Мұқағалитанушы Шаяхмет Имашұлы өмірден озды

БЕЛГІЛІ МҰҚАҒАЛИТАНУШЫ ШАЯХМЕТ ИМАШҰЛЫ ӨМІРДЕН ОЗДЫ
Құрметті халайық, қадірлі досымыз, Мұқағали ақынның өнерін насихаттаушы, Райымбек ауданының құрметті азаматы, "Құрмет"орденінің иегері, Кино өнерінің үздігі, ҚР Көркем академиясы академигі, Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Шаяхмет Имашұлы өмірден озды.
Шәкең 1951 жылы 17 қаңтарда Кеген ауданы, Саты ауылында дүниеге келген.
1968 жылы сол ауылда орта мектепті үздік бітірген. 1970 жылы Қазақ ССР-і Мәдениет министрлігі жолдамасымен Мәскеу қаласында атақты ВГИК институтының актерлік факультетіне оқуға түседі.
Ол әлемге Чапаев ролімен танымал болған атақты актер Бабочкиннің класында оқыған.
ВГИК-ті 1974 жылы бітіріп, Қазақстанға оралды.
"Қазақфильм" киностудиясында актер болып қызмет атқарды. Көптеген фильмдерде рольдер ойнады.
Одан кейін, еліміздегі кино саласын дамыту жолында қызмет атқарды.
Осы қызметінде жүріп
қазақ ақыны М.Мақатаевтың жырын және қазақтың одан өзге ақындарының озық жырларын халыққа насихаттаумен айналысты.
Оның сергек санасымен Мұқағали жырларын толық дерлік, одан өзге жүздеген ақындардың үлгілі өлеңдерін керемет актерлік шеберлікпен жатқа оқитын. Белгілі ақын Жәркен Бөдешұлы оған "Қазақ поэзиясының тірі энциклопедиясы" деген теңеу айтты.
Одан кейін біраз жылдар Жүргенов академиясында актерлік шеберлік саласында дәріс берді.
Шәкең студент шағында Ел президенті Қ.К.Тоқаевпен қатар оқығанын, сол кездегі достықтарын еске алушы еді - ел басшысы елге абыройлы болса деп тілейтін...
Шәкең күні бүгінге дейін "Ғұмырдария" балалар шығармашылығы орталығы өткізетін конкурстардың жюри төрағасы болып, небір таланттардың қайнар бұлағының көзін ашты.
Шәкеңнің әлі де халқына қызмет етуге құштарлығы зор еді.
Әттең, сұм ажал оны кенеттен арамыздан алып кетті - бүйректе бұққан бір түйір тас дегеніне жетті...
Осындай жақсы адам қайтпас сапарға кетті.
Бақұл болыңыз, жақсы аға, дос, бауыр!
Барлық достары атынан: Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz