Наурыз атауы және оның мерекелік сипаты

Наурыз халқымыздың тарихы ұзақ, өміршеңдігі күшті, қазақы салт- дәстүрді негізгі өзек еткен бірден-бір ұлттық мерекесі. Ол қазақ халқының ұзақ уақыттық қоғамдық өмір ісжүзіндігінен (практикасынан) туындап, бірге жасап келе жатқан аса мерейлі мейрам. Осы бір киелі мерекені «Парсы тіліндегі (нау- жаңа, рұз- күн) деген мағнадағы сөздеріне теліп, маңдайымызға сидыра алмай Парсыларға қос қолдап ұсынғысы келіп жүрген таяз талғам, тар өрісті, «құлшылдыққұмар» шырмауынан шыға алмай жүргендер де жетеді арамызда.
Тіліміздің ішкі заңдылығына үңілсек, Қазақ тілі көп мағыналы, ауыспалы мағыналы, балама мағыналы сөздері көп, түбір сөздерді негіз ете жұрнақ, жалғау, қосарлау, біріктіру т.б жолдарымен түрленіп отыратын құрылымы күшті бай тіл. Оның үстіне осынау аса бай тілімізде дәуірдің өзгеруі, ғылым-техниканың дамуына байланысты жәй-жәйімен қолданыстан қалып отыратын сөздері де бар, есесіне тілдік қорды байыта толықтырып отыратын жаңа атау-терміндерді аса байыптылықпен тәбиғи қосып отыратын ішкі заңдылығы да бар жүлгелі тіл.
Мақаланың мазмұндық қажетіне қарай қазірде қолданыста бар «нау» түбірінен туындайтын «науқан», «науа», «науетек», «науай», «науайхана», «нәумез», «нәумет» қатарлы сөздердің (атау-терміндердің) қай-қайсысыда үлкендікті, молшылықты білдіріп тұрғанын көріп те, біліп те отырмыз. Дәлелді, түсінікті болу үшін бірден атап өтейін:
Науқан – үлкен қоғамдық қимыл, М: той, нәзір, әркезекті қоғамдық үндеулерге байланысты мезеттік үгіт-нәсиқат қатарлылар.
Науа – малға ашы(ащы) - тұз, жем беретін үлкен де ұзын астау.
Науай – сауда жұмысы үшін көп нан пысыратын (пісіретін) арнайы наншы.
Науайхана – өз отбасында ғана емес көптің қажеті мен сауда қажеті үшін дайындалған арнайы нан жасайтын орын.
Науетек – көзге сиымсыз оғаштау көрінетін ерекше кең етекті киім.
Наумет – жекелей тұлғаларға емес, зор көлемдегі халыққа зиянды қолдан жасалған апатты жағдай.
Нәумез – жеке тұлғада бір ғана істе емес барлық іс-әрекетіндегі босаңсуды, жәйбірлеуді, жалпылық жағдайда топтық тоқырауды, шабандауды білдіреді, (соңғы екі сөздегі «нау» түбірі дыбыс үндестік заңына қарай жіңішкеріп «нәуге» өзгерген).
