Сәрсенбі, 23 Сәуір 2025
Құйылсын көшің 1825 0 пікір 23 Сәуір, 2025 сағат 16:51

Сарапшылар сапасыз «сараптамасымен» Президентті алаңдатудан аулақ болсын!

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев мырзалардың назарына!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 18 сәуірде Маңғыстау облысына жасаған сапарында өңірдегі көші-қон және миграция мәселесіне тоқталып: «Аймақ тұрғындарының саны үздіксіз өсіп келеді. Қазір мұнда 800 мыңнан астам адам тұрады. Жақында мен Шымкентке барғанда көші-қонды, яғни, миграцияны бақылаусыз қалдыруға болмайды деп айттым. Болжам бойынша, көп ұзамай облыстағы халық саны бір миллионға жетуі ықтимал, тіпті, одан асуы да мүмкін. Бұл жағдай экономикаға және әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіреді. Бұл факторды ұмытпауымыз керек, популизмге ұрынбаған жөн...», – деп өзінің алаңдаушылығын білдіріпті.

Президент өте дұрыс айтып отыр. Шымкент қаласы мен мұнайлы өлкедегі халық санының шектес тыс артуы, Үкіметтің ондағы халықты өзге өңірлерге көшіріп-қоныстандыруға дәрменсіздік танытып келе жатқаны – осы көші-қон саясатымен ұзақ жылдан бері тынбай, белсенді түрде айналысып келе жатқан мені де қатты алаңдатады.

Оның үстіне, қара алтынның үстінде отырып кедейлік пен жұмыссыздықтың қамытын киіп келе жатқан бұл өлке халқының мінезінің де өзгеше, ескі билікке болған кегінің де басым екенін ескерсек, түн ұйқымыз тіпті төрт бөлінетін болды. Осыған байланысты, Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қариннің атына арнайы хат жазып, бұл мәселені шешудің ең бір қарапайым жолын бір емес, бірнеше мәрте ұсындым.

Ол – осы өңірден шыққан, қазіргі таңда Мәжілістің Махамбеті мен Исатайы болып, республика жұртының ықыласына бөлеген Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаевты сол Үкімет айқындаған екі облысқа әкім етіп жіберу.

Шарт – екі әкімге қоныс аударушыларға қатысты тұжырымдаманы өздері жасайтын және Үкімет бөлген қаражатты өздері игеретін мүмкіндік беру керек.

Ал, көшіп келушілердің де бұл өңірлерге жаппай қоныстануын қамтамасыз ету керек болса, екі әкімнің бір-бір орынбасарын Қытай мен Маңғолиядан оралған жігіттерден қойған дұрыс.

Мен Маңғыстау облысындағы халықты Үкімет айқындаған өңірлерге көшіріп-қоныстандырудың осыдан өзге тиімді жолын көріп тұрған жоқпын. Егер, тауып жатса, Үкімет басшысы мен Мемлекеттік Кеңесші ортаға салсын!

***

Енді, Президенттің жоғарыдағы сөзіне қатысты өзімнің бір ауыз сөзімді ортаға сала кетейін.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 11 сәуірде Шымкент қаласына жасаған сапарында: «Мегаполистің демографиялық өсімі де жоғары. Табиғи өсіммен бірге, мұнда көшіп келіп жатқандар көп. Осының өзі қаланың тіршілікке қолайлы, болашағы зор екенін көрсетеді. Бірақ бақылаусыз көші-қон, яғни, миграция тиісті техникалық және әлеуметтік инфрақұрылымға әсер етеді. Мұны да ұмытпауымыз керек...», – деген болатын.

Міне, Мемлекет Басшысы сол сөзін Маңғыстауға барған сапарында тағы қайталап отыр.

Енді, осыдан кейін атқарушы билік пен заң шығарушы органның күйбеңдей бастайтыны белгілі.

Жасыратыны жоқ, Президенттің аузынан шыққан «Көші-қон», «Көшіп келіп жатқандар» деген сөздерді іліп алып, атқарушы билік пен заң шығарушы баяғы Кәрім Мәсімовтің әдетіне басып, бар бәле-қазаны шеттен көшіп келетін қазақтарға жауып, Ұлы көштің жолын одан ары қиындатып жібере ме деп қауіптеніп отырмын.

Негізі, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сөзді ішкі көші-қонды меңзеп айтып отыр деп ойлаймын.

Иә, бұл – шынымен де баса назар аударатын, жедел шешу жолдары қаралуы тиіс қауіпті әрі күрделі мәселе!

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің: «Солтүстік Қазақстан ( -22,43%), Павлодар (-5,76%) және Қостанай (-8,3%) облыстарында халық саны азайған. Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындауымыз керек!» – дегеніне де міне, бір жылдан, екі айдан асты. Содан бері атқарушы билік те, заң шығарушы орган да саусақ ұшын қимылдатқан жоқ! Шамасы, бұл сөзін Сенат Төрағасының өзі де ұмытып қалған болса керек!

Мен Шымкент қаласында орын алған халық санының шамадан тыс артып бара жатқанын оңтайлы шешу үшін де жоғарыдағы өзім ұсынған тәсілді қолдану керек деп есептеймін. Үкімет айқындаған өңірдегі қалған екі облысқа сол Оңтүстік өңірден шыққан тағы екі жігітті әкім етіп жіберген дұрыс.

Оған Түркістанның қос тумасы – Дархан Сатыбалды мен Бақтияр Өнербаев әбден лайықты дер едім...

Осы жерде мәселенің басын ашып алайық. Президент алаңдаушылығын білдірген Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысы  демографиясының шектес тыс артуына шеттен оралған ағайындардың титтей де қатысы жоқ! Сөзіміздің нақты әрі дәлелді болуы үшін, Ұлттық статистика бюросының шеттен оралған қандастарымыз туралы жариялаған соңғы үш жылдың мәліметіне жүгінейік.

2022 жылғы мәлімет бойынша, Атажұртына көшіп келгендер саны 17 293 адам.

Ал, елден кеткендер саны 24 239 адам.

Көші-қон сальдосы – -6 946 адамды құрады.

Соның ішінде, Маңғыстау облысына ТМД және басқа елдерден тұрақты тұруға 3391 адам келіпті.

Нақтылап айтсақ, ТМД елдерінен келгені – 3266 адам, өзге мемлекеттерден – 125 адам.

Сол жылы Маңғыстау облысынан 29 892 адам көшіп кеткен, оның 9521-і Ақтау қаласынан, 7951-і Мұнайлы ауданынан, 5384-і Жаңаөзен қаласынан.

Бұл Маңғыстау облыстық Статистика департаментінің басшысы Римма Утюшеваның «kaz.inform.kz» сайтына берген мәліметі.

2023 жылғы мәліметке сүйенсек, бір жылда Қазақстанға шеттен көшіп келгендер саны 25 399 адам.

Ал, елден көшіп кеткендер саны 16 055 адам екен.

Республика бойынша көші-қон сальдосы – +9344 адамды құрапты.

2023 жылғы қаңтар-желтоқсандағы демографиялық жағдайға көз салсақ, өңіраралық көші-қон бойынша оң сальдо еліміздің 3 өңірінде қалыптасыпты.

Ол – Алматы (38,1 мың адам), Астана (50 мың адам) және Шымкент (3,4 мың адам) қалаларында.

Бұл жерде қоныс аударушылар мен көшіп келушілер қатар қамтылғанын ескерте кеткім келеді.

Демек, бұл үштіктің ішінде Маңғыстау облысы жоқ!

2024 жылы Қазақстанға тұрақты тұруға 29 282 адам келсе, 12 732 адамды шетелге қоныс аударған.

Көші-қон сальдосы – +16 550 адамды құрады.

Соның 3 680-і ғана Маңғыстау облысын таңдаған.

Ал, сыртқа кеткендердің ең көп саны Солтүстік Қазақстан (2 133 адам), Қарағанды (1 588) және Шығыс Қазақстан (1 195) облыстарында тіркелген...

Жоғарыдағы нақты мәліметтерден көріп отырсыздар, Президент алаңдап отырған Маңғыстау облысының шектен тыс демографиялық өсу қарқынына шеттен оралған қандастар ықпал етіп жатқан жоқ!

Шымкент қаласы туралы да осыны айтуға болады!

Тіпті, соңғы үш жылда шеттен ең көп көшіп келгендер санының жылына отыз мыңға жетпейтінін және елден шетелге көшіп кетіп жатқандардың санының да аз емес екенін ескерсек, бұл – он жеті облыс пен үш үлкен қала үшін соншалықты адам шошырлық сан емес.

Шындығына келгенде, шетке кеткендер мен өлгендердің орнын толтыруға да жетпейді!

***

Мен мұның бәрін неге тәптіштеп жазып отырмын?!

«Қанды қаңтар» көтерілісінен бері атқарушы билік пен заң шығарушы орган тарапынан Президентіміздің: «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» деген Ұлы мұратына қасақана қарсы жүргізіліп жатқан анти-қандас саясат мені ғана емес, бүкіл Ұлы көшке мүдделі қауымды қатты алаңдатуда!

Мен Президентке Ұлы көш жайлы мүлде біржақты ақпарат барып жатқанына сенімдімін.

Өйткені, Президент сүйіп оқитын «Egemen Qazaqstan», «Ana Tili» басылымдары Көші-қон саясатымен тынбай белсенді айналысып келе жатқан тәжірибелі мамандардың пікірін баспайды. Бұл – бір!

Екіншіден, Президенттің айналасында отырғандардың ішінде Тимур Құлыбаевтың 2011 жылғы «Жаңаөзен оқиғасы» кезінде айтқан: «Егер ереуілшілердің жетекшілері туралы айтатын болсақ, ол жақта Алматыдан барғандар жетекшілік етіп жүрген жоқ. Оларда өздерінің Қарақалпақстаннан бірге келген ресми емес жетекшілері бар...», – деген САНДЫРАҒЫНА әлі күнге дейін имандай сеніп жүрген басшылар мен қосшылар жетерлік.

Біздің Үкіметтің кемшілікті өзінен емес, өзгеден іздейтін Кәрім Мәсімовтен қалған сол ескі әдеті 2022 жылдан бері тағы қайталануда.

Жалпы, Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысындағы халық санының шектен тыс тығыздығына Президенттің алаңдайтын жөні бар. Оған кінәлі, тағы қайталап айтам, қандастар емес, айла таба алмай отырған Үкіметтің өзі!

Сондықтан, Президент Әкімшілігінің маңайындағы Мемлекет басшысының абырой-беделін, ұлттық мүддені ойламайтын санасыз сарапшылар көші-қон саясаты жөніндегі сапасыз «сараптамасымен» шеттен оралып жатқан азғантай қазаққа барлық пәле мен жаланы үйіп-төгіп, Президентті алаңдатудан аулақ болсын!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2179
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5081
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4323