Ленин жолдасты да Құдайдай көруші едік...

22 сәуір кезінде Кеңес үкіметінің негізгі мемлекеттік мерекесі болып табылатын. Бұл мерекенің тарихы Кеңес одағының ыдырауымен және коммунистік идеологияның жойылуымен аяқталды. Бұл мереке «дүниежүзілік пролетариат көсемі» – Ленин жолдасты «құдайландырумен» және культін құрумен тығыз байланысты болғаны даусыз.
КСРО-да мектептерде, жоғары оқу орындарындағы тарих сабақтарында әркім «дүниежүзілік пролетариат көсемінің» сөздерін жаттап алып, Ленин шығармаларын оқуға міндеттелді. Кеңес одағындағы «жеке тұлғаға табыну» тек Сталин жолдастың есімімен және тұлғасымен байланысты болды, оны Хрущев 1956 жылы ақпанда КПСС-тің ХХ-ші съезінде әшкерелеген.
Шындығында, КСРО-ның бүкіл өмір сүрген уақытында тұлғаның тағы бір культі болды, ол әлдеқайда күшті болды – бұл Лениннің жеке басына табыну. Бір айта кетерлігі, КПСС Орталық Комитетінің 20-шы съезінен кейін Лениннің жеке басына табыну тек күшейе түсті.
Дәл сол кезде, ХХ ғасырдың елуінші жылдарының ортасында КСРО-да Лениннің ескерткіштері жаппай пайда бола бастады: дүниежүзілік пролетариат көсеміне ескерткіш немесе бюст ірі елдімекендер мен қалалар және тіпті, ең шалғай ауылдарда да орнатылды. Сонымен бірге кеңес азаматының туылғаннан бастап, миына Ленин культі түпкілікті қалыптаса бастады.
Осылайша, Хрущев әшкерелегеннен кейін Сталинге табыну орнына Ленин культі келді. Олар барлық зұлымдықты ізгі Лениннің ілімін бұрмалаған Сталинге жатқызып, Ленинді идеализациялай бастады. Мейірімді Ленин атамыз жер бетіндегі ең адамгершілігі мол адам саналған.
Лениннің жеке басы КСРО ыдырағаннан кейін ғана шын мәнінде қайта қарастырыла бастады: құжаттары мен замандастарының естеліктері құпия болудан қалды, бұл КСРО өмір сүрген барлық жылдар бойы ол туралы ойымыз жаңсақ болғанын көрсетті.
Замандастары Ленинді қысқа бойлы, тым жағымсыз, жиіркенішті, сүйкімі жоқ сұмырай тұлға ретінде еске алды. Кеңестік партия қызметкері Георгий Соломон Ленинді жаман шешен, демагог, өз сұхбаттастарын – қарсыластарын менсінбейтін және барлық оппоненттерді жек көретін нарцисс және өзін-өзі мақтап-мадақтай, тым көп ақтай беретін адам деп сипаттады.
Орыс философы Николай Валентинов «дүниежүзілік пролетариат көсемін» былайша сипаттайды: «Көзі сұсты, кішкентай, өте ұсқынсыз еді. Беті-әлпеті жиі өзгеретін. Келеке, мазақ, сын атаулыны жек көреді, сөз өтпейтін суық мінезді, ашуы терең адам еді. Лениннің шегірейген көздерін ызалы қабанның сұсымен салыстыруға болады».
Лениннің замандасы Ариадна Уильямс та Ленинді есіне алады: «Зұлым адам Ленин болды. Ал оның көздері қасқырдың көзіндей».
Лениннің адамгершілігі аз болғанын қызыл террор кезінде өзі жазған және қол қойған көптеген құжаттар да дәлелдейді. Жаңа үкімет пен жаңа тәртіпке қарсылықты басу үшін Ленин ең қатаң шараларды қолдануды жөн көрді. Кеңес дәуірінде қызыл террор революция жетістіктерін қорғау қажеттілігімен ақталды. Алайда ол оқиғалардағы Лениннің рөлі туралы айту әдетке айналған жоқ.
«Пенза, Губисполком. Провести беспощадный массовый террор против кулаков, попов и белогвардейцев; сомнительных запереть в концентрационный лагерь вне города». Шындығында, бұл концлагерьлерді бірінші болып кім шығарды – коммунистер ме, әлде фашистер ме деген сұрақ. Сонымен қатар, концлагерьлер туралы (Ленин оны қатты жақсы көретін), 1919 жылғы 19 қарашадағы оның жазғаны:
«Всех, проживающих на территории РСФСР иностранных поданных из рядов буржуазии тех государств, которые ведут против нас враждебные и военные действия, в возрасте от 17 до 55 лет заключить в концентрационные лагеря».
«Саратов, уполномоченному Наркомпрода Пайкесу. Советую назначать своих начальников и расстреливать заговорщиков и колеблющихся, никого не спрашивая и не допуская идиотской волокиты».
«Суд должен не устранить террор. Обещать это было бы самообманом или обманом, а обосновать и узаконить его принципиально, ясно, без фальши и прикрас».
