Сәрсенбі, 12 Наурыз 2025
Билік 213 0 пікір 12 Наурыз, 2025 сағат 13:10

Мұнай тасымалы: Әзербайжан бағытына басымдық беріледі

Сурет: BKontakte-ден алынды.

Қазақстан өз мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы экспорттауды арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанада Әзербайжанның сыртқы істер министрі Жейхун Байрамовпен келіссөз өткізгеннен кейін мәлімдеді.

"Біз Қазақстанның энергетикалық ресурстарын Әзербайжан арқылы әлемдік нарыққа жеткізу бойынша өз келісімдерімізді сәтті жүзеге асырып жатырмыз. Былтыр Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы 1,4 миллион тонна мұнай экспортталды. Алдағы уақытта Қазақстан мұнайының транзит көлемін жылына 2,2 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр", – деді кездесуде Мұрат Нұртілеу.

Ресей Украинада соғыс бастағалы бері Қазақстан тарабы Баку – Тбилиси – Жейхан құбырына мән бере бастады. 2023 жылдың сәуір айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға сапар шегіп, Ресейді айналып өтетін Транскаспий көлік маршрутын дамыту туралы келісім жасады. Астана Орта дәлізге зор үміт артып, бұл бағыттағы экспортты жылына 20 миллион тоннаға дейін жеткізуді басты жоспарға енгізді.

Кейінгі уақытта осы бағытта тасымал көлемі артқанымен, әлі де болса Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтетін көлеммен салыстырғанда әлдеқайда аз. Былтыр Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры Қазақстаннан 1,5 миллион тонна мұнай қабылдады. Сол уақытта үкімет жоспарында мұнай тасымалын жылына 20 миллион тоннаға дейін жеткізу жағы айтылғанымен, нақты мерзімі аталған жоқ.

Жақында Ресейдің Краснодар өлкесіндегі КҚК-ның "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына жасалған шабуылдан кейін мамандар Әзербайжан, Грузия және Түркияның Жейхан айлағы арқылы өтетін баламалы мұнай құбырын дамыту қажеттілігі туралы қайтадан сөз қозғады.

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Батыс Қазақстандағы кеніштерде өндірілген мұнайды Астрахань, Қалмақия және Краснодар өлкесі арқылы Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озереевка терминалына тасымалдайды. Сол жерде танкерлерге тиелген мұнай әлемдік нарыққа шығарылады. Осы бағытпен Қазақстанның экспортқа шығатын мұнайының үштен екісінен көбі, сондай-ақ Каспийдегі Ресей кен орындарынан алынған шикізат тасымалданады. 2024 жылы КҚК 63 миллион тонна мұнай тасымалдады (оның 53 миллионы Қазақстаннан). Осы мұнай көлемінің үштен екісі Еуропа мен АҚШ-қа жөнелтілді.

Қазақстандық сарапшылар үкіметті Ресейге тәуелді болуды азайтуға шақырып, аймақта жанжалдар күшейе қалған жағдайда ондай тәуелділіктің зор қауіп-қатер тудыратынын ескерткен.

Abai.kz

0 пікір