Сейсенбі, 6 Мамыр 2025
«Соқыр» Фемида 220 0 пікір 6 Мамыр, 2025 сағат 15:18

Путиннің мұрагері бар ма?!

Сурет: Anadolu Ajansi сайтынан алынды

Ресей Президенті Владимир Путин Саида Медведева мен Павел Зарубиннің «Россия-1» телеарнасындағы «Россия. Кремль. Путин. 25 лет» деректі фильмінде өзінің мұрагер туралы үнемі ойлайтынын алғаш рет мәлімдеді. Путлер режімінің ебін тапқан қос жүргізушінің қиыннан қиыстырып қойған  «Ресей көшбасшысы болашақта елді кім басқаратынын ойлай ма?» деген сауалына:

"Мен бұл туралы үнемі ойланамын. Бірақ түптеп келгенде таңдау адамдарға, Ресей халқына, азаматтарға, сайлаушыларға жүктеледі", - деп жауап берді. Және осы орайда ол және президенттікке ықтимал үміткерлердің әрқайсысының әлеуетін үнемі қарап, бағалайтынын айтты.

Путиннің пікірінше, РФ азаматтардың таңдау жасау мүмкіндігі болуы үшін халықтың сеніміне қол жеткізе алатын бірнеше адам пайда болуы тиіс. «Сайлауалды технологиялардың, әкімшілік ресурстардың бар екені түсінікті. Бірақ түптеп келгенде таңдау адамдарға, Ресей халқына, азаматтарға, сайлаушыларға беріледі. Халық сенімі жоқ адамда елеулі нәрсе жасау мүмкіндігі болмайды», - деп қорытындылады мемлекет басшысы.

Путин мұрагер туралы сөз қозғап қана қойған жоқ, өз жұмысының кемшіліктерін атады. Сондай-ақ Украинадағы оқиғалардың шынайы себебін ашты.

Ресей сарапшылары не дейді?

Саясаттанушы Марат Баширов бұл бейбітшілікке қол жеткізгеннен кейін елді басқару жүйесіндегі алдағы өзгерістерді көрсетуі мүмкін деп мәлімдеді.

«Президент Путиннің мұрагері туралы үнемі ойлап отырғаны кездейсоқ емес», - деп жазды Баширов өзінің телеграм-арнасында.

Ол Ресей Конституциясы Еуропа және АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсартуға ықпал ететін өзгерістерге дайын екенін атап өтті. Саясаттанушының айтуынша, Путин ел көшбасшысы бола тұра, ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен салыстыруға болады, ал басқа мемлекеттердің жаңа басшыларына халықаралық қатынастардағы өзгерістерді халыққа түсіндіру оңай болады.

Владимир Жириновский өлер алдында РФ Президенті лауазымына үміттене алатындардың тізімін жариялағаны белгілі. (Біз оқырмандарымызға олардың бұрынғы лауазымдары бойынша өзгеріссіз ұсынып отырмыз – Абай кз.):

РФ Үкіметінің Төрағасы - Михаил Мишустин;

РФ Қорғаныс министрі - Сергей Шойгу;

Ресей Федерациясының бұрынғы президенті - Дмитрий Медведев;

РФ Сыртқы барлау қызметінің директоры - Сергей Нарышкин;

Тула облысының губернаторы - Алексей Дюмин;

Мемлекеттік Дума Төрағасы - Вячеслав Володин;

Федерация Кеңесінің Төрағасы - Валентина Матвиенко;

РФ Үкіметі төрағасының бұрынғы орынбасары - Алексей Кудрин.

Батыстың пікір қандай?

Батыстық БАҚ 2022 жылға дейін Евгений Пригожин мен Рамзан Кадыровты Путиннің ықтимал мұрагері деп жариялағанын жақсы білеміз. Қазір біреуі - өлідей, біреуі - тірідей бұл тізімнен сызылып қалды.

Америкалық AP агенттігі Ресей Федерациясының  президенті Владимир Путиннің мұрагерлеріне қатысты Джим Хайнц жарияланымы бойынша өз болжамын жасады.

Мәскеу мэрі Сергей Собянинді, Үкімет төрағасы Михаил Мишустинді, Ресей президентінің кеңесшісі Николай Патрушевті, президент көмекшісінің өкілі, Мемлекеттік кеңес хатшысы Алексей Дюминді және ең соңынан бұрын президент орынтағында отырған Дмитрий Медведевті болашақ Ресейдің әлеуетті президенттерінің бірі болуы мүмкін деп атады.

Осылайша, Путиннің мұрагері туралы айтқаны әлемдік БАҚ-қа азық болуда. Бірақ Путиннен кейін Ресей тағына кім отыратын болжам емес, нақты өмір көрсетеді.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 1760
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 1953