Тоқаевтың ескертуі: Солтүстікті сақтаңдар!

Құмар Ақсақалов басқарып отырған Қостанайдағы жағдай көңіл көншітпейді. Облыс қазақыланбаған күйде қалып отыр деп жазады Ertenmedia.kz.
«Теріскейде адам азайып жатыр» деген Тоқаевтың Құрылтайдағы сөзінен кейін кейбір аймақ басшылары дереу орнынан кетуі тиіс еді.
Қазақстан үшін ең қауіпті сценарий солтүстіктің біртіндеп босап, болашақта саяси дағдарыс аймағына айналуы.
Қарапайым тілмен айтсақ, бос жерге көз тігетіндер қашанда табылады. Ақсақаловтың әкім ретіндегі стратегиялық біліксіздігі осы қауіпті күн санап жақындату үстінде. Кейінгі кезде оңтүстіктен солтүстікке көшкен қауымның өкпе-реніші мен арыз-шағымы жиілеп кетті. Аймақ басшылығы өңірге орныққысы келетін қазақтілді қауымға қолайлы орта құрудың тетігін әзірлемегенін, тіпті мүлде түйсіне алмай отырғанын байқайсыз. Ақсақаловтың командасы қазақтардың аймаққа не үшін көшіп жатқанын да ұқпайтын тәрізді. Көші-қонға келгенде Қостанай көп өңірден қалыс тұр.
Осы тұрғыдан алғанда, Тоқаевтың «солтүстікті сақтаңдар!» деп дабыл қағуы – Ақсақалов әкімдігіне берілген нақты саяси баға.
Ақсақаловтың ең үлкен қателігі теріскейдің ұлттық қауіпсіздіктің бір компоненті екенін түсінбеуінде жатыр. Қостанай әлі күнге дейін өз ішінен мәдени, тілдік тұрғыдан толыққанды қазақы аймақ болып қалыптасқан жоқ. Қостанайды «қазақтандыруды» кейбіреу құдды бір этникалық тазарту не болмаса біржақты «қазақтарға басымдық беру» деп түсінеді. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің өз іргесін бекіту, ел тұтастығын нығайту үшін жасалатын заңды әрекеті. Өкінішке қарай, бұл мақсатта жұмсалуы тиіс қаржының қайда, қалай кетіп жатқаны сіз бен бізге белгісіз. Қостанайдың елсізденуі Ақсақаловты аса қатты мазаламайтын тәрізді...
Abai.kz