Ресей, АҚШ, Қытай - Арктикадағы үш қошқар

Қазір АҚШ пен Ресей арасында даулы екі аймақ бар. Оның бірі – Украина болса, екіншісі – Арктика. Асты тұнып тұрған байлық Арктиканы КСРО бауырына басып келді. Оның шалығы Путлерлік Ресейге жұқты.
Жағдаймен таныс адамдардың айтуынша, америкалық және ресейлік ресми тұлғалар Арктиканы экономикалық ынтымақтастық үшін ықтимал сала ретінде айқындады. Бұл президент Дональд Трамптың Мәскеумен өткізуді көздеп отырған кең ауқымды пікір таластың бір бөлігі болып табылады.
Таяу уақытқа дейін Кремльдің АҚШпен «Арктиканы ашу» жөніндегі ұстанымы үзілді-кесілді болып келді. Сөз қозғалмайтын жабулы тақырып еді. Ресей Солтүстік флотының қолбасшысы Александр Моисеев: "Өзіміз игеретін боламыз, өзіміз әзірлейтін боламыз, ал біреу қолын созатын болса, ойланбай-ақ шауып тастаймыз. «Арктика - болашақ қақтығыстың әлеуетті өңірі», - деп мәлімдеді.
Оның үстіне мұндай қатаң ұстаным «дос емес» Батысқа ғана емес, тіпті тоның ішкі бауырындай болып кеткен Бейжіңге де қатысты болды. ҚХР мен Солтүстік теңіз жолын (СТЖ) бірлесе игерудегі ынтымақтастық жобаларының барлық «бақылау пакеті» Ресейге тиесілі болмаса, Кремль ашықтан-ашық саботаж жасап келді.
Жақында ғана Ресей Солтүстік флотының қолбасшысы Александр Моисеев Ресей Арктикада империализммен бетпе-бет келетінін ескертіп бір шабынып алды.
Ал Арктиканың ресейлік жағалауын нығайтуға ақшаны аямай салу басталып, нәтижесінде мәңгілік тоңда және қар басқан тундрада әуеайлақтар, РЛС және ЗҚҚ (ПРО) станциялары, гарнизондар, зымыран батареялары және өзге де әскери инфрақұрылым пайда болды. Путин режімі оған жыл сайын 1,9 миллиард доллар жұмсап келеді. Оған ресейлік мамандар "Бізге соншалықты шабылып керегі не? Құйылған ақша өзін ақтамайды ғой!?", - деп, зар қақсағанымен билік басындағылар "керек! "деп қатты жауап беріп ауыздарын жапқызды.
Кремльдің бұл кездегі үкілеп алға тартқан негізгі жоспары - Арктикадағы Менделеев кестесін толық қамтитын байлықтың барлығы қанша қаржы жұмсасаң да, еш артық болмайды, бәрі өзін ақтайды деген көзсіз сенімі болды.
Мәскеудің Арктикаға қатысты осындай бірбеткей ұстанымына берік негіз бар ма? Тура айтатын болсақ - иә, бар. Болған және солай болып қала береді. Кейбіреулер әлемнің осы бөлігіндегі мұздың еруін «жаһандық жылыну» десе, енді біреулер «шағын мұздық кезеңнің» аяқталуы деп атайды. Табиғаттың осы оқысы қылығы жаңа теңіз сауда бағыттарын өмірге әкеліп, әрі бұрын қол жетімсіз болған арктикалық қайраңның қазбаларына қолжетімділік дәуірінің есігін ашады.
Сол себепті, әлемнің азулылары мен мықтылары осы аймақ үшін күреске шындап дайындалуда. Сондықтан Трамптың Гренландияны игеруге деген ұмтылысын тек осы жағынан ғана түсіндіріп ұғынуымызға болады. Осы ұлы көштен қалғысы келмеген Қытай 2018 жылы өзін «Арктикаға жақын қағанат (держева)» деп жариялап, халықаралық Арктика Кеңесінде өздеріне тиселі орынды талап етті. Тіпті өткен айда АҚШ қолбасшылығы жаңа 267 парақты «Арктикадағы операциялар жөніндегі нұсқаулықты» қабылдады.
Біз жоғарыда орыстардың өз жағалауын қалай бекемдеп жатқанын сөз еттік. Сонымен үш ел әзірше өз әлеуетіне орай саяси тірлік етіп жатыр. Азуы мен тырнағы бар өзге елдер де Артикалық бәліштен үмітті. Бірақ бастары бір қазанға сыймайтын үш қошқар бөлініп те шыққаны әлемге аян болды.
АҚШ, Канада, Финляндия, Дания және Норвегия қарулы күштерінің «арктикалық» бөлімшелері қатысатын НАТО-ның «Joint Viking» әскери жаттығуы дағдылы Nordic Response, Arctic Forge, Arctic Dolphin және Joint Warrior сияқты тұрақты құбылысқа айналып отырған жайы бар.
Арктика, дәлірек айтсақ, оның ресурстары мен жаңадан ашылып жатқан мүмкіндіктері баршаға қажет болуда. Әркім полярлық бәліштің өздеріне тиуге тиіс мөлшерін шамаларына қарай бағалап жатыр. Тіпті бірнеше жыл бұрын өзінің арктикалық амбициясын жария еткен Үндістанды бұл ұлы көштен қағыс қалдыра алмайсың.
Оған қоса, Ресей Арктикада өзін тым өрескел әрі агрессивті ұстауы әбден мүмкін. Бұның басты себебі Мәскеу мұзжарғыш флот бойынша да, арктикалық сыныптағы басқа да кемелері бойынша да, Арктикалық жобаларды қаржыландыру бойынша да тіпті АҚШ-тан да асып түсті. Америкалықтар әр центі үшін амалсыздан Конгресспен келісуі керек болса, ал Ресейде бұл бұйрықпен бір күнде жүзеге асырыла салады. Әрі президенттік бағдарламалардың арнайы қорынан ақша жұмсалады. Не істелініп не қойлыатыны бүкіл әлем үшін толық құпия күйінде қалып отырады.
Бірақ ресейлік арктикалық бағдарламалар үшін алтын ғасырдың желкесін Украинадағы соғыс үзіп, полярлық әскери инфрақұрылымды ұстау бір мезгілде бюджет үшін ауыр жүк болып шықты. Жалпы технологиялық артта қалушылық өз дегенін істеп, мұзжарғыштардағы, зерттеу кемелеріндегі электрондық жабдықтар Оңтүстік Кореядан болғандықтан, оларды Ресейде жасауға тырысушылық дағдарысқа ұрындырды.
Әлеуетті жоғары НАТО Ресейлік Арктикалық қатерге «Joint Viking» дәстүрлі әскери жаттығуымен жауап берді.
Жақында Теңіз алқасының төрағасы Николай Патрушев: «Ресейлік ғылыми-зерттеу флотының құрамы мен жай-күйінің теңіздегі ғылыми зерттеулер саласында біздің еліміздің алдында тұрған міндеттер ауқымы мен қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмеуі – елімізге арктикалық зерттеулер саласындағы көшбасшылығынан айрылу қаупін төндіреді»,-деп жария түрде мәлімдеді. Бұл ретте, «соңғы 30 жылда флот ескіріп, адам айтқысыз деңгейге дейін қысқарды. Ғылыми кемелердің орташа жасы шамамен 34 жасты құрап, 80%-дан астамының әбден тозығы жетіп отыр. Оларды пайдалану қазіргі заманғы шетелдік аналогтарға қарағанда едәуір қымбатқа түседі» деген төрағаның сөзінің астарында көп нәрсе бұғып жатыр.
Бірақ мұның бәрі де осымен бітпек емес. Дәл қазір Путиндік Ресей үшін Арктикалық қайраңда геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды алу технологияларына байланысты түрлі проблемалар туындады. Қолға алынғанның бәріде керемет һәм ғажайып болып көрінгенімен түптеп келгенде Ресейде ондай технологиялардың жоқтығы анықталды. Орекеңдер қысылған шақта жүгінетін қытайлықтарда да жоқ, себебі олар айналыспаған, мұрындарына исі де бармайды. Оның үстіне, мысалы, ресейлік солтүстік теңіздердің қайраңындағы мұнайдың коммерциялық қорына қатысты нақты дәлел жоқ.
Әлемге әйгілі сарапшы Михаил Крутихин: «Энергетика министрі Сергей Цивилев Ресейдегі қайраңдағы мұнай қоры 32 жыл бойы өндіріске жетеді, ал Арктикадағы барланған мұнай қоры шамамен 17 млрд тоннаны құрайды, деп сайраған кезде ол не айлакерлік жасайды, не теңіздегі қорларды жағалау өңірлеріндегі қорлармен араластырады, не қорларды дәлелденбеген гипотетикалық ресурстармен шатастырады",-деп жазады.
Мұнай қоры қанша және Ресей оны Арктикада өндіре ала ма?
Екіншіден, ресейлік Арктиканың қайраңдық мұнайы айтарлықтай салық жеңілдіктері жағдайында да тиімсіз, демек инвесторлар үшін тартымсыз болып қала береді. «Лукойл» компаниясының стратегиялық даму жөніндегі бұрынғы вице-президенті Леонид Федун 2019 жылы былай деп айтқан болатын: «Біздің болжамымызға сүйенсек, бұл ең қымбат мұнай болады. Рентабельділік болу үшін мұнай $100 плюс бүгінгі технологияға негізделуі тиіс».
Мәселенің түйіні бүгінде Ресей Арктиканы өз бетінше игере алмайды. Мәскеу Трампқа экономикалық негіздеме бермей, басы бүтін көзді жұма кірісіп кеткен жағдайда америкалық президент қалай әрекет ететінін көре жатармыз.
Қытайдың да өз есебінен жаңылмайтынын қаперде ұстайық.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz