Дәуір мен даланың ұлы
ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВ: ӨЗ КЕҢІСТІГІН КЕШІП ӨТКЕН АҚЫН
АҚЫН ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ АВТОРЛЫҚ ИНТЕНЦИЯ: АДАМ, УАҚЫТ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ЖАДЫ
Жаратылыстың жанды өзегінен шыққан жалын мен дарын.
Есенғали Раушанов — поэзияға өзі іздеп келген ақыннан гөрі, поэзияның өзі таңдап алған адамға көбірек ұқсайды. Оның болмысында бір қалыпқа сыймайтын еркіндік, сырт көзге сыр бермейтін мұң, табиғатпен тілдескенде ғана толық ашылатын ішкі әлем бар. Ол ақындықты мінезіне айналдырған жоқ, ақындық оның мінезінен табиғи түрде өрбіді.
Әуелден құлдық деймін сөз бергенде,
Сол сөзді алып келдім безбендерге,
Жасымнан айтып жүрген хиссам еді, Осындай отырысқа кез келгенде.
Бері отыр, құдаша қыз секемі көп,
Зілі жоқ әзіл айтсақ, өтемі жоқ.
Жақын кел арғы-бергі жат пен жуық,
Алаштың баласының бөтені жоқ. ("Ғайша бибі")
Бұл ақындық болмыс — бір адамның ғана еншісі емес, Абыл, Нұрым, Ақтан, Аралбай, Қашаған, Сәттіғұл, Сүгір сынды жыр жүйріктерінен бастау алып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани сабақтастықтың жемісі. Есенғалидың жыр несібесі де осы тарихи арнадан нәр алып, ұлттық поэзияның табиғи кеңістігінде қалыптасты. Оның өлеңдерінде туған жердің үні, халықтың жады мен уақыттың мұңы өзара астасып жатады. Поэзия талантқа ғашық күйінде ғана сұлу, ақынға ғашық күйінде ғана жүрекке жақын, адамзатқа арқау, мейірімге шырақ. Есенғали — жырдың періштедей дидарын көріп, қылығынан рухани ләззат алуға оқырманға мүмкіндік жасап кеткен дарын иесі.
Ауылымның қонған жері — бұла қайнар, Қайнардан су ішеді қылағай нар.
Мінгесін қылағайға келіп қалды,
Қараша, Қауыс деген құдағайлар.
Келсең кел алағайлым, бұлағайлым,
Күлмеймін, қайғырмаймын, жыламаймын.
Бір күні қыс та жетер деймін іштей,
Жабысып өркешіне қылағайдың. ("Күзгі ойлар", Есенғали)
Селдеткен, нөсерлеткен көкнайзағай, кеттің бе кескілесіп мезгілменен?.. Сенен күз, сосын тағы Қаңтар қалды! Дәурен сол, бәз баяғы «Мәжүнін тал» көрінген жолаушыға иіліп тұр. Иә, солай, қыстың жүзі қыраулы. Тұман бәрі... Қоғам тұман... Ел тұман... Есенғалиға жақындайын десең — тауға біткен мұнар, алыстайын десең — жүрегіңнің тұсындағы тұмар. Оның жұмбағы да, жақындығы да осында. Ол өзін түсіндіруге асықпайды. Өлеңінің есігін ашып қояды да, арғы жағындағы кеңістікті оқырманның өзіне қалдырады.
Біреулер «мықтымын» дер, «тектімін» дер, Білмеймін бізде қандай өтті дүрлер.
Санасаң жеті атамды алда-жалда,
Сағыныш — бір атасы деп біліңдер! (Есенғали)
ТЫЛСЫМ МЕН ТАБИҒАТ СЕНГЕН — ПОЭЗИЯ!
Дегдарлықтың дара әлемі.
Ақынның табиғаты — даладай еркін, таудай тұйық, жусанның иісіндей таныс әрі сағыныштай алыста. Ол табиғатты сырттай тамашаламайды, оның ішкі үнін тыңдайды. Жусанның иісі, даланың тынысы, құстың қанаты, түннің қараңғылығы — бәрі де оның өлеңінде өз алдына тіршілік иесіне айналады. Ақын үшін дала — географиялық мекен емес, адам жанының да, халық жадының да кеңістігі. Оның еркіндігі де осы табиғи танымнан басталады. Ол ешкімге ұқсауға тырыспайды. Өзгеге ұқсамауды мақсат етіп те алған жоқ. Ол өзіне тән дүниені өзіне тән қалпында көрді. Сол себепті оның өлеңдерінде тосындық бар. Бұл — әдейі жасалған ерекшелік емес, көпшілік байқамаған құбылысты көре білетін зерденің нәтижесі. Оның тақырыбы — оқыс. Ол көзге көрінгенді қайталап суреттемейді, көптің көзіне ілінбегенді көреді. Көрместі көрудің, еленбегенді елеп, елеусіз құбылыстан үлкен мағына табудың қас шебері. Кейде бір қарапайым көріністің ішінен тұтас дәуірдің елесін байқатады. Кейде адам байқамай өте шығатын тіршілік иесінің тағдырынан адамдықтың өлшемін іздейді. Ақын үшін өлеңнің материалы — өмірдің өзі, бірақ ол өмірді көзге көрінген қалпында қайталамайды. Оның тасасында жатқан мағынаны аңдиды. Ақынның адамдық болмысы да өлеңінен бөлек емес. Ол — дабырадан гөрі үнсіздікті, жасанды биіктіктен гөрі табиғи тектілікті, сыртқы салтанаттан гөрі ішкі тазалықты бағалайтын жан. Өзгенің талантын қызғанбайтын, бардың баянынан шарап ішкен сері жүрек. Жоқтың — талантсыздық пен танымсыздықтың — тарлығы мен таңқылығынан бойын аулақ салып, қауырсын қаламына кір жұқтырмай кетті. Есенғали — қызғаныш жоқ жерге қонақтаған әлемдік поэзияның мырзасы. Оның мәрттігі — өзгенің биігін қызғанбауында, өз биігін өзгенің аласа тұғырынан іздемеуінде. Ол поэзияны бақталастықтың алаңына айналдырған жоқ. Өлеңнің өзіне тән кеңістігін сақтап, сөздің киесіне адал қалды. Оның кеудесіндегі айдыннан бірде аққу, бірде қасқалдақ сезім қайыртпай ұшып жатады. Бірде жан дүниесін мамыражай тыныштық тербесе, бірде көңілінің көкжиегін сағыныштың қанатты елестері шарлайды. Оның ішкі әлемі де даладай кең, кейде тұңғиық, кейде көктегі құсжолындай шалғай. Есенғали — лирик ақын. Бірақ оның лирикасына асқан сезімталдықпен, сақтықпен жақындау керек. Өйткені оның өлеңдерінің сыртқы нәзіктігіне қарап, ішкі қуатын әлсіздікпен шатастыруға болмайды. Кейде оның лирикасының өзегінде көбелек емес, көкбөрінің бөлтірігі жатады. Бұл — сезімнің осалдығы емес, табиғи болмыстың тегеуріні. Оның сыршылдығының өзінде еркіндік, мұңының өзінде мінез бар. Нар ботасын қарпып сүйеді.
Нарша қарпып сүйетін лирика Есенғалиға ғана бейім дегдарлық. Ол ділмарсып, өлең мен өнердің тақырыбын өз беделіне перде қылмайды. Кездесе қалсаң, жаңа ғана қой кезегінен келген баладай, әңгіменің тиегі мен бұрауының еркін саған береді, тамылжып тыңдайды. Сосын сөзіңнің ішінен бір жылт еткен сәуле мен бір дем жұпар тауып алып, тең сөйлесе бастайды. Қара нардай Есенғали қарапайым жолдас, дос болып шыға келеді. Тауға барсаң, таудың биіктігіне емес, Жаратқан Иемнің кеңдігіне таңырқап: «Осы тауда да тамыр болатын көрінеді», — деп, бұрылып, дидарыңнан жауап іздейді. Шыңырауға қарасаң, оның тереңдігінен бұрын мөлдірлігі мен тазалығына, сыры мен сынының ерекшелігіне назар аударып, қанбай ішеді. Қайта келгісі келетінін сездіреді. Сары дөң, саранау қыр, сахарада жүрген көкмойнақ жылқы мен кер үлек, ақбас бураның тұрысы мен тұлғасын, дүбірі мен үйірін қызықтап, құмай мен қыранды қатар салған аңшыдай біресе көкке, біресе жерге қарап, қиялын қамшылап, терең тыныстап, күрсініп:
«Ай жарықтық-ай, мен Маңғыстауға осы бір көріністерді көру үшін келемін ғой», — деп күбірлейді. Сәл іркіліп: «Ал жүр, анау ақтылы қой сияқты жамырап жатқан сандық тас, сағана там, күмбездерге дұға бағыштап кетейік», — дейді.
