Ресейдің газ империясы ыдырай бастады!

«Газпром» енді ешқашан бұрынғы қалпына келе алмайды және ол Путиннің Украинаға қарсы соғыстағы апатты қателігінің символына айналады.
«Reuters» агенттігінің хабарлауынша, Ресейдің ең ірі газ монополиясы – «Газпром» Еуропадағы негізгі сату нарығын жоғалтып, терең дағдарысқа ұшырады. Компания миллиардтаған доллар шығынға ұшырап, қызметкерлерін қысқартып, тіпті, Санкт-Петербургтің орталығындағы сәнді кешенмен қоса, өзінің сәнді кеңсе ғимараттарын сатуға мәжбүр болуда.
Еуропа енді Ресей газын сатып алмайды!
11 жыл бұрын «Газпромның» бас директоры Алексей Миллер Еуропаның Ресей газына тәуелділігі арта түсетінін мәлімдеген. Алайда Ресейдің Украинаға басып кіруінен және халықаралық санкциялардан кейін бәрі керісінше бағыт алды: Еуропа ресейлік газдан бас тартып, «Газпромды» негізгі табыстан айырды.
Енді өз ісін дамытудың орнына компания активтерін сатуға мәжбүр болды, ал «Газпромның» бір кездері ең табысты сегменті болған элиталық экспорттық бөлімше адамдарын қысқартуда. «Reuters» агенттігінің хабарлауынша, қалған қызметкерлер енді келтірілген шығынды өтеу және бұзылған келісім-шарттарды талап етіп отырған бұрынғы еуропалық сатып алушылармен сот ісін жүргізіп жатыр.
Империяның ыдырауы: Жаппай жұмыстан босату және активтерді сату
«Газпромның» проблемалары тек еуропалық нарықты жоғалтумен шектелмейді. Компанияда кадрлық дағдарыс туындауда – мыңдаған қызметкер жұмысынан айырылуы мүмкін. Басшылық қазірдің өзінде бас кеңсе мен Санкт-Петербургтегі «Газпромның» басты символы болып табылатын «Лахта Центр» зәулім ғимаратындағы 1 500 жұмыс орнын қысқартуды мақұлдады. Жұмысшылар неліктен жұмыстан босатылмауы керектігі туралы презентациялар беру арқылы компанияға өздерінің құндылығын дәлелдеуге мәжбүр. «Газпром» элиталық үйлерін, соның ішінде Санкт-Петербургтің орталығындағы Ресейдің газ саласындағы амбицияларының символы болған сәнді кешенді сатуды қарастыруда.
«Газпром» - санкциялардың ең үлкен құрбаны!
Батыс санкциялары «Газпромға» орасан зор соққы берді. Сарапшылардың пайымдауынша, компания қазір терең дағдарысқа ұшырап, еуропалық нарықтан айырылған ол енді қалпына келе алмайды. Еуропа АҚШ, Катар және Норвегиядан балама жеткізушілер пайдасына ресейлік газдан толығымен бас тартты. Қытайда «Газпром» өз шығынын өтей алмайды: Баға төмен, ал жеткізу көлемі компанияны құтқару үшін жеткіліксіз. Еуропалық компанияларға қарсы сот процестері жаңа көп миллиард долларлық шығынға әкелуі мүмкін.
Ресей газ соғысында жеңілді!
«Газпром» Кремльдің Еуропаға ықпал етудің негізгі құралдарының бірі болды, бірақ қазір Ресей бұл қысым тұтқасынан айырылды. Компания кірісін жоғалтып, жұмысшыларын қысқартып, активтерін сатып жатыр. Болашағы жоқ! «Газпромның» күйреуі санкциялардың қысымы мен жаңа сатып алушыларды таба алмауының салдарынан күйреген Ресей экономикасына тағы бір соққы.
Керімсал Жұбатқанов,
тарих ғылымдарының кандидаты, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті
Abai.kz