Дүйсенбі, 17 Наурыз 2025
Өзекті 174 0 пікір 17 Наурыз, 2025 сағат 14:05

Толымбек Әбдірайым: Артық білім кітапта!..

Сурет: Автордың жеке албомынан алынды.

Бүгін назарларыңызға жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайыммен балалар әдебиетін дамыту мәселелері туралы сұхбатымызды ұсынамыз...


Бізде қазір балалар әдебиеті  десе, ең алдымен «Менің атым Қожа» шығармасын айтады. Бұл шығарманың жазылғанына да жарты ғасырдан  астам уақыт өтті. Сізше одан басқа балалар әдебиеті шығармаларының дәріптелмеуі неліктен?

– «Менің атым Қожа» 1957 жылы жазылып, 1963 жылы кино-картина болып экраннан көрерменге жол тартты. 1967 жылы «Менің атым Қожа» әйгілі Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясын жеңіп алады. Бұл – қазақ кино саласындағы тұңғыш жүлде еді. Содан бері фильм барша қазақтың сүйікті киносына айналды.

Ауызды құрғақ шөппен сүрте беруге болмайды. Қазақ балалар әдебиетінде талай мықты шығармалар бар. Кешегі Сапарғали Бегалин, Машқар Гумеров, Нәсіреддин Серәлиев, Марат Қабанбай, Әділ Балта,(Балтабай Әділов) т.б. жазушылардың шығармалары дәріптелмеуі себепті ұмытылуға жақын.

Бүгінгі жазушылардан Асқар Алтайдың «Қызыл бөлтірік», «Қара бура», Жүсіпбек Қорғасбектің «Мұнар, мұнар, мұнара», Нұрғали Ораздың «Колониядан қашқан бала», «Оралбай атам оралман емес», Айгүл Кемелбаеваның «Майя», Жаңабек Шағатайдың «Бірнші кластың баласы», Талаптан Ахметжанның «Тозақ оты», Әлібек Файзуллаевтың «Көзтүрткі», Тұрдыбек Алшынбаевтың «Заман да – заман-заман-ай», Құрманғазы Қараманұлының «Ұры бала», Қаржаубай Омарұлының «Тірі жетім», Ділдар Мамырбаеваның «Қош бол, балалық», Жемісбек Толымбкеовтың «Жанталас», Есей Жеңісұлының «Мынау ғазиз дүние», Тұрлыбек Мәмесейіттің «Мен қазақ екенмін», Елдос Тоқтарбайдың «Өмір қандай керемет!», Баян Болатханованың «Сарыкөжек», Ертай Айғалиұлының «Қара бала, адам-қасқырлар және мұз сарай», Гүлзат Шойбекованың «Үш бала», Әбділдабек Салықбайдың «Ілияс мінген қарагер» атты повестері жақсы шығармалар.

Мен қолыма түскен, өзім оқыған шығармаларды ғана айтып отырмын. Мұның сыртында кейінгі жылдары жарық көрген ондаған жас жазушылардың жақсы туындылары бар.

Педагогикалық, психологиялық тұрғыдан алып қарағанда «бала» аталып жүрген кішкентай адамдардың өз арасында көп өзгешелік бар. Мәселен бес жастағы бала мен он жастағы баланың мінезі, ұғымы, дүниетанымы әртүрлі. Соған қарай балалар әдебиеті өз ішінде бірнеше салаға жіктеледі. Зерттеушілердің дерегінше, балалар әдебиетінде жиырмадан астам жанр бар. Кезінде академик Серік Қирабаев, профессор, ф.ғ.д. Құлбек Ергөбек қатарлы әдебиетшілер балалар әдебиетін зерттеп, әр кезде сыни мақалалар жазып, сол кездегі кішкентай оқырманға қаламгерлер не ұсынып жатыр, оның сапасы қандай дегенді саралап, бағамдап отыратын. Қазір балалар әдебиетінің сыны түгіл жалпы әдебиетте сын жоқ.