Сағана там, саты тас, жансыз қала,
Думаны өткен, дуы жоқ, әнсіз қала.
Әнсіз қала жабығып қалмасын деп,
Жел соғады бір ауық әлсіз ғана.
Самның құмы, Сары құм сағым басқан,
Сартас мола. Сазарған сабырлы аспан.
Тасқа қашап салынған қалың сурет —
Тасқа қашап жазылған қалың дастан. ("Бердәулет пен Жоламан" поэмасы, Есенғали)
Оның табиғатқа таңданысы — сырттай тамашалаудың емес, сол тіршіліктің ішкі тынысын бірге сезінудің көрінісі. Қалам иесі әлемді өзіне бағындыруға ұмтылмайды, керісінше, сол әлемнің тылсымына бойлап, әр жаратылыстың өзіне ғана тән сырын ұғуға тырысады.
Ақынның поэзиясына академия да, философия да керек емес. Оның өзі — от, өзі — жалын. Бұл сөз ақын шығармашылығын терең тануға білімнің қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Мұнда өлеңді артық түсіндірумен оның табиғи қуатын бәсеңдетпеу туралы ой жатыр. Өлеңнің өзінде от болса, оны сырттан отын іздеп қыздырудың қажеті жоқ. Оқырманға керегі — сол оттың жылуын сезіну, жарығына жақындау. «Поэзия» туралы толғанысынан да ақындықтың сыртқы атағын емес, ішкі жауапкершілігін аңғарамыз. Поэзия ол үшін сөз құраудың шеберлігімен шектелмейді. Өлең — адамның өзімен, заманымен, ұлтымен және әлеммен бетпе-бет келетін кеңістігі. Есенғали қара түнді қақ жарып жұлдыз болудан гөрі, сорғалаған мезгілсіз ғұмырдың ендігі мекені — қабаты қалың қара жер екенін толассыз толғайды. Мезгіл — тағдырдың баяны мен нүктесі, соңғы мекені. Тарих — тәлімге сүйенеді, тәжірибеден сабақ алады. Ақын аққан жұлдызға жүрегін жөргек қылып тұрып, осы бір қасіретті ескерткісі келеді.
Ол сол үшін түнді жырлайды:
Жапыраққа айналып кетсем мен деп, Жасырындым күн ауа топ шеңгел кеп,
Меңсіз қара ат мінген Түн, мені іздеп жүр,
Мені іздеп жүр сай құлдап, тепсеңді өрлеп.
Мені іздеп жүр дарияның жағасында, Мен тұрмын ғой, өйткені, санасында.
Қара шашын жел жайып ағады түн,
Ағады түн ағаштар арасында.
Табады ақыр, табады көп адасқан.
Өксиді үнсіз кеудеме басын сүйеп,
...Жұбатуға жаралғам мен о бастан. ("Түннің көз жасы", Есенғали)
Ал осыдан кейін Түн мен Күннің әлемін ақыннан қалай тасалайсың? Жұбатуға дайын болды өзгені, бірақ оның көрген жан жоқ көз жасын... Бұл өлеңдегі Түн — табиғат құбылысы ғана емес, дербес көркемдік субъект. Ақын оған адамдық мінез, қозғалыс, іздеу, мұң сезімдерін дарытады. Кейіптеу тәсілі арқылы түн мен адам арасындағы шекараны жояды. Лирикалық кейіпкердің Түнді күтуі мен Түннің оны іздеуі — жалғыздықтың екі жақты қозғалысы. "Мені іздеп жүр" деген қайталау іздеу мотивін күшейтіп, өлеңнің ішкі драматизмін қалыптастырады. Ал «Жұбатуға жаралғам мен о бастан» деген түйін ақынның адамдық миссиясын аңғартады. Өзгенің мұңын көтеруге дайын жанның өз мұңы елеусіз қалуы — шығармадағы басты психологиялық қайшылық. Мұнда уақыт сыртқы өлшем болудан шығып, адам тағдырын анықтайтын көркемдік категорияға айналады. Ақынның түнге үңілуі — өз ішіне, адамзаттың жалғыздығына, өмірдің өткіншілігіне үңілу. Есенинге арналған өлеңіндегі рухани үндестік те ақынның өзге әдеби кеңістіктерге қалай қарайтынын аңғартады. Ол өзге ақынды сырттай таныстырып, өмірбаянын қайталауға ұмтылмайды. Ақын тағдырынан адамдық жалғыздықты, өнердің мұңын, уақытпен жарасудың қиындығын сезінеді. Өзге жұрттың ақынына үңілу арқылы өзінің де рухани өлшемін кеңейтеді. Бұл — әдебиетаралық үндестіктің, көркемдік қабылдау мен авторлық танымның көрінісі. Ол әдебиетті ұлттар арасындағы шекараға қамамайды. Ұлттық топырақтан нәр алып, адамзаттық кеңістікке үн қатуға болатынын шығармашылығымен танытады. «Қаракөк айғыр туралы баллада», «Үстірт барсаң, түзді көр...» тәрізді туындыларында дала жай ғана мекен болып қалмайды. Дала — мінез, тарих, қозғалыс, еркіндік. Жылқының болмысынан көшпелі дүниенің тынысын, кеңістіктің өзінен адамның рухани өлшемін тануға болады. Ақын даланы сырттан бақыламайды, оның жадында өмір сүреді. Қорқыт атаның қобызындай заманның үнін, Асанқайғының желмаясындай елдің жүгін сезіне білетін ақындық мінезі де осы танымнан бастау алады. Ол заттың сыртқы бейнесінен гөрі, оның бойындағы тарихи жадты, рухани салмақты, заманнан заманға жеткен үн мен аманатты аңғарады. Ақынның көзіне адам ғана емес, сол адамның артында қалған рухани ізі, мұрасы түседі. Ол өткенді қайталап айтпайды. Өткеннен жеткен рухани аманаттың үнін тыңдатады. Мұнда тарихи тұлға — дайын мадақтың нысаны емес, ұрпаққа жеткен мағынаның иесі. «Ауыл жақтан келеді хаттар көңілсіз» деген жолдың өзінде ауыл мен алыста қалған адамның арасындағы көзге көрінбейтін байланыс жатыр. Хат — хабар ғана емес, туған жердің тынысы. Ауылдан келген көңілсіз хабар кейде адамның өз ішіндегі сағынышын да оятады. Өйткені туған жерден алыстау — мекеннен алыстау ғана емес, өзіңді қалыптастырған дүниеден бірте-бірте ұзай түсу.
Қай дүрмек, мына дүрмек басқа дүрмек, Дүрмекпен кетіпті ғой тас та гүлдеп.
Жағамды көтеріп ап жолға түсем,
«Алматы, қызық екен аспаның» деп.
...Тәйірі, біздер үшін сел деген не,
Көк кептер, көндігеміз сен де, мен де.
Бұйығып үндемейсің, жазған құсым,
Ал, айтшы, не істейік көнбегенде. ("Алматының аспаны", Есенғали)
Ақын туған жерді ұранға айналдырмайды. Оның сағынышы да өзгеше, жаһанға жар салмайды, қақпанға түскен арландай жан болмысын жасырын жіліктейді. Туған елге деген сезім кейде бір хаттың көңілсіздігінен, бір жусанның иісінен, бір ескі ауылдың үнінен танылады. Ақынның туған жерге жақындығы — оның табиғи болмысының ажырамас бөлігі. Есенғали поэзиясындағы табиғат бейнелері де тек суреттеу қызметін атқармайды. Өрт, түн, тау, дала, құс, жылқы тәрізді образдар адам тағдырымен, тарихи жадпен және қоғамдық санадағы қайшылықтармен астасып жатады. Табиғат құбылысы көркемдік символға айналып, адамның ішкі әлемін танытудың тәсілі ретінде қолданылады.
