Сейсенбі, 18 Наурыз 2025
Алашорда 242 2 пікір 18 Наурыз, 2025 сағат 13:45

Шоқан қазақта қолданбалы ғылымның негізін қалаушы

Сурет: aqiqat.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Өмірді алға сүйрейтін ғылым-білім десек, оның екі бағыты барын бәріміз де білеміз. Қоғамға соның, яғни гуманитарлық,  әлде қолданбалы ғылымның қайсысы маңызды деген сұраққа, әрине, бірбеткейлі жауап беруге болмайды. Өмірден алатын екеуінің де орны бөлек!

Осман империясы құлдырап, Египет өз алдына бөлініп мемлекет болуға ұмтылған тұста белгілі сұлтан, Европадан соншалықты артта қалып қалғанды орнына келтірмек болып, «әскери, инженерлік ғылымдардан басқасының түкке де қажеті жоқ» деп тапқаны, елдің қарыштап алға кетуін алып келмеді! Олай болса қоғамға ой тастайтын пәлсапа, фантастика, тарих т.б. ғылымдардың да өмірге өте қажет болғаны ғой. Дегенмен, күнделікті өмірде, ғылыми-техникалық прогрестің алдыға жүруіне қолданбалы ғылымдардың алатын орны бөлек, яғни идея басқа да, оны іске асыру басқа дегіміз келеді. Қазіргі қазақ қоғамындағы жастарға сөз емес, нақты білімді игеру алдыңғы орында дегіміз келеді.

Көптеген ғылым түрлері Исламның «Алтын дәуірінде» туындады десек те, Шоқан заманында қазақ қоғамы өмірден артта қалған, тұралаған кезең екеніне де дау жоқ, сондықтан ұлы ғалымымыздың ойшылдық қана емес, нақты ғылымның көптеген түрлерін тамаша меңгеріп, кейінгілерге бағыт көрсеткен ғаламат еңбегі туралы бірер сөз айта кету артық емес болар.

...Әскери, барлаушылық өнерге өте қажетті картография, топография десек, бұл бағытта Шоқанның сызған карталары өзінің дәлдігімен қазіргілерді де таң қалдырады. Әрине, Шоқанның көп жағдайда компастан басқа, нивелир, теодолит т.б. геодезиялық құралдарды өзімен бірге алып жүруге, қолдануға мүмкіндігі де болған жоқ, соның өзінде бойындағы тума талантқа қоса, суретшілік өнерді, математика мен геометрияны жете меңгергенінің арқасында, табиғаттағы ара-қашықтық, биіктік, масштаб т.б. белгілерді ерекше сезіне білгендігі сөзсіз. Бірде қызығып, Шоқан сызған картаның бір фрагментін қазіргі географиялық картамен салыстырып көргенімде, ондағы элементтердің өте дәлдікпен түсірілгенін байқағанда қандай ойда болғанымыз түсінікті шығар. «Әскери іс» кафедрасында сексенінші жылдары карта сызу жөнінде біраз дәріс алып, практикалық тәжірибелер жасағанбыз, оның қаншалықты машақатты, аса бір ыждахатты қажет ететіндігін сол кезде байқағанбыз да. Советтік кезеңде аэрофототүсіру кеңінен қолданылды, қазір космостық жерсеріктері арқылы берілетін бағдарламалар, интернет жүйесі арқылы карта жасау еш қиындық тудырмас та, ал, осылармен салыстыра қарай отырып, өткен кезеңдегі атпен, арбамен жүріп Шоқанның жасаған еңбегінің ғажап екенін сезінуге болады. Жалпы алғанда картографияны ғылымның анасы десек, оны меңгеру үшін жоғарыда айтқан ғылым салаларынан басқа, астрономия, топонимика, ономастика, мәдениеттану сияқты т.б. түрлерін де жете білуі қажет екендігі түсінікті болар...

...Қазіргі күнде Жетісудың солтүстік-шығыс өңіріндегі көлді-сулы аймақ «Балқаш-Алакөл бассейні» аталады. Осы атау бекер қалыптаспаса керек, өйткені, шығыс жақтағы Балқаш көлінің тұзды, минералды суы, қай жағынан болсын, Алакөлдің суына өте ұқсас. Ендігі айтпағымыз, осы көлдердің бағзы бір заманда бір су ресурстарын түзіп, біртұтас көл болғаны туралы теорияны алғаш рет Шоқан айтып, жазған. Олай болса бұл мысал, Шоқанның гидросфера саласындағы гидрология,  гидрогеология пән-тақырыптарынан жақсы хабары болып, терең меңгердігін көрсетеді.

