Алматыда жастарға сейсмикалық қауіпсіздік туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, қала жастарына арналған сейсмикалық қауіпсіздік бойынша ақпараттық шараларды басталды. Бұл бастама еліміздегі ең сейсмикалық белсенді аймақтардың бірі саналатын Алматы қаласында жастардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруды көздейді.
Аталған шаралар қаладағы жоғары оқу орындарында жүйелі түрде өтіп жатыр. Онда студенттерге жер сілкінісі, табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде өзін-өзі ұстау ережелері, қауіпсіздік алгоритмдері жан-жақты түсіндірілуде. Сонымен қатар, табиғи апат немесе адамдардың қателігінен орын алатын өрттердің алдын алу, алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсету сынды маңызды тақырыптар қозғалды.
Бұл шараның басты маңыздылығы – жастар арасында төтенше жағдайларға дайын болу мәдениетін қалыптастыру. Алматы қаласы – тек ірі мегаполис қана емес, сонымен қатар сейсмикалық тұрғыдан күрделі аймақ. Мұндай жағдайда әрбір азамат, әсіресе жастар, қандай да бір төтенше оқиға болған кезде өз өмірін қорғап қана қоймай, айналасындағы адамдарға да көмек көрсете алуы қажет. Бұл тек жеке қауіпсіздік емес, тұтас қоғам қауіпсіздігіне қосылған үлес. Осындай шаралар арқылы жастарға дағдарыс жағдайында шешім қабылдау, сабыр сақтап, нақты әрекет ету қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріледі.
— Бүгінгі шара арқылы мен өзім үшін көп жаңа ақпарат алдым. Менің ойымша, әрбір азамат төтенше жағдай кезінде "не істеу керек?" деген сұраққа жауап бере алуы керек. Алдағы уақытта осындай шара өтсе, міндетті түрде қатысатын едім, — деді шараға қатысқан студент Ерболат Мұсабеков.
Ақпараттық қауіпсіздік жұмыстары – алдын алудың ең тиімді тәсілі. Қауіп-қатер туындаған сәтте ғана емес, оған дейін дайын болу – заманауи қоғамның басты қағидаларының бірі. Осы орайда, Жастар саясаты басқармасы мен ТЖД-ның бірлескен бастамасы жастармен тұрақты жұмыс жүргізіп, қауіпсіздік саласындағы сауаттылықты арттырудың нақты мысалы болып отыр.
Жоспар бойынша, мұндай шаралар тек жоғары оқу орындарымен шектелмей, алдағы уақытта қаламыздағы барлық комьюнити орталықтарында да өткізілетін болады. Онда жастармен интерактивті форматта кездесулер ұйымдастырылып, симуляциялық жаттығулар мен практикалық сабақтар арқылы қауіпсіздік дағдылары үйретілмек.
Abai.kz