Шығанға шыққан «шексіз» әлем. Сұмырай Сурковтың сандырағы

Бұларға да тыным жоқ екен!
Ресей президенті Путиннің бұрынғы көмекшісі, «басқарылатын демократия» мен «жаңаресей» идеологемаларының авторы Владислав Сурков француздың «L’Express» басылымының Ресейдің шекарасы туралы сауалына берген жауабында былай деп көсілген екен: «Орыс әлемі шексіз. «Орыс әлемі» Ресейдің мәдени, ақпараттық, әскери, экономикалық, идеологиялық, гуманитарлық ықпалы қандай да болсын дәрежеде енген кез келген аумақта. Біздің ықпалымыздың шоғырлануы әр аймақта әртүрлі, бірақ ешбір жерде нөлдік деңгейде емес. Сол себепті біз барлық бағытта кеңейе береміз, ал ар жағын, қаншалықты Құдай қалағанша және ресурсымыз жеткенше көре жатармыз».
«Орыс әлемі дегеніміз не? Бұл идея күні кеше дүниеге келген жоқ. Есімде, бұл түсінікті біз екімыңыншы жылдардың басында, мерекелік даталарымызды қайта қараған тұста енгіздік», - деп былшылдайды кеп РФ үкіметінің бұрынғы вице-премьері.
Оның сөзіне құлақ ассақ, «ол кезде үкімет алдында ел аумағын кеңейту туралы мәлімдеу, бірақ оны абайлап жүзеге асыру міндеті тұрған»
Сандалбай Сурковқа салсаңыз, «Орыс әлемі» - Ресейден де ауқымдырақ ұғым. Біз бөлшектеніп қалған халықпыз, біздің ықпалымыз шекарамыздан да асып жатыр. Орыс әлемі – адамдар орысша сөйлейтін, орыс мәдениетін құрметтейтін, оны абайлап жүзеге асыру Біздің ғалымдарды, жазушыларды, мәдениетімізді сыйлайтын жерлер – бәрі-бәрі орыс әлемінің құрамдас бөліктері. Кез келген ұлт осындай ықпалға ие емес».
Әрине, ресейлік пропагандостардың осы іспеттес, арандатушылық сипаты бар, тәуелсіз мемлекеттерді мансұқ ететін сөздеріне жүйелі түрде жауап беріп келеміз. Жалпы алғанда, не деп, не қоятынымыз да бесенеден белгілі.
«Сұмырай Сурковтың сандырағы!», - деп, қысқа қайыра салуға болар еді.
Алайда, жауапты нақтылай түсуге мәжбүрлейтін бірнеше себеп бар.
Біріншіден, Сурков ресми қызметтерден кетсе де, Кремльге ықпалын сақтап қалған тұлға. Қазақша айтсақ, сау сиырдың боғы емес. Оның үстіне, кезінде ол басында тұрған «орыс әлемі» доктринасы туысқан халқына қарсы соғыс ашып, орыс әлемін қарудың күшімен кеңейтіп жатқан қандықол Кремльдің басты қағидатына айналғаны рас.
Екіншіден, өзінің жауабында орыс әлемінің таза гуманитарлық сипаттарына қоса Сурков «әскери» ықпал туралы ашық айтып отыр. «Әскери» деген сөздің астары түсінікті, ол дегеніңіз орыс әлемін орнықтыру жолында күш қолдану, соғыс ашу дегенге саяды. «Біз барлық бағытта кеңейе береміз» деген тұжырым басқыншылықтың бағыттары әртүрлі болуы мүмкін деген сөз. Ал басқа бір елдің жерін басып алу географиялық жағынан алдымен көршілерден басталатыны түсінікті. Сол көршілер қатарында біз де бармыз.
Үшіншіден, орыс әлемін кеңейтуді «абайлап жүзеге асыру» дегеннің де астары сұмдық: ол дегеніңіз Путин билігінің «Қазақстан – біздің көршіміз, одақтасымыз, стратегиялық әріптесіміз» деген жария сөзіне шіли сене беруге болмайды деген сөз.
Төртіншіден, иә, рас, тарихымыздың белгілі бір кезеңінде орыс тілі арқылы әлем руханиятына жол таптық. Орыс мәдениетінің озық, адамсүйгіш, гуманистік идеяларға негізделген үлгілерінің оң роль атқарғанын мойындаймыз. Алайда, бүгінде орыс мәдениеті бұрынғы монополияға ие емес, көп дегенде әлем мәдениетінің бір бөлігі ғана ретінде қабылданады. Оған қоса, өзін тек қана күшпен, қарумен, қоқан-лоққымен мойындатқысы келетін орыс әлемі бүгінде басқыншы әлем ретінде бағаланып, абырой мен беделден, құрматтеу мен сыйлаудан жұрдай болғаны да – өмір шындығы.
Бесіншіден, «біздің Путинді көп жерде сыйлайды» деген сөз де Ресей Украинаға қарсы соғыс бастаған кезден шындыққа жанаспайтыны да рас емес пе? Әйтпесе, барша өркениетті әлем Ресейге санкциялар жарияламас еді. Путин бүгінде саяси жағынан оқшаулауға ұшыраған басшы. Ол өзімен бірге орыс әлемін де аласталған әлемге қарай тартып, тұтас бір ұлтты өркениеттік тығырыққа тіреп қойды.
Алтыншыдан, Сурковтың «орыс әлемін кеңейту» қажеттігі туралы сентенциясы АҚШ-тың жаңа басшылығының Ресейдің басып алған өз аумақтарынан Украина бас тартуы мүмкін деген келісімпаздығына тұспа-тұс келіп отырғанын қайтерсіз! Құланның қасуына мылтықтың басуы, Путиннің аспаннан іздеген жерден табылып отыр емес пе?!
Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды. Бұл сұхбатқа батыс әлемінде орыс әлемінің басқа әлемдерді тәрк етіп, кеңей беруі мүмкін деген идеологеманы заңдастыру әрекеті деп қарай керек.
Міне, осы (және басқа) себептер Сурковтың мына ойлары мен арам пиғылына ерекше мұқият қарап, оның мүмкін болар саяси салдарының алдын алуға мәжбүрлейді.
Әйтпесе, мынадай, күллі әлемге жар сала, бар дауыспен айтылған «ымды» түсінбеген дымды түсінбейдінің» кері келіп, масқара болуымыз әбден ықтимал.
Әміржан Қосан
Abai.kz