Арғы заманнан келе жатқан осы тілдік құрылым заңы бойынша жоғарыда атап өткен атау – терміндердің түбіріне зер сала отырып «наурыз» атауының түбірі «нау» жоғардағыдай көптікті, молдықты, жалпылықты білдіреді, ал соңғы буындағы «рыз» рыздықты білдіріп «мол ырыздық» деген мағына үстейді немесе түптегі «науырыс» (мол ырыс) болуы да ғажап емес, ол да тіліміздің дыбыс ара үндестік заңы негізінде соңғы «с» дыбысы «з»ға» өзгеріп «мол ырыздық» деген мәнді, тіпті еш өзгеріссіз «мол ырыс» деген тамаша мағаынаны да беріп тұрған байырғы қазақ тілі. Ал осы тұжырымды онан ары байыта айқындай түсетін ендігі бір ерекше жәйт «наурызда» (мол ызыздықта немесе мол ырыста) бейнеленіп тұрған осы мереке жылдық ырыздықтың басы болған алғашқы көктемдегі шөптің көктейтін, астық тұқымы атызға себілетін, малдың да, аңның да төлдейтін, құстың жұмыртқалайтын мерзіміне тура келіп тұрмай ма?! Осы ғылыми сараптау негізінде кейбіреулердің «Парсының тілінен» дейтін өз тіліндегі қисынға түсіп тұрған мүмкіндікке қарамай біреуге қос қолдап ұсына салуға өз басым қарсымын. Оған қарағанда қазақылыққа тағы біртабан жақын ұлтжандылығы күшті бір-екілеген азаматтардың «көктем мезгілі ақтың тасқын тұсы болғандықтан қазақта енді туған малдың уызын асып оны «нәруыз» деп атайтын, «наурыз» атауы осы «нәруыз» ұғымнан шыққан қазақы атау» деп қарайтын көзқарас ұсынып жүргендерде бар. Бұныңда қисыны жоқ еместей, менше тек қана уызға қарату «наурыз» (нау- мол, рыз- ырыздық) деп аты-ақ айтып тұрғандай әйгілі мол ырыздықтың басы болып тұрған мазмұнға тым тарлау сияқтанады. Дұрысы түбір сөздегі көптік, молдық, жалпылық мағына үстейтін «нау»дан туындап мол ырысты (ырыздықты) білдіретін «наурыз» таза байырғы қазақы тіл деп тұжырымдау – сөз нәрінің де, көктем айының да оң жамбасынан келетін дұрыс атау, - деп қараған дұрыс, ағайын!
Науырыздың мереке-мейрамға айландырылуында ата- бабамыздың аса үлкен парасаттылығы жатыр. Ол ұлы жаратушы заңы бойынша жаңылыссыз жылына бір уақытта ғана келіп тұратын күн мен түннің теңелуіне (22-наурызға) тураланып былайғы жерде түн қараңғысын күн жарығы жеңіп адамдарға жарқын шуақ сыйланатын; қыс ызғарын көктем шуағы ығыстырып мал-жан, аң-құс қатарлылардың бәріне жерден шығатын теңдессіз ырыздығының жолы ашылатын; мал көкке, адам аққа тойын болатын, жұтыңқы тарта сарғайған сары дала бусанып мал тісіне алғашқы көк іліне бастайтын ілгері салым жылы шуаққа бет алады. Ұлы табиғаттағы осынау теңдессіз құндылықты білген ата-бабамыз осыбір мол ырыздыққа жүкті болған орайлы шақты (күн мен түннің теңелген күнін) мереке еткен. Ұлы мерекеде ас арқауы болған – Бидәй, ет, қатық, тұзды негіз ете көп болсын деп тары, тоқ болсын деп бұршақ, арыдан үзілмеген тек болсын деп өткен жылынан қалған тері тұлып түбіндегі ас-мәзірінің нәрі – қызыл ірімшіктің ұсатылған түйірлерін қосып наурыз көжесін жасап өзара айтшылап (айттап) үлкенге амандасып, науқастың көңілін сұрап, өкпе-араздасқандарын дәмге шақыра кешіріскен. Осынау дабыралы да, думанды кең көлемде қанат жаятын ұлттық мерекені «ұлы істің ұлы күні» (ұлы табиғаттың да, оған сәйкес адам харекеті мен рухани әлемінің де жаңаратын жылдың басы) деп қараған. Ал бұрынғы көне көздерімізде бұл күнді «ұлыстың ұлы күні» деп атайтұғұн да салт болды. Мұнда екі түрлі мағына жатыр: бірі, ұлыс – «ру», «тайпа», «ұлыс» дегендегі ұлыс, әлі де ұлт болып қалыптаспаған «ұлыс» атауымен жүрген тұстағы өте ертеден келе жатқан ең байырғы мереке екендігін; енді бірі, ұлыс – жыл басында басталатын «ұлы іс» дегендегі байырғы қазақ тілі.
