Қазақстан өмір сүру сапасы жағынан ОА-да көш бастады

CEOWORLD журналы Human Progress Index рейтингінде өмір сүру сапасы бойынша Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстан бірінші орынға тұрақтады, деп жазды.
Жаңартылған рейтингіде өмір сүру сапасы мен ұзақтығы, білім беру деңгейі, саяси тұрақтылық, жан басына шаққандағы табыс және мүмкіндіктерге қолжетімділік сияқты көрсеткіштер талданған. Бұл көрсеткіштер неғұрлым жоғары болса, елдің рейтингтегі орны соғұрлым жоғары болады.
2024 жылға арналған есептің нәтижесі бойынша өмір сүру сапасы жағынан әлемдегі ең үздік ел – Швейцария. Келесі орындарды Норвегия мен Исландия иеленді. Төртінші орында Гонконг. Алтыншы және жетінші орындарда – Дания мен Германия. Онындыққа Ирландия, Сингапур және Аустралия кірді.
Түркия рейтингте 48-орыннан көрінсе, Ресей – 59, Беларусь – 72, Армения – 78-орында.
Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде өмір сүру сапасы бойынша көшбасшы деп танылып, жаһандық рейтингте 70-орын иеленді. Ал Түрікменстан – 96, Өзбекстан – 108, Қырғызстан – 119, Тәжікстан – 128-орында орналасқан.
CEOWORLD сарапшылары рейтингті жасау барысында 196 елді тұрақтылық, қанағаттану деңгейі және тепе-теңдік атты үш негізгі санат бойынша салыстырған. Әрбір санатқа жататын 23 көрсеткіш бойынша 100 балдық жүйемен бағалау жүргізілген.
Abai.kz