Қорабаевич таныстырған Қорабай...

Қорабайды маған Қазақ мәдениетінің қамқоры, қоғам қайраткері Дүйсен Касейінов таныстырды.. «Менің папам ғой ол, әкем». Дүйсекең сылқ-сылқ күледі. Дүйсен Касейіновтің әкесінің аты Қорабай екені еске түскен...
...Қорабай.... Қорабай Есенов... Біздің жастығымызға, балаң кезімізге, гүл жарған көктемгі қызғалдайтай алғашқы махаббатымызға куә болған, себепкер болған Қорабайдың әндері-тін...
«Кездессең нұрлана қараймын.
Асаудай тулайды жас жүрек.
Мен сені жаныма балаймын
Сен үшін менде бар бір тілек...
Сені артық көремін басқадан.
Сүйем деп айтуға жасқанам.
Жеткізе алар ма жүректің
Жан сырын жасырын жас қалам?..»
Ауылдағы қоңыр кештің бірінде үйдегі кішкентай радиодан осы әнді алғаш естігем. Бұл мен естімеген, тыңдамаған әуез, тылсым өлең, таң қалдырған гитараның үні болатын. Біз өрен едік... Таудан құлаған тасқындай ойда жоқта келген, ескен желдей елірген жастық біздің көзімізді ашты. Класстағы үркек қызды, ақ фартукті аруды енді таныған, жаңа ғана көргендей бұла кез еді. Біздер ғашық емес, сау да емес, қалың тұман ішінен адасқан құлындай кісінеп тұрған кезіміз екен...
Аспандағы ақ бұлттың кемпірқосақ сияқты түрлі түсті екенін, түнгі барқын аспанда құс жолының ішінде сенің сүйікті жұлдызың барын, тіпті сарғалдақтың сары емес, оның да сан түрлі боп өзгеретінін осы көктем бізге үйреткен...
Біздер - табалдырақтан аттаған жастықтың буына масайған жігіттерге гитараның дауысы ерекше әсер еткен. Бұрындары естіп жүрген әншігелерге ұқсамайтын дауыс. Үнінде сәл-пәл қырыл, қазақы әуен. Баяғы таныстай... Қорабайдың қоңыр үні апам жаққан ошақтың түтініндей біздің аулаға емес, ауылдың көгіне көтерілген...
Міне, Қорабай Есеновпен біз осылайша танысып, табысқан едік... Басқаны білмеймін, біздің ауылда Қорабайдың әнінсіз бірде-бір кеш болмайтын. Кез-келген той жиында Есеновтің әні есіктен кіріп, төрге озатын. Өйткені Есенов біздің қазақ екенімізді еске түсірген алғашқы әнші болды. Бүкіл атқамінер орыс бола алмай, бала шағасын басқа мектепке сүйрелеп жүргенде, гитарасын қолына алған бейтаныс жігіт біздерге басқа әлемді көрсетті...
Апырмай?.. Махаббаттыңа, суйгеніңе, суйіктіңе қазақ тілінде тіл қатудан асқан бақыт жоқ екенін мен енді түсіндім.
Әрине, ол кезде әнші-күйшіден кем емес едік. Дейтұрғанмен, біз үшін Қорабай етене таныс, бір көшенің бойындағы қатар өскен досымыздай көрінген. Және құлай сүйген әдемі қызға тура біздің жайымызды, көңіл-күйімізді қалай білдірген десеңші?.. Мың жаса, біз білмейтін Қорабай!
Көп ұзамай Есеновтің әндері көктемгі жаңбырдай радиодан, теледидардан, той-жиында, отырыста, көшеде, бақ ішінде төгіле берді...
«Сені артық көремін басқадан...»
Нағыз менің күйімді қалай тапқан, Қорабай ?
«Сүйем деп айтуға жасқанам...»
Қандай ғажап сөз! Сүйіктіңе «сүйем» деп айтудан жасқану, әлемдегі ең үлкен ерлік пен өрлік екенін біз онда білмеген едік...
Есенов мен секілді есі кірмеген ессіздерге дабырламай, даурықпай, ешкімге айтпай, білдірмей, жар салмай жақсылықты ымдаған екен...
Ий, тума ақын, ғұлама жазушы, талантты әнші, дарынды сазгер өз оқырмандарын, тыңдармандарын осылай тәрбиеледі. Қазіргі айтып жүрген жоғарғы оқу орындарындағы «дистанционное обучениеңіз» меніңше, осы болар... Өмір мектебінде қанша сабақ оқысаң да, ең үлкен дәріс – махаббат пәні екенін енді ғана білдік қой... Және бұл аудиторияда сезімнен «екі» алып, сүйістен «бес» қойғызу мүмкін емес. Себебі – сенің деканың – өмір!
«Жас едім, өмірге ерте бойламаған,
Күн ертең не боларын ойламаған.
Шарықтап кетсемдағы қанат қағып
Өзіңдей қамқор адам қайда маған?..»
«Біздің халықта әке мен баланың махаббаты, сыйластығы, қарым-қатынасы өзге елдегідей емес. Бәрін, бәрін сөзбен емес, көзбен ұғасың, білесің, сезесің, сенесің.
«Алыстап кетсем дағы қанат қағып. Өзіңдей қамқор адам қайда маған?».
«Қазақта туған әкесін аға, тәте, көке, әке, папа деп те атай берген. Кім қай жерде, қалай атағаны қазір маңызды емес. Біз папа деп өскен ұрпақпыз.
Осы әнді естісем менің әкем үйден шығып, екі қолын артына ұстап, көше бойлап жұмысына кетіп бара жатқандай күйге түсем. Неге екені белгісіз папамның иісін сезем. Иә, әкемнің иісі... Тер мен бірге Беломор папиросы аралас папамның ғана хош иісі. Мен үшін әлемде бұдан артық ештеңе жоқ шығар. Тіпті Париждегі дүкендердің құны маған бес тиын. Мұны біз ешқашан айтпайтын, тек көзбен ұғысатын, сыйлайтын, құрметтейтін, іштей соның амандығын тілейтін, кейде бір жері ауырса, бірге күйзелетін әкеңнің болғаны қандай ғажап. Оған арнаған өлең тіпті, ыстық!
Иә, иә... Бұл әннің авторлары Нұрғиса Тілендиев пен Мұхтар Шаханов. Алайда бұл әуен Қорабайдың жанынан, жүрегінен қорғасындай балқып шыққан туынды! Қазақ халқы талай аласапыранды басынан өткізген ел. Бізде туған ел, туған жер, анасына, ғашығына, жеңгесіне, тіпті құдаша-құдасына да шығарған әндер аз емес. Тек әкемізге ән бұйырмапты... Өйткені біз аттың жалы, түйенің қомында өскен елдің ұрпағымыз. Иә, біз есейген кезде ешқашан көз жасымызды әкемізге де, баламызға да көрсетпеген көшпелі елміз, ерміз...
«Өзіңнен туған жас бала.
Сақалы шығып жат болмай
Ерлердің ісі бітер ме?!», - деп айтқан Махамбеттің ұрпағымыз.
Иә, сондықтан да бұл ән әр қазақтың жүрегіне жақын ән. Әлемдегі ең қамқор кісіңе арналған әуен. Әсіресе, сол жақын жан енді қасыңда болмағанда, бұл әуезді қайта-қайта тыңдай бергің келеді.
Қорабай Есеновтің екінші ерлігі де, ерекшелігі де осында шығар...
Аман жүріңіз әнші аға! Қатігездеу уақыттан шаршамаңыз!
Салеммен, Талғат Теменов
Abai.kz