Жексенбі, 9 Наурыз 2025
Болған оқиға 658 0 пікір 7 Наурыз, 2025 сағат 16:23

Алматы әуежайы: Ер адам қызметкерді кепілдікке алған

Сурет: orda.kz сайтынан алынды.

Әлеуметтік желіде ер адамның бір қолымен әуежай қызметкерінің шашынан ұстап, екінші қолымен айналасына пышақпен сес көрсетіп жатқаны байқалатын видео тарады.  

Ер адам видеода басқаларға «жақындамаңдар» деп қорқытады. Видео 7 наурызда Алматы әуежайында түсірілген деп айтылды. Алматы әуежайының баспасөз қызметі оқиғаны растады. 

Оқиға 7 минутқа созылған. Ізінше одан суық қару тәркіленіп, ұсталған. «Сағат 11:45-те жолаушы кейпіндегі ер адам ішкі терминалдағы тексеріс аймағына жақындады. Авиация қауіпсіздігі қызметінің өкілдері ер адамнан құжаттарын көрсетуді сұраған кезде ол қызметкерді шашынан ұстап алып, пышақпен қорқыта бастады. 7 минуттан кейін ер адам қарусыздандырылды. Қазіргі уақытта ер адам желілік полиция бөлімінде», - деп хабарлады әуежай өкілдері (Азаттық радиосы). 

Алматы әуежайында қылмыскерді ұстауға көмектескен ер адам мемлекеттік наградаға ұсынылады. Президенттің баспасөз хатшысы желідегі парақшасында осылай деп жазды. 

«Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды», - деді баспасөз хатшысы.  

Козачков телеграм-арнасының жазуынша, ол полиция қызметкері емес – оқиға орнына кездейсоқ тап болған және [қызметкерді босатып], өзін кепілдікке алуды ұсынған. Видеода оның пышақты үшкір жағынан жылдам тартып алғаны көрінеді. 

Abai.kz

0 пікір