Біздің жақта Наурыз-той үзілген жоқ

Қазір Наурызды бүкіл қазақ дүрілдетіп тойлайды. Кезінде, кеңес өкіметі тұсында бұл ұлық мерекені тойлаудың тоқтап, біраз жылға үзіліп қалғаны, кейін 1988 жылдан бастап қана қайтадан бүкілхалықтық думанды іс-шараға айналғаны туралы баспасөзде біраз жазылды, айтылды. Дегенмен, «ислам дінінен нәр алған ескіліктің сарқыншағы» ретінде аластатылған (анығында Наурыз – бұдан бес мың жылдай бұрын, ислам діні пайда болмай тұрып-ақ көктем мерекесі, еңбек мерекесі ретінде қалыптасқан) Ұлыстың ұлы күнін атап өтуді сол кеңес заманының өзінде-ақ аймақтар да жоқ емес. Мәселен, қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал-Жетісай өңірі.
«Біздің жақта қыс ұзақ» (О.Бөкей) емес, керісінше, өте қысқа. Мәселен, биылдыққа жарытып қар да жауған жоқ. Мақтааралдықтар қарды өткенде Жаңа жыл қарсаңында ғана көрді-ау, сірә. Сол себепті, бұл өңірге көктем де ерте келеді. Ұлыстың ұлы күні жақындағанда көк кәдімгідей көтеріліп қалады. Наурыздың келгенін білдіріп наурызторғай (нәуірзек) ұшып жүреді. Әлі есімде, мереке күні әжелеріміз, аналарымыз таң азанмен наурыз көже пісірудің қамына кіріседі. Кейде үш-төрт үйдің көжесі біріктіріліп, үлкен бір қазанға құйылады. Кейде ауылдың шетіндегі кең жазыққа арнайы қазан көтеріп, көжені сонда пісіріп жататын. Наурыз көжеге біреулер жеті түрлі, біреулер тоғыз түрлі дәм қосады деп жатады ғой. Біздің жақтың көжесіне осындай зерттеулерде, тізімдерде кездесе бермейтін маш, лобия (фасоль), асбұршақ, кеспе де қосылып кете беретін. Мұны әр аймақтың ас мәзіріне тән өзгешеліктермен түсіндіруге болатын сияқты. Әйтеуір ол кезде мектепте оқитын біз сабақтан шыққан соң біраз ойынның түбін түсіріп болғаннан кейін үйге соқпай, бірден қазан асып, түтін шығып жатқан жаққа қарай құстай ұшатынбыз. Біз үшін сол көжеден дәмді ас жоқ секілденетін.
Біздің үйдің ауласы кең еді. Сондықтан ба, бір көшеде тұратын бірнеше әулет Наурызды біздің аулада жасайтын. Әкем салған, 40-50 адам сыйып кететін төбесі жабық дәу тапшанға кілем төселіп, көрпе салынып, дастархан жайылып, бауырсақ шашылатын. «Ассалаумағалейкүм! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» десіп сәлден соң ақ сәлделі ақсақалдар, немерелерінің бірін арқалап, бірін жетектеп ақ кимешекті әжелер келе бастайтын. Келін-кепшік таң атпай-ақ біздің үйден табылып, ас қамына кірісіп кететін. Көже дайын болып, бәрі дастарханға отырған соң, әуелі аруақтарға бағышталып Құран оқылатын. Содан соң арқа-жарқа қауқылдасып, ағайын-жұрт әжік-күжік әңгімеге кірісетін. Ол уақытта «Жетісайдағы жиенің үшкөл директор бопты ғой, біздің баланы да бірдеме ғып жұмысқа кіргізсін дә...» деген секілді ұсақ-түйек пендеуи нәрселерді сөз қылатын бүгінгінің иегіне шыбын тайып жығылардай көсе шалдар аса көп болмады ма, әлде біз бала боп аңғара қоймадық па, әйтеуір сол кездің қарияларының әңгімелерінде бір имани леп бар еді. Ата-бабалар ерлігі, өлкенің өткен-кеткені, көшелі ақсақалдардың өнегесі, солардың өмірінде болған түрлі оқиғалар – босаға жақта отырып, ол кісілердің әр сөзін қалт жібермей, қызыға тыңдайтынбыз.
Шай ішіліп, маңдайдан пора-пора тер аққан шақта әкем бізге ескі магнитофонды алдыратын. Үйде «Мұңлық-Зарлық», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек» және т.б. қисса-дастандардың күйтабақтары бар болатын. Солардың бірінен соң бірін қойып, шал-кемпір, бала-шаға түгел сілтідей тынып тыңдайтын.
Қазір осының бәрі өзге түгілі, өзіме де ертегі тәрізді. Рас, ол кезде Наурыз – арнайы киіз үй тігіп, ауыл, аудан басшылары бас-көз боп, жоспар құрып жасайтын мемлекеттік мереке емес еді. Ол тек дәстүр ғана болатын. Әкеден көргенін баласы қайталайды, оның ісінен немересі үлгі алады. Наурыздың қанша қарсылық көріп, тыйымға ұшыраса да, үзілмей жалғасып келе жатқаны да сол ұлт тіршілігіне, санасына, салтына кірігіп кеткен өміршеңдігінен шығар. Ал қазір Наурызды қаншалықты есте қаларлықтай етіп өткізіп жүрміз – өз алдына бөлек мәселе...
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz