Жұма, 18 Қыркүйек 2026
Бұ не мазақ? 383 0 пікір 18 Қыркүйек, 2026 сағат 14:24

Тәуелсіз еліміздегі «кеңестік» көзқарас қайдан шықты?

Суреттер: threads.com скриндері.

Әлеуметтік желіде тараған кезекті даулы жағдай қоғамның жүйкесіне тиіп, әділетсіздікке қарсы ашу-ызасын тудырды.

Threads желісінде ECOII U.A.E. GROUP компаниясының күзет қызметінде еңбек еткен азаматтың қазақ тілінде сөйлегені үшін жұмыстан заңсыз босатылғаны туралы ақпарат тарады. Бұл оқиға – бір ғана мекеменің ішкі тәртіпсіздігі емес, еліміздегі мемлекеттік тілдің мәртебесіне, азаматтардың конституциялық құқықтарына жасалған бассыз қиянат болып табылады.

Сілтеме: Тіл кеспек жоқ арнасы

Сурет: threads.com скрині.

«Бәріміз Кеңес Одағы кезінде дүниеге келдік...» уәжінен арылу қажет!

Осы кезге дейін аңғарған бір жайт – орыстілді өзге ұлт өкілдерінің «Бәріміз Кеңес Одағы кезінде дүниеге келдік...» дейтін шығарып салма жауабы. Бір кездері Ататүрк 78 ұлттан тұратын Түркияны жаңа осман тілі аясына ұйыстыра білді. Бірақ бұрынғы Президент кезіндегі қазақ билігі елді тілдік үш жүзге бөліп жіберді. Бұндағы «үш жүзіміз»: тек қазақ тілінде сөйлейтін аймақтар, қазақ тілін менсінбей орыс тілінде сөйлейтін аймақтар және екі тіл де тең қолданылатын аймақтар. Дау шыққан Павлодар облысы осының екінші тобына жатады.

Жаңа билік әуелі «үштілділік» деп көкіп, жұртты дүрліктірген бұрынғы Президенттен қалған лингвомұраның тақсіретін тартып отыр. Тек қазақтың демографиялық өсімі орыстілді қауымды бұрынғыдан бетер тығыз топтастырып, экономикалық жікшілдік факторын өмірге әкелді. Жұмысқа тек орыстілділерді ғана алу сияқты фактілер күн сайын төбе көрсететін қалыпты жағдайға айналды. Оны қазақ тілді және екі тіл қатар қолданылатын аймақтар түсіне бермейтін түсініксіз ахуал орын алды.

Енді осы мәселенің байыбына келейік: жарияланған хат алмасу скриншоттарынан компания өкілдерінің қызметкерлерден тек орыс тілінде сөйлесуді қатаң талап еткені анық көрінеді. Тіпті: «Бәріміз Кеңес Одағы кезінде дүниеге келдік, орыс мектебінде оқыдық... Келіспейтін немесе оған қарсы шығатын адам жұмыстан шығу туралы өтініш жазсын» деген кесімді пікір айтылып, талапқа бағынбаған қызметкердің дер кезінде жұмыстан қуылғаны белгілі болды.

Бұл – тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, санасы тоқырауда қалған кейбір басшылардың әлі де империялық стереотиптермен өмір сүріп жатқанын ашық көрсетеді. Өз еліңде, өз туған тіліңде сөйлегенің үшін жұмыстан айырылу – тамырына мүлдем балта шабылуға тиіс нағыз дискриминация мен бассыздық болып табылады.

Осы орайда: «Заң қайда қарап отыр?» – деп сауал қоятындар табылатыны анық. Өйткені бұрын таза қазақ тілді орта мен таза орыс тілді орта бір-бірінен алшақ, өзіндік жеке әлемінде өмір сүріп жатты. Күнделікті өмір мен қызметте тіл дауы орын алмай, кейбір ұлтшыл азаматтар «билік қазақша сөйлемейді» деп зар қаққан дәуір келмеске кетіп, «Неге қазақ тілді қазақ өзге ұлтпен орыс тілінде сөйлесуі керек?» деген жаңа проблема бой көтерді.

Енді ешкім бұрынғысынша қазақ тілінің құқығы тапталуына көз жұмып өмір сүре алмайды. Өйткені бұрын ұлттық азшылық болған қазақтың үлесі 80 пайыздан асты. Павлодар мен Петропавл сияқты өңірлер – көлдің жанындағы көлшік қана. Олар бұрынғы тілдік көпшілік болған дәуренін аңсайды және сол ұстанымын өзі тұрған аймаққа таңғысы келеді. Бірақ ішкі миграция «Бәріміз Кеңес Одағы кезінде дүниеге келдік, орыс мектебінде оқыдық...» деген империялық пиғылдардың тамырына балта шаба бастады.

Олардың осы бағыттағы әрекеттері «Мақтаған қыз тойда зеңберек атадының» керін келтіруде. «Көп қорқытады, терең батырады» дейтін дәуір мен бақ қазақ тілінің басына оралды. Ертең ешкім ECOII U.A.E. GROUP компаниясының қызметін керек қылмай жатса, бұған ешкім таңғалмайды. Сондай-ақ бұл компанияны тәубесіне келтіріп, шаңыраққа қарататын заңымыз да бар.

Иә, Қазақстан Республикасының заңнамасы бұл мәселеде аса қатаң ұстанымда:

  • Конституцияның 9-бабына сәйкес, елдің мемлекеттік тілі – қазақ тілі. (Ескерту: Конституцияда мемлекеттік тіл 9-бапта көрсетілген)

  • «Тіл туралы» заңның 8-бабында мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл қолданылатыны нақты көрсетілген.

  • Еңбек кодексінің 6-бабы еңбек саласында тіліне байланысты кез келген кемсітуге қатаң тыйым салады.

Демек, жұмыс берушінің бұл әрекеті ешбір құқықтық нормаға сыймайды. Азаматты жұмыстан шығару тек Еңбек кодексінде көрсетілген негіздер бойынша ғана жүзеге асырылуы тиіс. Ал тіл үшін қудалау – қылмыстық сипаттағы құқықбұзушылықтың белгісі болып табылады.

Қоғам үнсіз қалмайды

Бүгінгі таңда бұл әділетсіздік әлеуметтік желі қолданушыларының қатаң сынға алуымен ғана шектеліп қалған жоқ. Белсенді азаматтар E-otinish жүйесі арқылы тиісті мемлекеттік органдарға ресми арыз түсіріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін аяққа таптап, өз қызметкерлерін ұлты мен тіліне бола кемсітетін мұндай компанияларға қатысты қатаң шара қолданылуы тиіс. Заң үстемдік құрған елде ешкімнің азаматтық құқығы мен тілдік бостандығы шектелмеуге тиіс! Компания басшысы ұлтараздықты қоздыру, еңбек құқықтарын өрескел бұзу баптары бойынша қатаң жауапқа тартылуы қажет.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1308
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2869
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 962
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 899