Ресми: ҚҚС – 16%, ал шектік меже – 40 млн теңге болды...

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Салық кодексінің жобасындағы соңғы өзгерістерге тоқталды.
Бұдан кейін қосылған құн салығы 16 процент болады. Қосылған құн салығының шегі 40 млн теңге мөлшерінде белгіленеді. Яғни бұрын кәсіпкер сататын тауардың немесе көрсететін қызметтің бағасына үстінен 12 пайыз НДС қосатын болса, енді дәл сол тауарға 16 пайыз қосуға міндетті. Бұл тауарлар мен қызметтердің бағасын белгілі бір деңгейде өсіруі мүмкін.
НДС шегі (салықты төлеуге міндетті болатын кірістің төменгі межесі) бұрынғыдай 20 000 АЕК (шамамен 69 млн теңге) емес, 40 млн теңгеге дейін төмендетілді.
Оның айтуынша «40 млн теңге» ортақ шешім екен. Үкімет пен депутаттардың конструктивті ұстанымының арқасында осындай ымыраға қол жеткізілген.
«Бірақ мұндай шек болғанда 160 мың салық төлеушіден айырылатынымызды айтқым келеді. Сондай шамамен 400 млрд теңгедей қосымша бюджет түсімінен қағыламыз. Біздің бизнесмендер Үкімет те, Парламент те осындай ымыраға баруға дайын екенін түсінсін деп айтып тұрмын», - дейді Серік Жұманғарин.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің қосылған құн салығын көтеру бастамасы қолдайтынын, ҚҚС-ты көтеру туралы жаңалықтар инфляцияға да әсер етіп жатқанын жеткізді.
Үкімет мүшелері бюджеттің айтарлықтай кірістен қағылатынына қарамастан, билік бұл шешімді бизнестің тынысын ашу мақсатында саналы түрде қабылдап отыр дейді.
Енді бір жақтан Үкімет жеке кәсіпкерлерді тіркеуге қатысты талаптарды қатаңдатуды көздеп отыр.
Жаңа ережеге сәйкес, бұрын салық заңнамасын бұзғандар немесе атына тіркелген белсенді емес жеке кәсіпкерлігі бар азаматтарға алдағы уақытта ИП ашу қиындай түседі.
«Жеке кәсіпкерлікті тіркеу тәртібін күшейтеміз. Бұған қатысты тиісті заңнамалық нормалар дайындалды. Салықтық заң бұзушылық жасағандар немесе бұрыннан ашылған, алайда жұмыс істемейтін ИП-лары бар адамдар үшін жаңа ИП тіркеу едәуір күрделі рәсімге айналады», – дейді Үкімет басшысының орынбасары.
Жаңа Салық кодексінде ҚҚС-нан бөлек басқада өзгерістер бар.
Ол жайында Жұманғарин: "Біз салықтарды, төлемдер мен алымдарды қысқартамыз. 12 салықтың орнына 11 болады. 10 төлемнің 2-ін алып тастау ұсынылады: жарнаманы орналастырғаны және лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер. 3 төлемді біріктіру ұсынылады: су ресурстарын пайдалану үшін, орманды пайдалану үшін және жануарлар дүниесін пайдалану үшін төлемдер. Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем болады. Бұл төлемдердегі мөлшерлемелер саны 77-ге қысқарады. Сонымен қатар Үкімет алымдардың 6 түрін қысқаруды ұсынып отыр. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алынып тасталмақ.
Сондай-ақ мемлекеттік баждың 5 түрі алынып тасталады, олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқарады. Біз салық жеңілдіктерін оңтайландырамыз.
Салық декларацияларының деректері бойынша сомасы 3,4 трлн теңге 453 норма жеңілдік деп танылды. Бүгінгі таңда сомасы 1,3 трлн теңгеден астам 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр" - деді.
Ұлттық экономика министрі бұл мәселені оңтайландыру үшін ашық жаңа жүйе құрылып жатқанын баса айтты.
Abai.kz