Балалар әдебиетінің білгірі Сергей Маршак: «Балалар балалық пен даналықтың ортасында өмір сүреді» деген болатын. Демек, балалар қаламгері бала да, дана да болуы тиіс. Балалар қаламгеріне жүктелетін жүк ауыр, барынша үлкен жауапкершілікті, сергектікті қажет етеді.

Лев Толстой бір сөзінде «Ең қиыны – қарапайым жазу» дейді. Меніңше, қазір ең қиыны балаларға ұнайтын шығармалар жазу. Сіз бұған не дейсіз?

– Балаларға арналған шығарма жазу, қиынның қиыны. Ол үшін бала психологиясын жақсы білумен қоса білім, білік, талғам және жүрек тазалығы керек деп ойлаймын. Қарапайым жазамын деп қарабайлыққа ұрынбау керек. Және балаларға арналған шығарманың тілі жеңіл, анық, түсінікті болғаны ләзім.

«Меніңше, балаларға арналған әдебиет, сол балалармен қатар, үлкендер оқитын дәрежеге жеткенде ғана қызықты, құнды әдебиет болады» - деген Ғабиден Мұстафинның сөзін жиі еске аламын.

– Балаларға арналған жаңа туындылар жаздыңыз ба?

– Былтыр балаларға арналған он шығарма жаздым. Олардың жетеуі «Балдырған» мен «Өркениет» журналдарында жарық көрді. Қалған үшеуі «Балдырғанда» жатыр. Өткен жылдың соңында ересектерге арналған «Түнгі жол», іле-шала балалар мен жасөспірімдерге арналған «Құс ұясы» деген жинақтарым жарық көрді. Көптен бері бүгінгі қала балаларының өмірінен көлемді дүние жазуға іштей дайындалып, материалдар жинап жүрмін.

Жалпы бізде шығармашылықпен айналысуға стимул жоқ. Бір мысал келтірейін. Осыдан бір жарым жыл бұрын бір кәсіпкер інім: «Аға, сіздің балаларға арналған бір жинағыңызға демеуші болайын, дайындай беріңіз» деген соң көптен ойымда жүрген бір повесть-ертегі жазуға отырып, елу бет көлеміндегі шығарманы айға жеткізбей жазып бітірдім...

Айтайын дегенім, ол емес... Мәселе – ынталандыруда! Жазғаным кітап болып шығады деп сеніп, қуанғаннан жылдам туды сол повесть-ертегім...

2017 жылдан бері Мәдениет және ақпарат министрлігі,  мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптарға тәп-тәуір қаламақы төлейді. Бірақ ол бағдарламамен жылда кітап шығара алмайсыз ғой.  Бізде қалай? «Балдырған», «Өркениеит» журналдары мен «Егемен Қазақстан» газетінен басқа ешбіреуі қаламақы төлемейді. Бәрі тегін. Солай бола ма? Қаламгердің табан ақы, маңдай тері, көз майын тауысып жазған еңбегі құнсыз болғаны ма?!. Осы мәселені реттемей болмайды.

Менің қызым көбінде ағылшынша балаларға арналған кітаптарды оқып жүр.  «Неге қазақша оқымайсың?» десем, «Қызық емес» деп қарап тұр. Бұл қандай психология? Жалпы қазіргі балаларды бірдеңемен таңғалдыру да қиындап кеткен сияқты. Былайша айтқанда, қазір балалар ауыл өмірінен, қазақы тұрмыстан қол үзіп қалғандай...

– Бірен-саран болса да балаларға арналған жақсы кітаптар шығып жатыр. Өкінішке қарай ондай кітаптар кітап дүкендеріне түспейді. Мемлекттік тапсырыспен жарық көретін кітап еліміздегі негізгі деген облыстық, аудандық, қалалық кітапханаларға ғана түседі. Оқырманның бәрі бірдей кітапханаға бармайтыны белгілі.

Бұрын мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың таралымы 2 мың дана еді, кейінгі жылдары 1 мыңға түсіп қалды. Бұл өте аз!..

Ал шет тілін білетін кітапқұмар балалар орыс, ағылшын және басқа тілдегі  кітаптарды оқуға мәжбүр. Қалада тұратын балалар ауылға  бармаса, ауыл тірлігін, қой, ешкі, сиыр, жылқыны өз көзімен көрмесе, әлбетте қазақы тұрмыстан мақұрым болары хақ. Бұл – қалаланған қазақ баласы үшін қиын мәселе!

«Ауыл – алтын бесік!» деген ұран айтылды кезінде. Қане, ауылдың алтын бесік болғаны?!. Қазіргі таңда қазақ ауылдарындағы бала саны кемуіне байланысты мектептер жабылып, үйлер азайып, халық қалаға көшіп жатыр. Қирату, бұзып талқандау оңай. Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары еліміздегі ауыл біткенді жекешелендіріп, талан-таражға түсіріп, быт-шытын шығарғаннан не өзгерді? Ұшпаққа жеттік пе?! Бұл мәселе есіме түскенде жүрегім ауырады...

Қазақ ауылдарын жабудың орнына, сақтап қалудың жолдарын, бірінші кезекте  Үкімет ойлау керек!  Ел болашағы деген бүгінгі баланың қазақы тұрмыстан қол үзуі -   трагедия!.. Қоғам болып, ел болып ойланатын мәселе бұл!..

Мемлекеттің балалар әдебиетін қолдау жағдайы қалай?

– Қолдау дегенде, бәлендей қолдау бар деп ауыз толтырып айту қиын. 2021 жылды балалар әдебиеті болып жарияланғанымен, өнімді жұмыс атқарылып, тұщымды шығармалар жарық көрген жоқ.

Өткен желтоқсан айында бір мәселе көтеріп, әлеуметтік желіге жариялаған едім. Желідегі   оқырман көп оқығанмен, нәтиже жоқ. Сол жазбамды тағы бір айтып өтейін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдағы балалар әдебиеті жағдайын көтеру, мемлекеттік қамқорлыққа алу туралы сөзі осы салада тер төгіп жүрген ақын-жазушыларды жігерлендірді. Менің де ұлттық балалар әдебиетіне атсалысқаныма 40 жылдың шамасы болды.

Кешегі күнге дейін балаларға арналған кітаптар мен балалар газет-журналдарына көзқарас тең және жақсы еді. Себебі, бірінсіз бірінің күні жоқ. Қазір кезінде Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев басқарған «Балдырған», Фариза Оңғарсынова басқарған «Ақ желкен» журналдары мен Кемел Тоқаев басқарған «Ұлан» газеті  айырықша мемлекеттік қамқорлыққа зәру. Осы 3 басылым мен «Дружные ребята» газетін «Егемен Қазақстан» газетіне қосқанды түк түсіне алмай келеміз. Әрине, уақытша экономикалық дағдарыстан құтылу жолы екенін түсінеміз. Бірақ соғыс (1941 – 1945) кезінде бөлек шыққан газет-журналдарды аға саяси газетке қосқаннан кім не ұтады? Біздіңше, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев тұсындағы бастама дұрыс еді. Балалар басылымы «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке топтастырылған-ды. Осы «Жас өркенді» жандандыру қазір аса қажет. Және оның жанына баяғы «Балауса» баспасын қосқан жөн. Сонда нағыз мемлекттік балалар әдебиеті мен болашақ балалар ақын-жазушыларына деген көзқарас болады.

Енді бұдан да сорақысына келейік. Мемлекеттік балалар газет-журналдары мектеп оқушыларына арналған. Біздің соңғы білген дерегіміз:  осы басылымдарға («Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Дружные ребята») Қазақстан мектептері кітапханасының 15 – 17 пайызы ғана жазылады екен. Мектеп кітапханасы алатын 1 дананы айтамыз. Тіпті кейбір мектеп кітапханалары, қаржы бөлінбеген деген желеумен жазылмайды.

