Дүйсенбі, 5 Мамыр 2025
Ел іші... 271 0 пікір 5 Мамыр, 2025 сағат 11:50

Қазақстанда балық шаруашылығы өсім көрсетуде

Сурет: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтынан алынды.

Балық шаруашылығы тұрақты дамып келеді: 2024 жылдың қорытындысы бойынша балық өнімдері нарығының көлемі 94,6 мың тоннаны құрап, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артты. Оның ішінде 45,2 мың тоннасы табиғи су айдындарынан ауланған балыққа, ал 18,2 мың тоннасы балық өсіру шаруашылықтарында өндірілген өнімге тиесілі. Балық өнімдерінің экспорты 23,4 мың тоннаны құрады.

Балықты қайта өңдеумен 72 кәсіпорын айналысады, оның ішінде 20 кәсіпорын өз өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне экспорттайды. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін 50-ден астам атаулы балық өнімі әлемнің 21 еліне экспортталады.

Мемлекет аквакультураны дамытуға белсенді қолдау көрсетуде. 2021 жылдан бері салаға бөлінетін субсидия көлемі 9 есеге өсіп, 2024 жылы 4,5 млрд теңгеге жетті. Инвестициялық шығындардың 25%-на дейін, жем-шөпке жұмсалатын шығындардың 30%-ы, шабақ, аналық балық және ветеринариялық препараттар сатып алуға кететін шығындардың 50%-ы мемлекет тарапынан өтеледі. Нәтижесінде, соңғы үш жылда балық өсіру шаруашылықтарының саны екі есеге артып, 600-ге жетті.

2024 жылы балық шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,2 млрд теңгеден асты. Қуаттылығы 2,5 мың тонна болатын 30 жоба іске асырылды. Сонымен қатар, жылына 50 мың тоннаға дейін балық өндіруге мүмкіндік беретін тағы 50 инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы жалғасуда.

Саланы дамыту 2021–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама мемлекеттік қолдау шараларын, аквакультураны бақылау бойынша ақпараттық жүйелерді енгізуді, отандық өндірушілерді қолдауды және балық ресурстарын сақтау мен молайтуға бағытталған іс-шараларды қамтиды.

Балық популяциясын қалпына келтіру мақсатында табиғи су айдындарына жыл сайын шабақ жіберу жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында су айдындарына 54 миллион дана бағалы балық түрлерінің шабағы жіберілді.

Дайын өнімді қайта өңдеуді ынталандыру және экспортты арттыру мақсатында өңделмеген балықты сыртқа шығаруға шектеу қойылды. 2024–2025 жылдары көксерке мен сом балығын экспорттауға алты айлық тыйым салу енгізілді. Бұл аталған балық түрлерін қайта өңдеуге арналған шикізат көлемін 23%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Өңделген балық өнімдерін субсидиялау механизмдерін енгізу, сондай-ақ 2,5% мөлшерлемемен балық өсіру және өңдеу жобаларын қаржыландыруға арналған бюджеттік несиелеу бағдарламаларын кеңейту жоспарлануда.

Өткен жылы «е-fish» атты балық пен балық өнімдерінің заңдылығын қадағалауға арналған ақпараттық жүйе пилоттық режимде іске қосылды.

Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Атыраудағы бекіре зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ Қызылорда облысында инкубациялық цехтың құрылысы басталды.

Қазіргі уақытта Сенатта саланың өсуін ынталандыруға, оның ашықтығын арттыруға және инвестиция тартуға бағытталған «Аквакультура туралы» заң жобасы қаралуда.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 1432
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 1584