...Тоқсаныншы жылдардың басында ауданымызға голландиялық (қазіргіше айтсақ инвесторлар) мамандардың келгені бар, «табиғаттарыңыз тамаша, ауыл шаруашылығына өте қолайлы екен, бірақ, мүлде қате игеріпсіздер, осы жерлер зерттеліп, ғылыми талдау жасалған ба» деген мағынада сұрақ қойды. Қарсы алушылардың ішінен мен жауап бердім, ойымда ештеме жоқ, «бұл жерлердің агрохимиялық, топырақтану карталары жасалған. Ана тау басынан бері қарасаңыздар Альпілік шалғындардан бастап кезектескен  климаттық белдеулерді көресіздер, топырақтың қарасынан бастап, сұр, солғын каштан түріне дейін ауысқандарын байқайсыздар. Мына біз тұрған жер тау етегі аяқталып, шөлейт-дала-аридтік зона басталған аймақ. Топырақ түріне, құрамына келсек, әне бір жарға қарап, бәрін байқауға болады, яғни алдымен дернина, гумусты қабат, одан төмен топырақ түзуші лесс суглиноктары, құмды-қиыршықтармен аллювиальді-делювиальді шөгінділерді көресіздер...» деп айтып тұрғанмын, өзара бас шайқасып, бір-біріне сыбырлай қалды. Түсіндіргендіктері, «барлығын біле тұра неге экономикалық тұрғыдан тиімді жобаларды игермейсіздер, шынымызды айтсақ, сіздер осынша заттарды біледі деп ойлаған жоқпыз...» дейді.

Бізді қойшы, оқығанымызды айттық, ал осыдан екі ғасыр бұрынға жуық уақыттағы бозбала жастағы Шоқанның жүрген жерлеріндегі жан-жануар, құстар, бауырымен жорғалаушылар, тіпті судағы балық түрлеріне дейін өзбетімен тәптіштеп жазғандарын айтсаңшы! Өсімдік әлемі, олардың түрлерін ажырата біліп, атауларын тізбелегені ше?! Бұларды атағанда қазақша-орысшаға қоса ғылыми-латынша атауларын да келтіргендігін баса айта кетуіміз керек. Олай болса Шоқан биология, ботаника, зоология, герпетология, ихтиология ғылымдарын жоғары дәрежеде меңгерген деп батыл түрде айта аламыз.

...Ғылымның күрделі, аса біліктілікті қажет ететін салаларының бірі жер қыртысының жаралуынан бастап, түгел литосферадағы жердің қатпарларын, құрылысын зерттейтін геология және табиғи химиялық түзінділерді айқындайтын минерология екендігі даусыз. Шоқанның еңбектеріндегі өзі жинаған, талдаған минерал түрлері, олардың аталуын, жоғарыда айтқанымыздай қазақша-орысша және ғылыми-латынша келтіріп жазғандарына, жазып қана қоймай олардың сынамаларын, үлгілерін жинап, олардың маңыздылығына жасаған ғылыми, экономикалық талдаулары еріксізден таңдантады. Ондай үлгілерді өзінің атақты Қашқар сапарынан да ала келген. Бұл мысалдар Шоқанның ғылымның бұл салаларын да жоғары деңгейде меңгергендігін көрсетеді.

...Осы қысқаша шолуымызды қазақ жастарына нақты, қолданбалы ғылым салаларын жақсы меңгерсе, игерсе деген ниетте Шоқанды үлгі ретінде көрсетіп, жасап отырмыз. Өзіндік тарихы, пәлсапасы, ұлттық тәрбиесі жеткілікті халықпыз, ал қазіргі нана, космостық технология заманында жастарымыз ғылыми-техникалық прогресті игеруде ешкімнен кем болмауы тиіс. Қазіргі өмір, тіпті болып жатқан соғыстардың өзі технологиялар заманы екенін анық көрсетіп отырғанын ескерсек, жастарымыз осы бағытқа баса бет бұрулары өмірлік қажеттілік!

...Өте діндар атақты түрік сұлтаны медреселерден діни сабақтардан басқа пәндерді алдырып тастағысы келгенде белгілі ғалымның айтқаны бар: «мәртебелім, алдағы өмірде онда бізге кім көпірлер салып береді, кім қару-жарақтың түрлерін ойлап табады, кім архитектуралық құрылыстарды жүргізеді...»! Олай болса жастарымызға Шоқанның ойшылдығынан басқа, нақты, қолданбалы ғылымның сан түрлі саласын жетік меңгергендігіндей сана, қасиет, талап бұйырсын деп тілейміз...

Азкен Алтай

Жетісулық

Abai.kz

2 пікір