кеп жібереді. Содан соң осынау әсерлі сәт әр кадры сурет емес шығармаға татитын Болат Омарәлиевтің бейнешежіресінде қатталып қалады. Құман мен Меруерттің Сыр өңіріне сапары да Болаттың бедерлі суретханасынан айшықты орын алғаны анық.
Осынау сырлы суреттердің арасынан Болат ағаның Құман досымен бірге түскен бейнесі де көзге шалынады. Бұл – олардың ұзақ жылғы аралас-құраластығының белгісі. Сурет, әрине, Болат ағаның фотоаппаратымен түсірілген. Кім түсіргені белгісіз. Көрдіңіз бе, Құман ағаның Сыр өңіріне қатысты фотогалереясындағы картиналардың өзі жеткілікті екен. Онда әйгілі «Қыз Жібектің» басты кейіпкерінің парасатты портреті де, ішкі әлемі де, мінез-құлқы да айқын көрініс тапқан.
Жастау кезімізде Меруерт Қаратайқызын түрлі шығармашылық кештерде жолықтырып қалатынбыз. Бір күні мен оны автобуста көрдім. Ол дәуірде күллі Алматының зиялы қауымы автобустың ішінде жүретін. Әртісің де, әншің де, жазушың да, жыршың да, тергеушің де, тілшің де, зерттеушің де, сыншың да қоғамдық көлікке аяқ артып, бір-бірімен арқа-жарқа әңгімелесіп отырады. Сол жолы біз де Фурманов көшесімен төменге қарай жүйткіп келе жаттық. Келесі аялдамадан Меруерт Өтекешова мінді. Қасында мектеп жасындағы қызы бар. Орын беруге ыңғайланғандарға ризашылық білдіріп, көп ұзамай түсетінін айтты. Жанымызға жақынырақ келгенде амандастық. Сәлемімізді аса ілтипатпен қабыл алды. «Бұл қызыңыз, сірә, Жібек болар?», – деп сұрадық сосын. Жұлдызды жұптың Жібек деген қызы бар екенінен баспасөз арқылы хабардар болатынбыз. «Жоқ, бұл – Жібектің сіңлісі ғой», – деді атақты актриса күлімсіреп.
Сыр бойында жүргенде сол сәтті Меруерт тәтеміздің есіне салдым. Ол кісі жақсылап бір жымиды. Перзенттерінің балалық шағы ойына оралған шығар...
Өмір, өнер және өнеге
Қалаулысын ұқты ғой.
Қара үзіп шықты ғой.
Қыз Жібекке үйленген,
Құман ағам мықты ғой!
(Журналистік фольклордан)
Киноның да, киногерлердің де жазылмаған заңдары бар. Қанша жерден тәжірибең толысты десек те, сол ескірмейтін ережелердің ыңғайына көнуге тиіссің. Мәселен, Құман жастайынан жылқының жалына жармасып өскен ауылдың баласы болса да, режиссер Сұлтан Қожықов оған қатал талап қойыпты. Себебі, атқа мініп, қалағаныңша шапқылай алғаныңмен, жаугершілік замандағы жанкешті баһадүрлердің сәйгүлік үстіндегі сәтін айна-қатесіз бейнелеп, соған көрерменді қапысыз сендіру оңай емес. Сондықтан Сұлтекең басты рольдерді ойнайтын әртістерді ипподромға жаттығып келуге жіберіпті. Асанәлі – Бекежан, Құман – Төлеген, Әнуар – Шеге және Меруерт – Жібек бір ай бойы аттың құлағында ойнауға машықтанады. Бұрыннан жылқының бабын білетіндері шеберліктерін шыңдай түседі. Әрқайсысы өздеріне бекітілген сәйгүлікке бой үйретеді. Жануардың жалынан сипап, ендігі қожайыны өзі екенін аңғартады. «Орлик» деген ақалтеке арғымақ Құманның меншігіне беріледі. Біздің кейіпкеріміз сол «Орликпен» арпалысып жүріп, Жайық жағасындағы «жекпе-жекке» дайындала бастайды.
Бұлар мектеп бітіре сала киноға қойып кеткен Меруерттің атқа мінуге тез бейімделгеніне таң қалады. Жылқыға жолап көрмеген бойжеткен ағаларынан қалыспай, жаттығуды жедел игеріп, кино түсіру алаңына шабандоз болып оралады. «Ол, шынында да, бұл жағынан бәрімізден озып кетті», – деп еске алады Құман аға.
Осы фильмнен соң даңқ тұғырына көтерілген әйгілі төрттік тек атқа мінуге ғана дағдыланған жоқ. Жауынгерлік жорық өнерінің әдіс-тәсілдерін де үйренді. Әскери кеңесші, майор Настеров түбіт мұртты «Төлеген» мен қырма сақалды «Бекежанға» найза мен қылышты қалай ұстау керектігін үйретті. Кең дала төсіндегі кескілескен шайқас психологиясын Асанәлі мен Құманның санасына сіңірді. Соның арқасында Төлеген мен Бекежанның жекпе-жегі аса шынайы шыққанына күллі жұрт куә болды.
