Сенбі, 29 Наурыз 2025
Билік 579 0 пікір 26 Наурыз, 2025 сағат 13:04

Қоқыс өңдеу қарқыны неге төмен?

Сурет: primeminister.kz сайтынан алынды.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде не себепті қоқысты өңдеу жобаларының жүзеге асуы баяу жүріп жатқанын түсіндірді.

«Өткен жылы 94 жобаны қолға алғанбыз. Соның тең жартысына жуығы орта жолда тоқтады. Оның бірден-бір себебі компаниялардың өздері инвестжобаларын дұрыс жасай алмауы, экономикасын есептеп бере алмауы болды. Екіншіден, көптеген компаниялар техника аламыз деген компания болатын. Жобалар утильтөлемнің ақшасына іске асырылатын болғасын, біздің басты талап — өзіміздің жергілікті автоөнеркәсіптің техникасын алу. Кейін олар Қытайдан арзан таптық деген секілді ұсыныстар айтты. Бірақ біздің шартымыз өзгермеді», — деді ол Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, техника алуға берілгелі отырған несиенің шарты өте қолайлы: 15 жылға 3 пайызбен және алғашқы екі жыл каникулы бар.

«Тағы бір себебі — әкімдіктер тарапынан дер кезінде тездетіп жер берілмеуі. Осы себепті жобалардың 40 пайызы жүзеге аспай қалды», — деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы мұндай жобаны қолға алуға ниетті, бірақ құжат жағына шорқақ кәсіпкерлерге көмек көрсетілетінін айтты. Дәлірек айтқанда, өңірлерде биылдан бастап мұндай әр жобаға жергілікті әкімдіктен бір-бір маман бекітіліп, соған жауапты болады.

Abai.kz

0 пікір