«Түн деген — Көроғұлы, көр баласы...» деген тосын теңеуінде де оның дүниені өзге қырынан көру қабілеті бар. Ол түнді қараңғылықтың ғана белгісі етіп алмайды. Түнге мінез береді, оған тарихтың, аңыздың, адам жадындағы бейнелердің үнін қосады.
«Түс», «Найза қара науан тау...», «Алматыға келдің бе...» және «Түн — мұхит...» тәрізді туындыларында кеңістік пен уақыттың шекарасы кеңейеді. Түс — адамның өзіне өзі толық түсіндіре алмайтын мекені. Онда уақыттың тәртібі өзгереді, алыстағы жақынға айналады, ұмытылған нәрсе қайта оралады. Тау — тек биіктік емес, адамның алдындағы рухани өлшем. Қала мен дала, алыстау мен оралу, таныстық пен бөтендік те ақынның көркемдік танымында адамның ішкі қалпымен сабақтасады. Аталған шығармаларды бір-бірінен бөлек қарастырудан гөрі, олардың ортақ көркемдік табиғатын тану маңызды. Мұнда бірнеше әдеби-теориялық ерекшелік бар: табиғат бейнесінің символдық сипат алуы, кейіптеу мен метафораның дүниетанымдық қызметі, уақыт пен кеңістіктің психологиялық категорияға айналуы, лирикалық кейіпкердің ішкі әлемі арқылы қоғамдық және тарихи мағынаның ашылуы. Осы тәсілдер ақын поэзиясындағы тұтас авторлық танымды қалыптастырады. Бір өлеңнен екіншісіне өткенде тақырып ауысқанымен, дүниені қабылдау тәсілі өзгермейді. Сондықтан оның поэзиясын жеке тақырыптарға бөліп талдау жеткіліксіз. Әр шығарма — біртұтас көркемдік әлемнің дербес көрінісі. Өлең — оқырманның сыбағасы. Ақынның әрбір жолын дайын түсінікке айналдырып беру емес, оқырманның сол өлеңге өз жүрегімен жақындауына жол ашу маңызды. Бұл өлеңдерді әліппелік те, хрестоматиялық та, академиялық талдаулардың шырмауына салып, қасапхана алдында төрт түлікке еміренгендей жасанды аяушылық танытудың қажеті жоқ. Өлеңнің есігін аш, бірақ ішіндегі дүниені оқырманның орнына аралап шықпа. Оған өз жүрегімен сезінуге, өз танымымен табуға мүмкіндік бер. Ақынның міндеті — оқырманның орнына көру емес, оның көзін ашу. Міне, осы ақиқат алдындағы авторлық интенция — осы.
ЗАМАННЫҢ ЗАРЫ, ҰЛТТЫҢ ЖАДЫ
Адамзаттық ар мен тарихи таным.
Есенғали Раушановтың «Оба жыры» шығармасындағы мына шумақ та ақынның өнер мен ұлт тағдырына деген көзқарасын айқын танытады, кейіпкердің үні:
--Ех, өнер, қазақы өнер, есіл өнер,
Алса ғой түзу бағыт көшің егер.
Тұтқасын ұстар ең-ау дүниенің,
Әзірге жетімсің сен, кешіре гөр.
Есенғали Раушанов. «САРЫӨЗЕН». Алматы, «Жалын» баспасы, 1988 жыл.
Есенғали қырық жыл бұрын-ақ өнер тағдырының ұлт тағдырымен егіз екенін, сапарының сан қилы күреске толы болатынын меңзейді. Қазақ өнері әлемді мойындата алатын қуатқа ие, бірақ ұлт оны өз биігіне көтере алмады. «Әзірге жетімсің сен» — өнердің емес, ұлттық сананың жетімдігі туралы үкім. Не дейміз, тайға таңба басқандай шындық. Әлі күнге әлекпіз, тіл мен діл, діннің дауы — қызыл шоқ!