Оқу-ағарту министрлігіндегі жауапты департамент–басқармалар, балаларға арналған жоғарыдағы газет-журналдардың таралуына ықпал еткені дұрыс  болар еді.

Біздіңше, еліміздің идеологиясына жауап беретін тұлғалар осыны қатты ойласа. Газет-журнал оқымаған бала кітап та оқымайды. Балалар әдебиеті газет-журналсыз жүзеге аспайды. Осы жанрдың қаламгерлері үшін айтылған 4 басылым – шеберлік алаңы.  Бүгінгі өндіріс тілінде айтсақ, (балалар газет-журналы мен балалар әдебиеті) өз алдына КЛАСТЕР!!!

Әрине, осы басылымдардың жаңа заманға сай интернет нұсқасы да, Тик-тогы да болғаны жөн. Осы кластердің әдістемелік жағына Оқу-ағарту министрлігі, Ы.Алтынсарин академиясы жауапты болары түсінікті. Сонда бүгін-ертең «балаларымызға не үйретіп жүрміз, қалай тәрбиелеп жүрміз?» деп алаңдамаймыз. Лайықты қаржы бөлсек, саланы жүйелесек, «судың да сұрауы болады».

Қазіргі қоғамда біздің жас жеткіншектер, әсіресе мектеп оқушылары арасында төбелес, ұрып-соғу, топтасып қысым көрсету сынды нашар әдеттер көбейіп барады. Бұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Күнара теледидардан мектеп оқушыларының төбелесін, тіпті өлімге жеткен оқиғаларын көріп жағамызды ұстаймыз. Бұл сұмдық! Бүгінгі қазақ қайда бара жатыр деген қорқынышты ой келеді. Бәрі, ең алдымен имансыздық жайлаған қоғам көріністері. Бірінші кезекте әуелі ата-ананың, содан соң мектептің дұрыс тәрбие бере алмауынан деп есептеймін. Оқушылар арасындағы әлімжеттілік, тәкаппар, дәулетті отбасында өсіп келе жатқан баланың сотқарлығы салдарынан осындай келеңсіз, тіпті қылмыстық іске пара-пар фактілер бар.

Өткен жылы күзде туған қалам Аякөзге барғанымда, өзім түлеп ұшқан мектептің басшысы әке-шешелердің, оның ішінде діни теріс ағым – уаһабшылар жолындағы ата-аналардың жиналысқа келмейтіндігін, балаларының тәрбиесіне жүрдім-бардым, қалай болса солай қарайтынын қынжыла айтқаны шошытты. Барлық ата-аналарға топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, ондай фактілердің бары рас.

Бұл - қазақ ұлтының қасіреті!..

Бұл – қазақ ұлтының рухани құлдырауының басы!..

Елде темірдей тәртіп болу керек!...

Заң дұрыс жұмыс істеу керек!..

Балаларға қалай кітап оқуды әдетке айналдырамыз?

– Ұлттық рухты көтеретін, имандылыққа баулитын, мейірім-қайырым, отаншылдық, үлкенді сыйлау, қоршаған ортаға құрмет сынды мағыналы, мәнді шығармалар керек. Балалар кітап оқысын десек, әуелі ата-ана оқысын! Мектеп ұстаздары оқысын! Өйткені әдебиет – адам жанының тәрбиешісі. Қанша жерден ақылды, білімді болғанмен адамшылық қасиеттерден ада жаннан жақсылық келмейді.

Адам баласының өмірге деген көзқарасы мен талғамы баалар әдебиетімен қалыптасады. Яғни, балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің тал бесігі, тағылым, тәлім қайнары және қазақ тілін үйренудің үлкен мектебі.

Хәкім, ойшыл Абай бабамыз:

Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге! – деп нақты тұжырымдаған       

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір