Жазушы Әкім Тарази өмірден өтті

Қазаққа есім-сойы кең танылған жазушы, драматург, сценарист Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы растады.
Әкім Үртайұлы Әшімов (Әкім Тарази) 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген.
Әкім Таразидің «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары, «Ауыл шетіндегі үй», «Тәж», «Махаббат жыры», «Көк аспанда қырағы көз бар», т.б. әңгіме-эсселері мен повестері, «Жолы болғыш жігіт» пьесалар жинағы жарық көрген.
Әкім Таразидің сценарийлері бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» фильмдері қазақ киносының «алтын қорына» енді.
«Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» және өзге де драматургиялық шығармалары еліміздің театр сахналарында қойылды. Жазушының көптеген туындылары орыс, қытай, поляк, болгар және ағылшын тілдеріне аударылған.
Әкім Тарази Н.Я. Бичуриннің «Ежелгі уақытта Орта Азияда өмір сүрген халықтар туралы мәліметтер жинағы» («Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена») және «Шыңғыс әулетінен шыққан алғашқы төрт ханның тарихы» («История первых четырех ханов из дома Чингизова») атты тарихи ғылыми-зерттеу еңбектерін, сондай-ақ, Ф. Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын қазақ тіліне тәржімалаған.
2021 жылы өнер және әдебиет саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі үздік наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері атанды.
Мемлекет басшысы жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.
«Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген жеделхатта.
Abai.kz ақпараттық порталы ұжымы қазақтың қабырғалы қаламгері, қазақ әдебиетінің классик жазушыларының бірі Әкім Таразидің қазасына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жазушының оқырмандарына көңіл айтамыз...
Abai.kz