Елімізде 1-сәуірден бастап не өзгереді?

Оқушылардың соңғы оқу тоқсаны басталады
1 сәуірден бастап оқу жылының IV тоқсаны басталады. Төртінші тоқсанда оқушылар 8 оқу апта оқиды. Сөйтіп 25 мамырда оқу жылын қорытындылайды.
Көлік салығын төлемегендер айыппұл арқалайды
2024 жылға көлік құралдары салығын төлеу мерзімі 2025 жылғы 1 сәуірде аяқталады. 2024 жылға салықты есептеу кезінде 2024 жылы қолданылған айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге мөлшерінде қолданылады.
1 сәуірден бастап салықтың кешіктірілуіне айыппұл есептеледі. Қарызды өтеу үшін борышкерге хабарлама жіберілгеннен кейін 30 жұмыс күні беріледі. Қарыз мөлшері 1 АЕК-тен асқан жағдайда салықтық бұйрық шығарылады. Егер қарыз өтелмесе, сот орындаушылары есепшоттар мен мүлікті бұғаттауы мүмкін.
Мопедтерді тіркеу міндеттеледі
Биыл 5 сәуірден бастап мопедтер ресми түрде механикалық көлік болып саналады. Сондықтан оларды пайдалану үшін бірқатар құжат болуы қажет.
2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтерді пайдалану үшін полицияда тіркелу, А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі, техникалық байқаудан өту және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисі қажет болады.
Тіркелу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына мынадай құжаттармен жүгіну қажет: жеке куәлік (электронды түрі де болады), техникалық құжаттама немесе мопедтің техникалық сипаттамасы.
Осыдан кейін өтініш толтырып, мопедті тексеруден өткізген соң қажетті мемлекеттік бажды төлеу керек.
2025 жылдың 5 сәуірінен бастап тіркелмеген мопедтерді жүргізуге және A1, A немесе B санаттары бойынша жүргізуші куәлігінсіз жүруге болмайды.
Сәуірде қанша күн демаламыз?
Сәуірде мемлекеттік мерекелер жоқ, сондықтан 5 күн жұмыс істейтіндерде 8 демалыс күні, 6 күн жұмыс істейтіндерде 4 демалыс күні болады. Яғни бұл айда демалыс күндері тек сенбі мен жексенбіге сәйкес келеді.
Сәуір айында қазақстандықтар 8 күн демалады:
5, 6, 12, 13, 19, 20, 26, 27 сәуір.
Мынадай кәсіби мерекелер мен атаулы күндер бар:
- 6 сәуір (сәуірдің бірінші жексенбісі) – Геологтар күні
- 12 сәуір – Ғылыми қызметкерлер күні
- 15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні
- 21 сәуір – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күні
Бірінші сыныпқа құжаттар қабылдау басталады
Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2025 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.
«Білім туралы» заңға сәйкес, 1-сыныпқа ата-анасының өтініші бойынша балалар 6 жастан бастап қабылданады. Құжаттарды мемлекеттік egov.kz электрондық үкіметі, сондай-ақ қағаз нұсқада 1 сәуір - 31 тамыз аралығында тапсыруға болады.
Қазақстанда қағаз түріндегі еңбекке жарамсыздық парағы жойылады
2025 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанда тек цифрлық форматтағы еңбекке жарамсыздық парақтары қолданылады. Бұл өзгеріс азаматтардың медициналық мекемелермен өзара байланысын жеңілдету мақсатында енгізіліп отыр.
Жаңа жүйе арқылы еңбекке жарамсыздық туралы мәліметтер тікелей жұмыс берушіге жолданады, сонымен қатар, бұл құжаттарды қолдан жасау қаупін төмендетуге көмектеседі.
Электр энергиясының тарифі көтеріледі
Ақтөбе облысында 1 сәуірден бастап электр энергиясының тарифі қымбаттауы мүмкін. Қазіргі 34,64 теңге болатын 1 кВт/сағ құны 46 теңгеге дейін өсуі ықтимал.
Егер айына 172 кВт электр энергиясы жұмсалса, жарыққа кететін шығын 1225 теңгеге ғана артады, — деп түсіндірді “Энергосистема” ЖШС сату департаментінің директоры Әлбек Дусмұхамбетов.
Электр энергиясын сатып алу бағасы 17,83 теңгеден 18,17 теңгеге дейін көтерілмек. Сонымен қатар, электр энергиясын жеткізуге кететін шығындар мен жабдықтау үстемесі де 1,60 теңгеге дейін өседі.
Дереккөз: BAQ.KZ
Abai.kz