Менің пайымымша толық ұлт болып қалыптасқан қазіргі таңда жалпы ұлттық жағдайға үйлетіре «ұлы істің ұлы күні» деп ұстану дұрыс деп қараймын.
Ұзақ тарих бойына жалғасып келген осы мейрамда халқымыз әуелі, үлкендерді құрметтеуді, оларға амандаса барып жылдан аман-есен шыққанын құттықтап қайтуды, «асықсаң жақсылыққа асық» дегендей өңірлік климаттық жағдайларының ұқсамауына байланысты даталы мереке күннен бұрынырақ бастап тойлата беретін де жағдайлар айырым өңірлерде күні бүгін де жалғасып келеді, ол да еш оғаштығы жоқ қалыпты құбылыс саналады.
Дәстүрлі ұлттық мейрамда қазақы ұлттық киім, ән-күй, би, айтыс, жұмбақ шештіру, жаңылтпаш айттыру, ат ойындары қатарлы ұлттық ойындарымен әрлеп неше күндерге жалғастыра думандатып отырған. Үй, аула тазалау, су көздері мен жол кедергілерін ашу, ағаш егу қатарлы игі істермен де мерекенің мерейін асырып, мазмұнын байыта түскен.
Бүгінгі электрондық тұрмыстық бұйымдар мен қалалық тұрмысқа бой ұра қоймаған ерте дәуірлерде көшпелі қазақ жұртының далалық мәдениетінің қайнар көздерінің бірі қолда бар төрт түлік мал мен аң-ұс және көкнілді орман-шөптерді қалай қорғау, ысрапсыз қалай пайдалану еді. Осы тұста қазақ жұрты алғашқы келетін жыл құсы мен жердің көркі – алғашқы шыққан дала шешегін қуаныштың хабаршысы деп балайтын ырымы да, тыйымы да болған. Мұндағы қар енді алатектеп (ала етектеп) кете бастағанда келетін «жыл торғайы» деп атаған (кей өңірлерде «шыбжық торғай» деп те атайды) қыс торғайынан сұңғақтау қанат-құйрығы ұзын мал мен бірге ұшып-қонып жүретін көксұры торғай мен «көктем хабаршысы» атанған қарлығашқа аса құрметпен қарап, әрқайсы отбасы балаларына олардың жұмыртқасын жарғызбау, балапандарын өлтірмеу үшін:
«Торғай- торғай атым бар,
Бір жапырақ етім бар,
Әкең жауға кеткенде,
Шешең өліп жетім қал!» деп қарғайды деген адамдардың көкейіне қорқыныш ұяалату арқылы балалардың оларға зиян-зақым жеткізуіне қатаң тыйым салған. Сонымен бірге күн нұры толық түсетін саздауыт жерлерге басқа әрқандай гүлшешектерден көп бұрын гүл ашатын «сазшешегі» (көктемгүл) деп аталатын күлгін түсті гүлді де халқымыз жақсылыққа балап жолыға қалғанда тек үлкендер ғана бір талын алып, әуелі, бір искеп жіберіп сосын, «бағың жанып, гүлің ашылсын, қызым» (қыз баланың отырып қалуынан қорқудан туындаған ырым болу керек) деп кішкентай қыздардың ғана тұлымына қыстырып қоятын да ырым болған. Ал ұлдарының да, ересек қыздарының да өз беттерімен үзіп-жұлуына «көкті жұлсаң көктей орыласың!» деп оған да қатаң тиым салатын салт болған.
Міне бұдан тұтас ырыздықтың басы болатын көктемді «жыл басы» (жаңа жыл) деп атап оған соншама құрметпен қарап думандатып өткізетінін көре аламыз.
Жерге құрмет – елге құрмет, салтқа құрмет – санаға жол, қожайындық рухқа бел, ағайын!
Көктем шуақты, ел-жұрт бай-қуатты болғай!
Жұмашәріп Шәһадатұлы Дәндібай
Abai.kz