Қарағандыда Қуаныш Сұлтановтың кітаптарының тұсауы кесілді

Қарағандыда қазақстандық саяси қайраткер, журналист, профессор, ҚР Саяси ғылым академиясының академигі Қуаныш Сұлтановтың «Отыз жылдың ой толғауы» және «Қазақтың Қонаевы» атты кітаптары таныстырылды. Тұсаукесерге еліміздің және Қарағанды облысының жетекші мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
– Жақында ғана бұл кітаптардың тұсаукесері елорданың қақ ортасында – Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Ал бүгінде мұндай маңызды оқиға біздің облыста да жалғасуда, – деді өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Сіз Қарағанды облысымен тығыз байланыста болған адам ретінде оның тарихында елеулі із қалдырдыңыз. Сізге құнды еңбектеріңіз үшін алғыс білдіреміз және одан әрі шығармашылық табыстар мен жаңа жетістіктер тілейміз!

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
1987 жылы Қуаныш Сұлтанов Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Бұл қызметте ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өмірдің жаңартылуына елеулі үлес қосқан.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Ол елдің саяси өміріне және бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге белсенді қатысқан. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ақпарат министрі ретінде мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Ал 1993 жылы Вице-премьер қызметін атқарып, жас мемлекеттің идеологиялық жұмысына жетекшілік етті.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
– Сіздің шығармашылық мұраңызды бөлек атап өткім келеді. Бірқатар монографиялар мен 200-ден астам мақалаларыңызда елдің өткені мен бүгінін терең талдап, оның болашағының векторын белгіледіңіз, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей. – Кітаптардан өмірі мен шығармашылығы мемлекеттің тарихымен және тағдырымен тығыз ұштасқан автордың өмірін көрдім.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Кітаптардың бірі – «Қазақтың Қонаевы» – халықтың жадында мәңгі сақталған Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен қызметіне арналған. «Отыз жылдың ой толғауы» басылымы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының маңызды кезеңдерін қамтиды.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
– Қарағанды өңірі менің жүрегіме өте жақын. Мен мұнда жақсы да, қиын да кезеңдерді бастан өткердім. Облыс тұрғындары бізді әрдайым қолдап келді. Біз топтасып, халықтың тұрмысын жақсарту үшін бірлесіп еңбек еттік. Мысалы, Тәттімбет атындағы оркестрді құру, ғимараттар салу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру секілді айтулы оқиғаларды атап өтсек болады. Бұл тек өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның игілігі. Сондықтан Қарағандыға келген сайын жүрегіме жылу ұялайды. Бұл туралы кітапта жазылған – тіпті «Қарағанды» деген жеке тарау да бар. Екінші кітапта да бар, – деп бөлісті Қуаныш Сұлтанов.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Автордың айтуынша, кітаптар қарапайым және қолжетімді тілде жазылған, сондықтан маңызды тарихи оқиғалар мен мемлекет қайраткерлерінің өмірбаяндары баршаға, соның ішінде жастарға да қызықты.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Қазақстан Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов та мемлекеттік қызметкерлердің осы еңбектеріне назар аударуды ұсынды.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
– Бұл кітаптардың ерекшелігі – автор өзі жазған оқиғалардың тікелей қатысушысы. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының маңызды кезеңдерінің бірі. Аталмыш кітаптар ел тарихына қызығушылық танытқандар үшін құнды ақпарат көзі болады, – дейді Ералы Тоғжанов. – Мен оларды мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне оқуға ұсынамын. Елді басқару – күрделі және жан-жақты міндет, Қуаныш Сұлтанұлы өз кітаптарында оның мәнін ашып қана қоймай, күрделі сын-қатерлерді еңсерудегі жеке тәжірибесін бөліседі.
Abai.kz