Кеңес заманында Лениннің қанішерлігі ғана жасырынып, тығылып қалған жоқ. Дүниежізілік пролетариаттың құдайына айналған көсемде адамға тән әлсіздік болмауы керек еді. Мысалы, кеңес азаматтарының көпшілігі Лениннің Инесса Арманмен байланысын КСРО ыдырағаннан кейін білді.
Кеңес дәуірінде бұл байланыстың бар екенін жасыру әдетке айналды. Демек, нағыз Лениннің бейнесі КСРО өмір сүрген 70 жыл бойы кеңестік үгіт-насихат салған суреттен өте алыс болды. Шындығында, Ленин адам өлтіру мен зорлық-зомбылық арқылы жақсы нәрсе салуға болады деп ойлайтын жағымсыз және ашулы адам еді.
Бірінші болып жаппай зорлық-зомбылықты мемлекеттік саясат дәрежесіне («Қызыл террор» деп аталатын) көтерген Ленин болды. КСРО аумағындағы концлагерьлерді (яғни ГУЛАГ) алғаш ойлап тауып, кеңес билігіне қажетсіздердің барлығын сонда жібере бастаған Ленин болды.
ХХ-ші ғасыр тарихында бірінші болып адам тұлғасын елеусіз нәрсе деп жариялап, аруақ мұрағаттары үшін мәйіттердің жарысын бастаған тоталитарлық мемлекет құрған Ленин болды. КСРО жанкүйерлерінің Ленинді ақтау әрекеттері өте аянышты көрінеді – олар оны дұрыс түсінбеді, оның дәйексөздерін контекстен алып тастады және т.б. Әркім бәрін дәл солай түсінді, ал Сталин тек Ленин ісінің шәкірті әрі жалғастырушысы болды.
Еске салайық, 1917 жылы ақпанда Ресей империясында «Ақпан төңкерісі» болып, оның барысында Николай II патша тақтан бас тартып, Ресейде монархиялық билік дәуірі аяқталды. Уақытша үкімет билікке келді, ол Ресейде алдағы сайлауға дейін билікті өз қолына алғандықтан осылай аталды.
Ленин мен оның қазан төңкерісі болмаса, сөзсіз:
- Ресей және онымен бірге патшалық империя ыдырағаннан кейін пайда болатын барлық елдер Еуропамен және әлемнің басқа елдерімен қалыпты қарым-қатынасты сақтайтын еді (олар іс жүзінде бүкіл кеңестік тарих бойына коммунистерді қарақшылар ретінде қабылдаған).
- Ыдыраған патшалық Ресейдің орнында, оның ішінде жаңа демократиялық Ресей мемлекеті және басқа жаңа тәуелсіз демократиялық мемлекеттердің қалыптасуы тыныш және бейбіт түрде өтетін еді.
- Жаңа демократиялық Ресей де, патшалықтан кейінгі кеңістікте пайда болған басқа елдер де жаһандық тарихтың негізгі ағымында қалады және өздерін әлемдік саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени кеңістіктің құрамдас бөлігі ретінде қабылдайды.
- Ондаған жылдар бойы жалғасатын азаматтық соғыс және одан кейінгі әлеуметтік шиеленіс болмас еді.
- Таптық және басқа теңсіздіктерді жою бейбіт жолмен жүзеге асатын еді.
- Концлагерьлер мен жаппай қуғын-сүргін болмас еді, алдымен лениндік – бұл қызыл террор, содан кейін жаппай сталиндік; көптеген зерттеушілер «антропологиялық жылжу» деп атайтын жағдай болмас еді, яғни ескі дәуірдегі интеллигенцияның түгел дерлік және толық жойылуы және басқарушы қабаттарға төменгі таптардың адамдарының келуі, көбіне ақылдан, әдептіліктен, адамгершіліктен алыс болатын.
- Өнеркәсіп пен индустрияландыруды дамыту бейбіт жолмен – аш шаруалардың соңғы астығы мен етін тартып алып, Украинадағы селолар мен Қазақстанның ауылдарының шекарасына тосқауыл қою арқылы емес, жеке компаниялардың бейбіт жолмен дамуы арқылы жүзеге асатын еді.
- Діннің мемлекеттен бөлінуі де бейбіт жолмен жүзеге асатын еді. Жарылған шіркеулер мен мешіттер, өлтірілген дінбасылар болмас еді. Дін қоғамда еуропадағыдай орын алады: кім сенгісі келсе, кім сенгісі келмесе, ешкім ешкімге ештеңе жүктемейтін еді. Нәтижесінде, діни фундаменталистер барлық жерде өз идеяларымен өрмелеп жатқанда, қазіргі діни "Ренессанс" болмас еді.
- Коммуналдық пәтерлер, кеңестік дүкендер, «тегін баспана», кеңестік медицина, еңбек құлдығы мен тапшылық болмас еді. Ал КСРО-дағыдай жаппай маскүнемдік болмас еді.
Керімсал Жұбатқанов,
тарих ғылымдарының кандидаты, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті
Abai.kz