"Азалы дастарханның" даналығы неде?!
Кейінгі кезде, қазақтар азалы дастарханды "реттеуге" аса қатты кірісіп жатыр.
Әсіресе, дін осыны өз тәртібіне бағындыруға барын салуда!
Бірақ...
Бұл мәселеде жұртшылық ортада аса бір өрескел бұрмалаушылық байқалмайды.
Ағайын туыс жиылып, "нан ауыз тисін" деген шамада дастархан жайып қою - барлық жерде орын алған.
"Қара жамылған үй, дастархан жайылмасын" деп, ол үйдің еңсесін езе түсу - қазалы үйге өте ауыр тиеді.
Қаза қайғысын жеңілдету үшін де, ол үйден дастархан үзілмеуі хақ!
Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі осылай.
Ал, енді, "дастарханы тойдағыдай бопты" дегеніміз - ол да өз салтын білмеуден, не оны мойындамаудан шығып жатқан дүние.
Гүл-шоғы жайнаған той дастарханы мен "қазалы дастарханды" айыра алмайтындай - қазақ соншалықты дарақы емес.
Сондықтан, дастархан молдығы тұрғысынан кездесетін аз-кем айырмашылықты сөз етудің де қажеті жоқ.
Барлығы мен бірлігі бар ағайын қайтқан адамның құрметіне молдау етіп дастархан жайса - оны "ысырап" деп емес, "құрмет" деп қабылдап, осы әулеттің барлығына шын тілектестік білдіріңіз.
Ол да қазалы үйге дем береді.
Дастархан жұпыны болса, онда да оны сынауға еш қақымыз жоқ...
Сондықтан, түйін мынау:
- Қазалы үйдің дастарханын молдығына не аздығына қарап сынау - қазақ үшін ұят, санаға қайшы мінез;
- Қазалы үйге барып көңіл айту, аруағына бағыштап бата қайыру, отбасын тіршілікке шақыру - онда барғанның басты міндеті.
- Дастархан - отбасы тіршілігінің жалғасының көрінісі - одан өзге мағына болмауы керек.
- Азалы үйде ошақтың отын сөндіру, қазанды төңкеру - жаманатқа жаманат шақыру нышаны болса керек...
Міне, осы себепті, біз қаралы үйдегі жағдайды әр түрлі спекуляциялық талқыға салудан аулақ болғанымыз жөн.
Оған діннің де араласуына, "Дастарханы алай болсын, былай болсын!" деп үкім шығаруына еш қақы жоқ!
Дастархан - қазақ үшін ең киелі ұғым:
аттауға болмайды, басуға болмайды, қорлауға болмайды.
Дастархан - өмірдің символы, тіршілік белгісі.
Ендеше, осы санадан, осы мәдениеттен қазақ ажыраса - қазақ деген болмысы да жойылады!
Осыны ұқпаған жан - қазақылығын ұқпаған жан дер едім...
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz