Сейсенбі, 1 Сәуір 2025
Билік 1466 0 пікір 29 Наурыз, 2025 сағат 20:17

Қазақстанның көпвекторлы саясаты және ЕО-мен стратегиялық әріптестігі: Кая Калластың сапары

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Соңғы жылдары Қазақстан мен ЕО арасында жаңа инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық бастамалар қарқынды дамуда. Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестік Қазақстан үшін аса маңызды.

Ал Еуропа үшін Қазақстанның ресурстары, оның ішінде уран мен сирек металдар құнды болып табылады. Сондықтан да Кая Каллас ханымның Қазақстанға сапары ЕО мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің нығаюына жаңа  мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесуінде қол жеткен уағдаластықтардың нәтижесі болып табылады. Атап айтсақ, визалық режимді жеңілдету және транскаспий жобалары бойынша келіссөздер басталды. Осыған байланысты отандық сарапшылар өз пікірлерін білдіруде. Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов, Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық тек экономикалық емес, сонымен қатар геосаяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін де маңызды деп санайды.

Қазақстан мен Еуроодақпен 29 бағыт бойынша әріптестік орнатып отыр

«Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап Орталық Азиядағы ең ірі экономика және саяси тұрғыдағы белсенді мемлекет ретінде өзінің өңірлік көшбасшылық позициясын қалыптастырды. Бұл тұрғыда Қазақстанның өңірдегі көшбасшылығы оның көпвекторлы дипломатиялық бастамалары болып табылады. Ел басшылығы Орта Азия мемлекеттері арасындағы диалогты нығайту үшін кеңесші кездесулер, бейресми саммиттерге ұйытқы болып келді. Әсіресе 2022 жылы шілдеде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Президенттері қол қойған Орталық Азияны дамыту туралы декларация өңір елдерінің ынтымақтастыққа даяр екенін көрсетсе, бұл үрдісті Еуроодақ та құптап отыр. Сонымен қатар 2022-2023 жылдары Орталық Азия басшылары мен Еуропалық Кеңес Президенті бірінші жоғары деңгейдегі кездесулерді өткізді. Еуроодақ пен Орталық Азия елдері қарым-қатынастарын тереңдету жөніндегі бірлескен жол картасы қабылданған болатын. Яғни бұл бастамалар Қазақстанның өңірде күн тәртібін қалыптастыруға және көршілес елдермен өзара сенімді нығайтуға ұмтылатынын көрсетеді. Одан бөлек, Еуропалық одақпен қарым-қатынасты айтсақ, бұл Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды стратегиялық бағыттардың бірі. Өйткені Еуроодақ Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі, сыртқы сауданың 28% астамы осы Еуроодақ елдерінің үлесіне тиесілі. ЕО - Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция салушы №1 сыртқы инвестор. Тікелей инвестициялардың 50 % астамы осы ЕО елдерінен келеді. Нақты көрсеткіштерге келсек, әлем бойынша Қазақстан уран өндірісі бойынша көш бастап тұр. Ал Еуропа болса атом энергетикасы үшін уранның 21 % жеткізіп отыр. Сондықтан Қазақстанның табиғи ресурстары Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды роль атқарады. Одан бөлек, Қазақстан мен ЕО арасында 10 жыл бұрын кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, Қазақстан Орталық Азияда мұндай стратегиялық келісімге келген алғашқы және жалғыз мемлекет. Аталмыш келісім 2020 жылы күшіне енген кезде сауда-инвестиция, энергетика, экология, көлік, білім, мәдениет,  жалпы 29 бағыт бойынша кең ауқымды әріптестікті орнатып отыр. Бұл келісім Қазақстан мен ЕО жоғары деңгейдегі өзара сенімді қарым-қатынасының нақты көрсеткіші. Сондықтан қазіргі таңдағы Еуропа Қазақстанды орта держава ретінде мойындайды», - дейді саясаттанушы.

Қазақстанның көпвекторлы саясаты: Егемендік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты құрал

Қазбек Майгелдиновтың айтуынша, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан қалыптасқан және бүгінгі дейін өзектілігін жоғалтпаған стратегиялық ұстаным.

«Мемлекетіміз өзінің ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету үшін әлемнің басты күш орталықтарының ешқайсына бір жақты артықшылық бермей теңгерімді қарым-қатынас ұстанып келеді. Сондықтан еліміз жаһандық турбуленттілік жағдайында прагматикалық көпвекторлықты дамытуды одан әрі жалғастыруға ниетті. Президент Тоқаевтың бүгінгі таңдағы көпжақты мультивекторлық саясатты одан әрі күшейтіп жатқаны - ел егемендігін нығайту қадамдарының бірі. Мемлекет басшысы халықаралық қатынастарда өте икемді тактика ұстана отырып, ұлттық мүдде мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сыртқы қысым күшейген, геосаяси қақтығыс жағдайында біздің көпвекторлық сөз жүзінде емес, нақты салмақты дипломатия құралына айналды. Мысалы атом энергетикасын дамытуға қатысты Астана Ресей, Франция, Қытай технологияларын қарастыра отырып, АЭС құрылысына көпжақты консорциум тәсілін таңдап отыр. Бұны ядролық көпвекторлық деп атаймыз. Бір ғана державаға тәуелді болмай, озық технология мен жақсы жақтарды таңдау мақсатында осындай шешім қабылданды. Сонымен қатар, әлемдік деңгейде трендке айналған сирек металдар бойынша, Қазақстан сирек металдар пайдалы қазбалар секторында түрлі әріптестермен жұмыс істеп жатыр. Германия және Франциямен литий және басқа металдар бойынша жасалған келісімдер осының айғағы. АҚШ-пен де Президент кездескен кезде осы сирек металдарды бірге барлау оны одан әрі қолдануға байланысты келісімдерге келуге ыңғайланып жатыр. Сондықтан ұлттық мүдде ғана емес, аймақтық ықпалдастық стратегиясынан қарайтын болсақ, көпвекторлы саясат елімізге Орталық Азия аймағында жетекші модератор болуға мүмкіндік беріп отыр. Астана сыртқы күштердің мүдделерін теңестіріп, өңірлік мәселелерді шешуде шешуші рөл атқарып келеді. Мысалы, АҚШ-тың С5+1 форматы, Қытайдың Орталық Азия саммиті және Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі кездесулері – бұл бәсекелі форматтар. Қазақстан осы барлық форматтарға қатысып, белсенді позиция ұстана отырып, өз мүддесін қорғауда сыртқы ойыншылардың өңірге ықпалын үйлестіруге тырысады. Осылайша, еліміздің көпвекторлы саясаты геосаяси жағдайларға бейімделіп, даму үстінде. Қазақстан Ресей, Батыс, Қытай және ислам әлемімен тең қарым-қатынастар орнатып, сыртқы қысымдарға төтеп бере отырып, оларды өз пайдасына айналдыра алатынын дәлелдеді. Алдағы уақытта Астана жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін әріптестік желісін кеңейтуді жалғастырады», - деді сарапшы.

Кая Калластың сапарының маңызы

Саясаттанушы Қазақстан ЕО қатынастарына да жалпылама шолу жасап, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастың әріптестік деңгейін талдап берді.

«Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынас соңғы онжылдықта үлгілі әріптестік деңгейіне көтерілді. 2015 жылы қол қойылған және 2020 жылы күшіне енген кеңейтілген Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім екі тараптың ынтымақтастығын институционалды тұрғыда бекітті. Бұл келісім саяси диалогтан бастап, энергетика, сауда, білім және қоршаған ортаны қорғауға дейінгі көптеген салаларды қамтиды. Еуропалық Одақ Қазақстанның 2050-2060 жылдарға дейінгі көміртегі-бейтараптық стратегиясын жүзеге асыруды қолдап отыр, сондай ақ жасыл технологиялар мен тәжірибе алмасу мәселелері бойынша өзара ынтымақтастыққа дайын. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен ЕО-ның әріптестігі қазіргі геосаяси жағдайларда ерекше маңызға ие. 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін, ЕО балама серіктестерге бет бұрып, Қазақстанды сенімді энергетикалық серіктесі әрі шикізаттың маңызды көзі ретінде таныды. Бұл елімізге соңғы жылдары Еуропалық Одақтан 8 млрд доллар көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік берді, оның үлкен бөлігі тау-кен, өңдеу өнеркәсібі мен транспорттық инфрақұрылымға бағытталды. ЕО мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік көлік дәліздері мен энергетика саласында да үлкен рөл атқарып келеді. Ресейдің мұнай-газ импортындағы тәуелділіктің саяси тәуекелдерге айналуы Қазақстанды Еуропа үшін басты балама ретінде танытты. Осыған байланысты, Қазақстан өзінің мұнайын Әзербайжан арқылы «Баку-Джейхан» құбырымен экспорттауды қарастыруда», - деп айтты Қазбек Майгелдинов.

Айта кетелік, Кая Каллас - Эстонияның бұрынғы премьер-министрі, қазіргі уақытта ЕО саяси істері бойынша жоғарғы өкілі. Оның Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарды нығайтудағы маңызды кезең болып отыр. Сапар барысында түрлі мәселелер талқыланды, оның ішінде Ресей мен Украина арасындағы соғыстың салдары, көлік инфрақұрылымы, шикізат, сирек металдар, энергетика және білім салалары да бар.

Қазбек Майгелдиновтың айтуынша, ЕО мен Қазақстан арасындағы әріптестік келіссөздері арасында визалық режимді жеңілдету туралы уағдаластықты бастау - азаматтарымыз үшін аса маңызды.

«Визалық режимді оңайлату - қарапайым азаматтар, студенттер мен кәсіпкерлер үшін  маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар, транскаспий жобалары мен көлік-логистикалық әлеуетті пайдалану мәселелері бойынша алғашқы келісімдер жасалды. Президент Тоқаев Еуропалық Одақты сенімді серіктес деп бағалап, жаһандық тұрақсыздық жағдайында барлық түйткілдерді тек дипломатиялық жолмен шешу маңызды екенін атап өтті. Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестік өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға, аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға және сыртқы саясатын маневрлау мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді. Ал ЕО үшін Қазақстан - ресурстық қауіпсіздік, жаңа нарықтар мен Азияға ашылған жаңа қақпа болып табылады», деп қорытындылады саясаттанушы.

Автор: Меруерт Райым

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар