Сәрсенбі, 14 Мамыр 2025
Әдебиет 249 0 пікір 14 Мамыр, 2025 сағат 11:00

Тылсым дүниемен тілдескен тұтқын

Бейтарап сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

(Тылсым дүниемен тілдескен Мұхамади қажы)

Айдынды Балқаш көлінің шығыс бөлігіндегі Қысқаш тауының баурайында ертеректе тылсым әлеміне терең бойлаған, ерекше  қасиетке ие адамдар мекендеген Көктерек ауылы орын тепкен.

Белгісіз себептермен тарихтың қалтарысында қалып, заманында атырапқа белгілі болған аты мен ұрпағы ұлықтауға тұрарлық істері ұмытыла бастаған сондай қайраткер жандардың бірі - осы өңірден шыққан алғашқы қажы, тылсым күш иесі, күрескер Мұхамади Бисекеұлы екені анық.

Мұхамади қажы мөлшермен 1852 жылдары Семей облысы, Сергиополь уезі, Мәмбетбай-Қысқаш болыстығына қарайтын «Қанжығабұлақ» бекетінің маңайында өмірге келген. Олай дейтініміз, дәл осы төңірек Садыр руынан тарайтын Анданың ішіндегі Айдар ата ұрпақтарының ежелден бергі тұрғылықты жерлері. Лепсинск қаласының түрмесінде 1916 жылы патша жендеттерінің қолынан қаза тапқан Мұхамади қажының сүйегі осы Қанжығабұлақтан бір көш  жердегі «Аяқкөлде» арулап жерленген. Олай болса, қажының кіндік қаны тамған, саналы ғұмыры өткен жер осы маңай деп топшылауға негіз бар.

Бүгінгі күні арамызда жүрген ұрпақтарының айтуына қарағанда, Мұхамади өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу перзенті, тоқығаны көп тақуасы, қажыры таймаған қажысы, дәулетті азаматы болған.

Қажы демекші, егер тарихқа үңілсек, қазақ ауқаттыларының Мекке мен Мәдинеге қажылық сапарға барғаны жайлы жазбалар мен деректер XVIII ғасырдың екінші жартысынан бері қарай сақталған. Қасиетті кітап Құран Кәрімде мұсылманның қажылық жасауы - парыз болып белгіленсе, шариғатта қасиетті рамазан айынан кейін Меккеге барып, Қағбаны жеті айналып тәу етуі ләзім екендігі айтылады.

Қазақтың hәкімі, ұлы ақыны Абайдың әкесі Құнанбайдың 1874 жылы қасиетті Меккеге құлшылыққа барып, сол жердегі екі жылға созылған қажылығы барысында  өз қаржысына «тәкие», яғни  біздің елден баратын мұсылмандар түсетін қонақ үй салдырғаны жөнінде 1883 жылы Қазан қаласында шыққан «Маңызды мәселелер кітабында» жазылады.

Ал, содан кейін отыз жыл уақыт өткен соң 1905-1906 жылдары Алаштың белгілі философы, ақыны hәм шежірешісі Шәкәрім Құдайбердіұлының да қажылық сапарымен Меккеге барғаны белгілі. Қастерлі Мекке қаласында Шәкәрім туған атасы Құнанбайдың басшылығымен және қаржысымен салынған тәкиені тауып барғанымен, ол жерде түстене алмаған. Шәкәрім соңынан қажылық жайлы жазған өзінің естелігінде: «Меннен бұрын барған қажылар кiрiп қалған екен. Оларды ренжiтпей, пәтер алып, түстiм», – дейді.

Қайтар жолында тобындағы адамдар арасынан ауру шығуына байланысты, Шәкәрім қажы Ыстамбұлда бір ай амалсыздан аялдап, кітапханаларын аралап, ғұлама адамдармен танысып, жақын араласқан. Бұл жөнінде  «Qazaqstan tarihy» интернет порталында абайтанушы Асан Омаров «Шәкәрімнің Меккеге сапары» мақаласында егжей-тегжейлі  тоқталып өткен.

Сол кезеңдердегі Семей жақтың зиялы қауымымен тығыз байланыста болған Мұхамади Бисекеұлының Сауд Арабиясындағы Меккеге ұзақ та қатерлі сапар шегіп, мұсылманның бес парызының соңғысы қажылық парызын өтеген уақыты 1900 жылдардың басына сәйкес келетін іспетті.

Бұрындары Меккені бетке алғандар оған топталып баратын, қастарына жол сілтеуші, тәржімеші, отын-суын қамдаушы, қолды-аяққа тұрмайтын көмекшілерін қоса ала жүретін. Мұқамади да қасына көмекші әрі атқосшы жол серігі есебінде жасы өзінен әлдеқайда кіші аталас бауыры Әбжанды  ерте барған екен. Туған жерлеріне аман-есен оралған соң ел-жұрты олардың бірін Мұхамади қажы, ал екіншісін Әбжан сопы атандырған.

Архив құжаттары дәлелдеп отырғандай, ұлы Абай да, шежіреші Шәкәрім Құдайбердіұлы да қажылыққа Семейден аттанған. Меккеге сапар шеккен Мұқамади қажының барар жолы да солар жүрген бағыт арқылы өрбіген болса керек.

Қанжығабұлақтан қажылыққа шыққан Мұхамади сапары Поштасай бекетін басып Аягөз арқылы Семейге түсіп, одан Ертіс өзенімен пароходпен Омбыға дейін жалғасып, ары қарай пойызбен Қазан қаласының үстімен өтіп, Мәскеуге жеткен. Бұл жерден жүрдек пойызбен Одессаға аттанып, одан кеме арқылы Қара теңізді көктей өтіп, Ыстамбұлға барып тұрақтаған. Түркияда біраз тыныққан соң, су бетімен Мысырдың Суэц каналы басындағы Александрия-Саид портына жетіп, Жерорта теңізі мен Қызыл теңізді жалғаған канал арқылы Қызыл теңіздің айдынына шыққан соң, Сауд Арабиясындағы Жидда портына жетуі кәдік. Дәл осы айлақтан Меккеге дейінгі қашықтық бар-жоғы жүз шақырым екен.

Міне, бұрынғылардың Құдайға құлшылық қылатын Мекке сапарын «айшылық алыс жол» дейтіні осындай ұзақ уақыт жұмсалатындықтан келіп шыққан түсінік екені анық. Мұхамади атамыз Меккеде болған кезінде Құнанбай қажы құрылысын бастап, Кіші жүздің белгілі байлары мен мырзалары аяқталуына көмегін берген «тәкиеге» түсуі бек ықтимал. Әрине, бұл біздің дәлелді дерексіз жасаған жорамалымыз ғана.

Мекке-Мединеге баратын адамдардың дәулетті болуымен қатар, сол замандағы қазақтың билік ұстаған, білімі асқан, атағы мен абыройы тең түскен атпал азаматтарымен үзеңгілес, аралас-құралас жүретіні белгілі. Мұхамади қажының да осындай Жетісу, Семей өлкелеріндегі жақсы- жайсаңдармен иық тірестіріп, дастархандас, пікірлес болғаны айтпаса да  түсінікті.

Жалпы, ол кездегі қажылық үлкен қаражатты талап ететін, ең кем дегенде алты ай немесе бір жылға созылып кететін бұл ауыр да қатерлі сапар үшін арнайы қажылық паспорт, маркалары, консулдық визаларымен қоса жол жүру  және қонақ үй ақысы, құрбандық шалатын  малымен бірге есептегенде 100-300 рубль қажет болған. Егер, Ресейде 1917 жылғы революцияға дейін үш рубльге бір сиыр келетінін ескерсек, бұл соманың аз ақша емес екендігін байқаймыз.

Осы тұрғыда, қажы ұрпақтарының «арғы бабамыз Мұхамади кезінде дәулеті  шалқыған ауқаттылар қатарына қосылып, бай атанған» деген сөздері шындыққа жанасып тұр.

Қажының кіндігінен төрт бала тараған: үлкен қызы Ұятты, одан кейін ұлы Райыс, қызы Самаурын, кішісі Молдахмет. Осылардың ішінде Ұятты өр жақтағы Көлбай ауылында өмір сүріп, сол маңайда дүниеден өткен. Аты аңызға айналған Райыс молда кеңес өкіметіне қарсы шыққан контрреволюциялық әрекеті және Алашордалықтарды жақтағаны үшін жарты ғасырға жуық қамауда отырып, Красноярск түрмесінде қайтыс болды. Әкесінен қасиет дарыған Самаурын апа 1973 жылы Көктерек ауылында пәни жалғанмен қоштасқан. Кенжесі Молдахмет 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласынан қайтпады.

Көзі тірісінде Мұхамади Бисекеұлының өмірден түйген тәжірибесі мол, ел-жұрты ардақтаған, мәдениеті жоғары, сауатты азамат болғаны белгілі. Оның сауатты болғанының анық дәлелі – қажының қолданған жеке сия сауытын күні бүгінге дейін ұрпақтары қастерлеп, сандық түбінде сары майдай сақтап отыр. Былғарымен қапталған жоғары сапалы сия сауытты атамыз Меккеге барған сапарынан әкелуі мүмкін. Өйткені, сол жәдігермен бірге ақ бәтеске оралған бір уыс топырақ та ғасырдан артық уақыттан бері ұрпақтан ұрпаққа ауысып, қәзір Мұхамади қажының ұлы Райыстан туған марқұм Аят апамыздың ұлының шаңырағында сақтаулы тұр.

Ертеректе мұндай алыс та, қауіпті сапарға шыққан адамдар немесе соғысқа  аттанғандар өздерімен бірге туған жерінің бір уыс топырағын ала жүретін.  Бұл егер, алда-жалда ажалы шет жерде келсе, өзімен бірге көміліп, туған жерінің топырағы бұйырсын деген қазақи ырым еді. Бәлкім, әлгі топырақ  та қасиетті Мекке жерінен әкелінген болар?

Ауыл арасында айтылатын аңызға сенер болсақ, Мұхамади қажының тағы бір кереметі - дұға оқып, кішігірім бұлақ суының ағысын кері қайтаратын  қауқары болған көрінеді. Бұл шындығында солай ма, жоқ әлде қажының тылсым күш иесі екендігін айғақтау мақсатында қолданылатын «теңдессіз» теңеу ме? Ол жағы бізге беймәлім.

Мекке сапарынан аман-есен оралып, туған топырағына аяқ тіреген қажы Аяқкөлде өз қаржысына мешіт салдырған. Әбжан сопы өмірден өткенше сол мешітте азан шақырып, ел-жұрты мұнда мұсылмандық парыздарын өтеген.

Енді сәл кері шегініс жасап, Мұхамади қажының күрескерлігі мен қайраткерлігіне тоқталар болсақ, ресми деректерге сүйеніп жазылған орыс зерттеушісі Иван Чеканинскийдің «Восстание киргиз-казаков и кара-киргизов в Джетысуйском (Семиреченском) крае в июле-сентябре 1916г. (к материалам по истории этого восстания). Кзыл-Орда, 1926 г.» атты еңбегінде мынандай бір маңызды деректер кездеседі: «1916 жылы қырғын шайқас болған аймақтардың бірі – Лепсі уезінің Мақаншы-Садыр, Мәмбетбай-Қысқаш болыстықтары еді. Бұл жердегі қанды қырғынның орын алуына ел ішіндегі кейбір билердің сатқындығы мен әрекетсіздігі де себеп болды. Олар «елім патшаға қарсы шығып жатыр» деп хат жазып, өздері әскер шақырып, халықты қанға бөктірген жағдайлар да байқалды.

Осындай оқиғалардан соң, Лепсі уезіне қарасты Алакөл мен Шарбақты болыстықтары, Бахты учаскесінің Барлық, Емел болыстықтарының көптеген қазақтары Қытайға ауа көшті. Ал, қазақтардың екінші бір топтары Жоңғар Алатауының адам аяғы баспас қияндарына, үшіншілері Балқаш құмдарына қарай қашты.

Лепсі уезіндегі орыстар мен қазақтардың ашық түрдегі бетпе-бет қақтығыстары 1916 жылдың шілде айының соңында басталды.

Алғашқы «бүліктер» басылған соң, қыркүйек айының басына дейін тыныштық орнағандай еді. Бірақ, 9 қыркүйек күні Мақаншы-Садыр болыстығының №10 ауылында болыс пен кеңсе қызметкері қара жұмысқа жастарды алу жөніндегі жарлықты орындауда тым еркінсіп кеткені соншалық, қарапайым халық оларды ұрып өлтіріп қоя жаздады.

Мәмбетбай-Қысқаш болыстығының басшысы жеткізгендей, осындай қақтығыс Романовское селосында қайталанды. Дәл осы кезде «Мақаншы жазығында қазақтар сьезге жиылып, олар Черкасское селосынан 30 шақырым жердегі Сарат селосына қауіп төндіріп тұр» деген қауесет тарайды.

Мұны естіп Лепсинскіден шұғыл шыққан штаб-ротмистр Маслов отрядының алдын көтерілісшілер кес-кестейді. Олар ұрандап екі шақырымға созылған шеп ұрып, казак жүздіктерін Саратқа жібермейді. Осы жерде шайқас басталып, ереуілшілер едәуір шығынға ұшырап, жаралы жолдастарын алып, кері шегінеді. Бұл жөнінде Лепсинскіге дереу хабар жіберіліп, жан-жақтағы селолардан көмекке әскери казак отрядтары шақыртыла бастайды.

Саратқа жақын селолардан шұғыл жеткізілген Семиречье казак әскерлерінің  мұздай қаруланған жүздіктері 9 қыркүйек күні  Мақаншы-Садыр болыстығының көтерілісшілеріне  көмекке ұмтылған Мақаншы-Шілікті және Мәмбетбай-Қысқаш болыстығының қазақтарымен айқасқа түседі. Оларды  бастап шыққан  Мәмбетбай-Қысқаш болыстығының №4 ауылының  молдасы Мұхамади қажының  ереуілшілері орыс жасағына қатты қарсылық танытады.  Әскери іске машықтанған әрі винтовкамен жақсы  қаруланған Семиречье казактары құр найза-қылышпен алысқан ереуілшілерді  батпаққа қуып тығып,  оқтың астына алып, қолға түскен 200-дей адамды азаптап, қылышпен шапқылап, найзамен түйреп  өлтіреді.

Қалған қазақтар қашып Лепсі өзенінің қарсы бетіндегі Романовское селосына тығылғанымен, ол жақта да орыс отрядының талауына ұшырайды. Орыстар бұлардың 5000-ға жуық қой, сиыр, түйе, жылқыларын тартып алып, 92 адамын тұтқындаған. Оның ішінде көтеріліс басшыларымен бірге ауыл старшындары, билер, елубасылар болған. Осы  оқиғадан соң Лепсі уезіндегі халық көтерілісі тоқтатылып, қыркүйектің соңына қарай Қытайға өтіп кеткендерінен басқа барлық болыстықтар қара жұмысқа адам бере бастайды».

Ресей императоры Николай II-нің 1916 жылғы 25 маусымдағы армияның қара жұмысына ер-азаматтарды шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болған ұлт-азаттық көтерілісіне қазақ поэзиясының құлагері, ақын  Жансүгіров Ильяс «Лепсі оязында» әңгімесін арнады. Ол Иван Чеканинскийдің жазғанымен үндес. Сол деректі әңгімеде Ильяс Жансүгіров жерлесі Мұхамади қажы бастаған Сарат көтерілісшілері жайлы төмендегідей мәліметтер келтіреді: «Лепсіде  де ел шу дегеннен-ақ толқыды. Бұл жолғы ереуілді басқан соң қазақ төменшіктеп қалғандай болды. Қыркүйектің басына шейін үндемей, тыныш болып келді.

Бірақ, тоғызыншы қыркүйек күні Мақаншы-Садыр болысының оныншы ауылында съез құрып жатқан болыс пен тілмаштың дағдылы еркелігін көтере алмай, жиылған ел оларды сабап тастай жаздайды. Осы сияқты оқиға Романов поселкесі жанындағы Мәмбетбай-Қышқаш болысында да болып қалады. Болған жайды айтып, болыстар оязға қағаз түсіреді.

Осы кезде Серкешке (Черкасский) отыз шақырым жердегі Саратау қаласына (қазақтар «Сарат» дейді) маңындағы елдер Мақаншы өлкесіне шабуыл жасағалы жатыр деген хабар келіп, Черкасский қаласының халқы шошынып, үркулі деген сыбыс шығады.

Саратауға қарай Қарғалыны басып, отыз бес кісі казак әскерімен Маслов жүреді. Екінші жағынан Саратауға Мақаншыны басып, Қапал әскерінен он бес кісілік әскер шығады. Соңғылары Масловқа қосылмақ болып келе жатады. Маслов өз бетімен Саратауға жақындап, сегіз шақырымдай жер қалғанда алдынан шеп жайып, жолын бөгеп тұрған қазақтарды көреді. Қазақ қолы шашырап, екі шақырымдай жерге созылып тұр екен.  Осы арада екі жағы да атысады. Бірақ қазақ жағының шығыны көп болып, олар оқ тиген жаралыларын қалдырмай жинап алып, шегініп жылжып кетіседі.

Он бірінші қыркүйек күні Вязигин Саратауға келеді. Мұның алдында Маслов та алдыңғы он кісілік әскермен қосылып осы қалаға келген екен.

Бұл арада барлауға жіберген аттылар бір хабар әкеледі. Олардың айтуынша, «Мақаншы-Шілікті мен Мәмбетбай-Қышқаш болысының бірталай қазағы, бастығы Мұхамади қажы болып, Мақаншы-Садыр болысының көтерілісті еліне көмекке келе жатыр» дейді.

Сол күні сағат тоғыз шамасында қазақтар Саратауға қарай бет түзеп қозғалады. Бұлардың алдынан жасырын хабаршы қылып жіберген урядник Костин қасындағы кісілерімен қайта қашады. Қазақтар ұран салып, қалаға тиеді. Бірақ қаланың іргесіне келіп қалғанда атылған көп мылтық бұларды еріксіз кейін серпілтеді. Олар әр жерге серпіліп барып, күшті қайта жинап алып, үкімет әскерін қоршап, айналып алады. Түнімен қаланы қамап жатады.

Ертеңінде Басқаннан көмекке келе жатқан Осиповтың әскерінің хабарын естіп штаб-ротмистр Маслов Вязигинді бастық қылып, шабуылға әскер шығарады. Бұлар қылышпен, найзамен қимыл қылады. Қазақ қарулы әскердің тасқынына шыдай алмай қырғын көріп, кейін шегінеді. Бұлардың ішінен бір бөлініп кеткен екі жүздей кісі «Көлге» қамалып қалып, түгелімен кескіленіп өлтіріледі. Қалғандары Лeпci өзенінің бір жағынан қашып шығады. Бірақ ол жақта да қаза көріп, көп малынан айрылады. Қуған отряд бес мың қой мен көп ірі қара алып кетеді. Одан басқа тоқсан екі кісі мен ереуіл  басшыларын  қамауға  алады».

Бұл жерде Ильяс Жансүгіровтің «Көл» деп отырғаны Сарат поселкесінен батысқа Көктерек ауылына қарай шыққан жолдағы Тәуке көлі болса керек. Көктеректің  көнекөз қариялары ертеректе осы шалқып ай тәріздес доға болып иіліп жататын Тәуке көлінің жағасы қалың жыныс тоғай мен батпақты қамыс болғанын айтатын. Мұздай қаруланған Семиречье әскери казактарының тегеуірінен кейін серпіліп қашқан көтерілісшілер жаралы жолдастарын ұрыс алаңына тастамай өздерімен бірге ала қашып, осы қалыңға  келіп тығылған.

Атақты «Сарат көтерілісі» аяусыз басып жаншылған соң, қанды қасаптан аман қалып немесе жараланып қолға түскендер Лепсинск қаласындағы түрмеге тоғытылды. Ұсталғандардың арасында көтеріліс басшыларының бірі, орыс  әскеріне қарсы ерлікпен соғысқан  Мұхамади қажы да бар болатын.

Лепсинск абақтысына түскен жүзге жуық тұтқындарды әскери  казактар   тергеу астына алып, аямай қатаң жазалаған. Олар мұндай патша өкіметі үшін  қауіпті тұтқындарды тым қатал ұстап, қатыгездік танытатын. Жендеттер бұл түрмеде зар заманның заңына қайшы әрекет жасап, өздерінің азаттығы үшін отаршылдарға қарсы  көтеріліске шыққан қазақтарды қалт жібермей қадағалап, қанды шеңгелдерін қадауға даяр тұрды.

Көтерілістің жалынды басшыларының бірі болған Мұхамади қажы түрмеге түскен күннен бастап күзетшілерді абдыратып әуреге салып, әбден тығырыққа тірейді. Жастайынан имандылыққа тәрбиеленіп, басқан қадамы байыппен, әр ісін ойлана жасайтын Мұхамади қажының тегін адам еместігін   қарауылдар бірінші күннен-ақ  байқайды. Бес уақыт намазын қаза етіп көрмеген қажы қапас түрмеде мұсылмандық парызын уақытылы өтеп тұруға барынша күш салып, Құдайға деген құлшылығын үзіп көрмеген  жан.

Қажыны қатаң бақылаған қарауылдар әдейі намаз уақыты таянғанда оның қолына қасақан кісен салып қояды екен. Бірақ, қайта айналып соққан күзетшілерге таңырқап таң қалудан басқа ештеңе қалмайтын еді. Құдайдың құдіреті ме, жоқ әлде тылсым күш иесі қажының мықтылығы ма, намазын дер кезінде өтеген Мұхамадидің  қолындағы кісені  ашылып, жанында бос жатады. Бұл керемет құбылысты немен түсіндіруге болады?  Қысқасы,  ғажайып!

Түрме басшылығы тылсым дүниемен тілдескен тұтқыннан сескенді ме, жоқ әлде оның адам сенгісіз керемет қасиетінен өздеріне зиян келеді деп қорықты ма, көп уақыт созбай көтеріліс басшыларының бірі Мұхамади Бисекеұлын тергеусіз және сотсыз атып өлтіреді. Әйтеуір, бір амалын тауып қайран ердің мүрдесін  қолға түсірген ағайындары түн қараңғысымен жасырын алып кетіп, қажы сүйегін Аяқкөлге әкеліп жерлейді.

Садыр руларының  орыс әскерлерімен жан алысып, жан беріскен қырғын шайқастарында шаһид болған есіл ерлер жоғарыда айтылатын Тәуке көліне жалғасып жатқан Аяқкөлдің қыр жағындағы қорымда көптеп жерленген.

Жетісуға белгілі жазушы, өлкетанушы Қалилаханов Тәңірберген осы өлкедегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне жыр арнады. Оның «Саратов көтерілісі» атты поэмасында дінбасы Мұхамади қажының ерлігі шынайы суреттелген. Ержүрек Мұхамади қажы көтеріліс көсемі ретінде Садыр руынан жасақ құрап, оның ақ туын Қалилахан қолына алып, аруақтарына сыйынып, қарулы патша әскеріне қарсы найза, сойыл, қылышпен тайсалмай шапқанын әдемі сөздермен өрнектеген:

Атылған оққа беттемей,

Осқырып аттар шегінеді.

Бас сауғалап кет демей,

Ерлер атын тебінеді.

Қатарында солардың,

Айдардан шыққан дінбасы,

Мұхамади нұсқаған,

Ақылдас та сырласы,

Ақ туын соның ұстаған.

Қалилахан әкем де,

Сол қырғынды көріпті.

Қарсы барып қатерге,

Өмірін қиып, өліпті.

Сөз ыңғайы келгенде айта кететін тағы бір жайт, 1916 жылғы осы «Сарат көтерілісіне» бүгінгі күні елге белгілі қоғам қайраткерлері, атақты ғалымдар Ерлан және Нұрлан Арындардың арғы аталары да белсене қатысқан. Орыс жендеттерінің қолынан қылышпен аяусыз кескіленіп өлтірілген олар да  Мұхамади қажы мәңгілік тұрағын тапқан Аяқкөлдегі қорымға бірге қойылған. Арын ата ұрпақтары 2004 жылы өздерінің патшалық Ресейдің отаршылығына қарсы ұлт азаттық көтерілісінде ерлікпен қаза тауып, Аяқкөлде жерленген аталарына үлкен зират салып, басына ескерткіш тақта орнатты.

Мұқамади қажының 1916 жылғы Жетісу облысы, Лепсі уезіндегі «Сарат көтерілісі» кезінде қарақан басын бәйгеге тігіп, «жастарды армия жұмысына бермейміз» деген ұранмен көтерілісшілерді ұйымдастырған және  Семиречье әскери казактарымен аянбай соғысқан іс-әрекеттері оның батыл күрескерлігін айғақтайды.

Мұндай дәйекті де дәлелді деректер Мұхамади Бисекеұлының тек қана имандылық жолында жүріп, қажы атанып қана қоймай, ел басына күн туған заманда соңынан халқын ертіп, патша әскерінен қаймықпай «Алдиярлап» аттандап қарсы шабуы - оның батырлығы мен ержүректігін аңғартады.

Кейін уақыт өте келе, артында қалған ұрпақтары мен ел-жұрты жиылып салған Мұхамади қажының зиратының басында көпке шейін шырақшысы да болған. Соған қарағанда, кезінде қажының мазарына тәу етіп келушілер қарасы да аз болмаған секілді.

Бертінде Мұхамади қажының немересі, Райыс молданың қызы Кәмәш қатты   ауырып, қаралмаған дәрігері қалмағанымен, дертіне дауа таппайды.  Үлкендердің кеңесімен ол кісі әулие Көтен тәуіптің зиратына түнеп, мінәжат етуге жолға шығады. Түнде тәуіп атамыз науқастың түсіне кіріп: «қызым,  маған әуре болып, несіне келдің? Сенің туған атаң Мұхамади қажыға  әулиелік қасиет қонып, бақ дарыған. Сол бабаңның басына барып түне,  дертіңнен айығасың»,- деп аян береді.

Содан Кәмаш Лепсі-Сарат тас жолының бойына жақын орналасқан Аяқкөлдегі атасы Мұхамадидің зиратына түнеп, құлан таза сауығып қайтқан көрінеді. Міне, осының өзі қажының  ерекше қасиет пен тылсым күш иесі болғанын айғақтап, тумысын зорайтып, тұлғалық бейнесін аша түсетіні анық.

Бүгінде үлкен өкінішке орай, қажының мазары табиғат әсерімен жермен жексен болып бұзылып, орны атаусыз аласа бір төмпешікке айналған. Мүмкін, мұсылман баласының бағзы замандардағы нанымы мен сенімі бойынша, солай  болуы керек те шығар.

Дегенмен, аты аңызға айналған тарихи тұлға, елім деп еңіреп өткен есіл ер Мұхамади қажының есімін ел есінде қайта жаңғырту мақсатында оның жатқан жері қоршалып, басына белгі есебінде ескерткіш қойылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бұл өлкесіне имандылық ұрығын сеуіп, жұртын бірлік пен тірлікке шақырған абыз атаға, ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушы күрескерге, Көктерек топырағынан шыққан алғашқы қажыға деген үлкен құрмет болар  ма еді?!

Есенай Іңкәрбаев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  доценті, саяси ғылымдар кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2467
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4141