20-баптың 5-тармағын алып тастау керек, Олжас мырза!

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі
О.А. Бектенов мырзаға!
Құрметті Олжас Абайұлы!
12 мамыр күні Сіздің 2025 жылғы 25 сәуірдегі №68 қандас мәртебесін беру тетігін өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойып, «Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда қандас мәртебесін беру тетігіне заңнамалық түзетулер енгізу жөніндегі ұсыныстар әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылсын. Жұмыс тобы 2025 жылғы 30 мамырға дейін мерзімге қандас мәртебесін беру тәртібін қайта қарау бойынша заңнамалық түзетулер әзірлесін және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметі аппаратына енгізсін!» деген тапсырма бергеніңізді көріп, қатты қуандым.
Тіпті, «Қандас» мәртебесін беру тетігіне заңнамалық түзетулер енгізу жөніндегі ұсыныстар әзірлейтін жұмыс тобының құрамын да бекітіп қойыпсыз.
Бірақ, қандай өзгерістер енгізілетіні туралы айтылмапты...
Құрметті Олжас Абайұлы!
2015 жылдың соңында Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов 2013 жылы құрдымға кетіре жаздаған «Халықтың көші-қоны туралы» заңы жыл бойы Парламентте қайта қаралып, түзетіліп, кемелденіп, соңында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған болатын.
Өкінішке орай, «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» көші-қон үрдісін реттеуге арналған сол заңдар мен нормативтік құжаттардың да, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» - деген Ұлы мақсатының да тас-талқанын шығарды!
Тоқ етерін айтсам, Қазақ көші Кәрім Мәсімов заманындағы бұрынғы таз кепешін қайта киді...
Соның біреуі – бүгін Олжас Бектенов қайта қарау туралы тапсырма беріп отырған этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін беру тәртібі!
Бәрін құртып отырған – «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 20-бабының 5) тармағы.
Аталған норма 2023 жылы 19 сәуірде Сенаттың мақұлдауымен қабылданды.
Бұл нормаға сай, көшіп келушілерді қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған сегіз өңірден өзге тоғыз облыс пен үш қалаға қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесі берілмеуі керек!
Бірақ, бұл норманың Қазақстан Республикасының Конституциясының 21-бабына қайшы екенін айтып, біз мәселе көтерген соң, атқарушы билік тоғыз облыс пен үш қалаға қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін ЗАҢСЫЗ бере бастады, әлі беріп келеді.
20-баптың 5) тармағы Конституциясының 21-бабына ғана емес, 12-бабының 2 тармағына; 14-бабының 2 тармағына да сай келмейді.
Тіпті, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деген Конституцияның 1-бабын еске алсақ, 20-баптың 5) тармағы шеттен келген этникалық қазақтардың құқықтары «ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА» саналмай тұр. Бұл – бір!
Екіншіден, «Қандас» мәртебесін бұрынғы «Халыққа қызмет көрсету орталынынан» (ЦОН) үш жұмыс күні ішінде берілетін тәртіптің «Құтты мекен» мобильді қосымшасы және migration.enbek.kz порталы ақылы 30 жұмыс күні ішінде берілетін етіп өзгертілуі – алыстан оралған ағайынды қатты қинап жіберді. Тіпті, жемқорлыққа жол ашып, делдалдардың жеміне айналдырып жіберді.
Президент Әкімшілігінің маңайындағы Мемлекет басшысының абырой-беделін, ұлттық мүддені ойламайтын санасыз сарапшылардың көші-қон саясаты жөніндегі кеңседе отырып жасаған сапасыз «сараптамасы» негізінде Заңдар мен нормативтік құжаттарға енгізілген бұл өзгерістерді мен Ақордада отырған айырым лауазымды тұлғалардың Ұлы көшті тоқтату үшін әдейі жасаған кедергісі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделін түсіру мақсатында жасаған қастандығы деп есептеймін!
Құрметті Олжас Абайұлы!
Осы орайда Тәуелсіздік алғашқы жиырма жылында Атажұртқа оралған қандастардың санын да еске түсіре кеткен артық болмас.
1991-1996 жылдары 104 009 адам;
1997-2001 жылдары 82 335 адам;
2002-2006 жылдары 384 106 адам;
2007-2011 жылдары 308 832 адам тарихи Отанына көшіп келіпті.
Ал, 2020-2024 жылдары небәрі 41 990 адам ғана оралыпты.
Осы соңғы бес жыл ішінде 6026 адам ТМД мен өзге мемлекеттерге көшіп кетіпті.
Қазақстандағы бес жылдағы көші-қон айырмасы: +35 784-адам.
Демек, жылына жүз мыңдаған қандастарымыз Атажұртына ағылып жататын кешегі Нұрсұлтан Назарбаев заманындағы Ұлы көш жоқ!
Бүгін Қазақстанға көшіп келгендер шетелге көшіп кеткендер мен өлгендердің орнын толтыруға да жетпей қалды!
Сондықтан, қазіргі таңда «Қандас» мәртебесіне өтініш берушілер атқарушы билікке де, «Қандас» мәртебесін беруге келісім беретін Ұлттық қауыпсіздік комитетіне де еш қиындық тудырмайды!
Құрметті Олжас Абайұлы!
Сол үшін Сізден, бірінші, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 20-бабының 5) тармағын алып тастауға;
Екінші, «Қандас» мәртебесін бұрынғы «Халыққа қызмет көрсету орталынынан» (ЦОН) үш жұмыс күні ішінде берілетін тәртіпті түгелдей қалпына келтіруге ықпал етуіңізді сұраймын.
Сондай-ақ, Өзіңіз жақсы білесіз, мен соңғы жиырма жылдан астам уақыттан бері көші-қон саясатымен тынбай айналысып келе жатқан белсенді азаматпын; көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдар мен нормативтік құжаттарға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ықпал еткен тәжірибелі маманмын; Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдаушысымын...
Сондықтан, Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылғы 25 сәуірдегі №68 қандас мәртебесін беру тетігін өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған жұмыс тобына мені де қосуларыңызды өтінемін!
Құрметпен,
Ауыт Мұқибек,
«Ерен еңбегі үшін» медальінің,
«Құрмет» орденінің иегері.
Abai.kz