Кино түсіру барысында Төлеген-Құман Жібек-Меруертке ғашық болады. Екеуінің бір-біріне деген сыйластығы махаббат сезіміне ұласады. Ешкімге басын имеген бекзада сынды бойжеткеннің жүрегін жаулау Құман ағама оңай болмаған тәрізді. Асанәлі, Әнуар ағаларымен бірге рольге дайындалып жүріп, бір бұрышқа жайғасқан Меруертке көз қиығымен ауық-ауық қарап қояды. Ол жігіт жаққа мүлде зер салмайды. Зер салмақ түгілі басын да көтермейді. Бір күні кейіпкеріміз «Қой, болмас», – деп, кешке қарай қызды шығарып салуға бекінеді.
Сол күні аспанды бұлт торлап, толассыз жаңбыр себелеп тұрады. Құман үйіне қайтуға беттеген қыздың соңынан ілбіп еріп отырады. «Шіркін-ай, тым болмаса, бір қараса екен», – деп армандап келеді. Бір кезде бойжеткен оқыстан сүрініп кетеді де, тайып жығылады. Іздегенге – сұраған! Сол кезде екі-ақ аттап жетеді ғой менің Құман ағам. «Ой, Меруерт, не болды?», – деп өрімдей қызды өбектей жөнеледі. Сол өбектегеннен мол өбектейді...
Бұл фильмде Қыз Жібек пен Төлеген қосылмаса да, екеуінің ролін ойнаған Меруерт пен Құман өмірдегі мақсатына жетеді. Адал махаббатты армансыз аялап, отау тігеді. Олар осылайша әйгілі эпостың трагедиялық финалын жоққа шығарып, шуақты шаңырақтың астында жарты ғасырға жуық уақыт тату-тәтті ғұмыр кешеді.
Бір қызығы, Құман мен Меруерттің үйлену тойында Асанәлі Әшімов асаба болыпты. «Қазақфильм» киностудиясының директоры Камал Смайыловтың кабинетінде екі жастың неке қию рәсімі өтіпті. Таспаға таңбаланған осы бейнекөріністе Асанәлі Әшімов Бекежанның, Әнуар Молдабеков Шегенің кейпінде жүр. Сол фильмдегі сол сауыт, сол эпизодтағы сол домбыра...
Теңізі тартылса да, пейілі тартылмаған біздің жақта мынадай бір қыжыртпа өлең бар еді:
Ойдан-қырдан жинап алып жастарды,
Жолатпады қара ниет қастарды.
Қыз Жібекпен қосылғанда Төлеген,
Тамада боп Бекежан той басқарды.
Біз бұл өлеңді айтып, ауылды айналып шауып жүрген кезімізде екі жастың бас қосқан тойын Асекеңнің жүргізгенінен мүлде хабарсыз едік. Міне, енді, көрмейсің бе...
«Қыз Жібек» арқылы даңқы шыққан Құманды атақты режиссер Абдолла Қарсақбаев «Біздің Ғани» фильміне түсуге шақырады. Жастар жетекшісі туралы мәліметтер аса көп емес-ті. Мезеттік кадрлар мен азын-аулақ суреттер ғана сақталып қалған. Құман Ғани туралы мақалалар мен естеліктерге сүйеніп, бұл рольде де ойдағыдай ойнап шықты. Ол бұдан соң «Өрнек», «Провинциалды роман», «Алаң жиегінде», «Кімсің, сен, салт атты?», «Махамбет», «Адам-жел», «Махаббат жаңғырығы», «Ерекше күн», «Ағама арналған қалыңдық», «Аққулар ұшып келеді», «Қосымша сауалдар», «Алдар Көсе» және басқа фильмдерге түсті.
Алашқа танымал Құман ағамыздың Қазақ академиялық драма театрында жарты ғасырға жуық жұмыс істеген сахна саңлағы екенін де ұмытпағанымыз жөн. Ол Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпаны» мен «Қаракөзінде», «Еңлік – Кебегінде», Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер – Анасы» мен «Ақ кемесінде», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінде», Назым Хикметтің «Фархад – Шырынында», Флоримон Эрвенің «Түлкі бикешінде», Оралхан Бөкеевтің «Құлыным меніңінде», Мұхтар Шахановтың «Сенім патшалығында» басты рольдерде ойнап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Құман Тастанбеков бір сұхбатында: «Құрметті көрермендер! Сіздерсіз біз кімбіз?», – депті. Ал Меруерт Өтекешова: «Біздің театрымыз ақ кеме сияқты. Ақ граниттен жасалған!», – деп әдемі әсерін баян етіпті. Мұны ерлі-зайыпты өнер тарландарының ұстанған ұлағаты, өмірлік өнегесі, кісілік кредосы десе де болғандай.
* * *
Сонау сыр бойындағы жылы жүздесуден кейін Құман ағаны көргеніміз жоқ. Ал ардақты Меруерт апайымыз екі мың он жетінші жылғы желтоқсанның он бесінде Ақордаға келді. Өңіріне «Парасат» орденін тағып, жүзі жарқырап тұрды. Бәріміз де оның қолын алып, қуана құттықтағанбыз. Сол күні ол шат көңілмен Алматыға аттанып еді. Бірақ... екі күннен соң қадірлі Құман ағамыз жұлдыздар әлеміне жол тартты...
Биыл Қыз Жібек пен Төлегенді алақанға салып аялаған қалың қазақтың «Иең қайда, Ақбозат?», – деп күрсінгеніне сегіз жыл...
Сол Ақбозаттың иесі арамызда аман-сау жүргенде санаулы күндерден соң сексен жасқа толар еді...
Бауыржан Омарұлы
«Ана тілі» газеті, 27 ақпан, 2025 жыл
Abai.kz