Қойдай өргізіп, қозыдай көгендеп отырған уақыт пен заманның шонжарлары өнер мен әдебиеттің орнын сахна мен той деп түсінеді. Есенғали үшін ең ауыр көрініс — адамзатқа иелік етуді өз құқығы санаған осындай түсініктің өркениеттік жазасы еді. Өйткені өнердің қадірін ойын-сауықпен өлшеу — оның адам санасын оятар, ұлттың рухын көтерер, адамзаттың ар-ұжданына үн қатар миссиясын тарылту. Ақынның «Әзірге жетімсің сен» деуі де осы рухани жалғыздықтың, өнер мен оны бағалайтын қоғамдық сананың арасындағы алшақтықтың көрінісі.
1991 жылы жарық көрген «Ғайша бибі» кітабына енген «Жыландар жыры» — Есенғали поэзиясындағы адам, уақыт және тарихи жады мәселелерін бір арнаға тоғыстырған шығарма. Мұнда ақын адамзатқа жыланның көзімен қарайды. Бұл — табиғаттағы бір тіршілік иесінің мұңы ғана емес, адам баласының өз әрекетіне сырт көзбен қарауына мүмкіндік беретін көркемдік тәсіл. Ақын жыланның үніне тіл бітіреді отырып, адамзаттың ашкөздігін, қатыгездігін, табиғатқа жасаған қиянатын әшкерелейді. Жыланның монологі бірте-бірте жеке жанайқайдан адамзатқа арналған тарихи ескертуге ұласады. Шығармадағы қасіреттің түп-тамыры — адамның өзіне ғана тиесілі әлем бар деп есептеуінде. Талас бойындағы табиғи мекен, тіршілік тынысы мен қалыптасқан үйлесім адам қолымен бұзылады. Жыланның көзімен берілген бұл оқиғада адам табиғаттың бір бөлшегі емес, өзін өзгелерден жоғары қойып, өзге тіршіліктің мекенін тартып алушы күш ретінде көрінеді:
Таластың бойы тал еді, Тал бойым бар-ды әдемі, Тал түсте келіп өртеген Адамзат деген аң еді. Үйімнің алды беткей-ді, Беткейден түскен өрт дейді,
Осының бәрін жасаған Адамзат қалай көктейді?!
Бұл шумақтағы «Таластың бойы», «Тал бойым», «Тал түсте» деген дыбыстық және мағыналық үндестік өлеңнің әуезін ғана емес, бейнелік тұтастығын да қалыптастырады. «Тал» сөзінің қайталануы табиғаттың көркін, жыланның мекенін және сол тыныштықты бұзған апатты бір арнаға жинайды. Ал «Адамзат деген аң еді» деген жолда ақын қалыптасқан моральдық өлшемді төңкеріп жібереді: адам өзін саналы тіршілік иесі санағанымен, оның әрекеті кейде аңнан да қатігез болуы мүмкін. Соңғы риторикалық сұрақ — жай өкпе емес, адамзаттың болашағына қойылған сауал.
Келесі шумақта мекеннен айыру мәселесі тереңдей түседі:
Ығысқан жерім шет дала —
Қуды ғой түре одан да, Туған жер деген тек қана Керектей жалғыз соларға.
Тарылып қырдың тынысын,
Ұмтылды біздей сорлыға,
Қорғану дейді мұнысын, Шабуыл деудің орнына.
Мұндағы «туған жер» ұғымы бір ғана мекеннің атауы емес, тіршілік иесінің өмір сүру құқығы мен табиғи ортасына деген қатынасын білдіреді. Ақын «Қорғану» мен «Шабуыл» сөздерін қарама-қарсы қойып, зорлықтың өзін ақтап алатын тілдік айланы ашады. Біреудің жерін тартып алу, тынысын тарылту әрекеті «қорғану» деп аталғанымен, оның шын мәні — шабуыл. Бұл тұста жыланның тағдыры арқылы жерден ығыстыру, иеліктен айыру, күштілердің өз әрекетін ақтау секілді тарихи құбылыстардың сарыны сезіледі. Сондықтан шығармадағы оқиға табиғат шеңберінен шығып, адамзат тарихындағы отарлау мен басқыншылықтың, жер мен еркіндік үшін күрестің көркемдік жаңғырығына айналады. Ақын жыланның жанайқайын қорқыныш пен жауапкершілік туралы философиялық толғанысқа ұластырады:
Ештеңеден де қорықпайды, Қорықпаған жаман бәрінен.
Қорықпаған жаман, Қорықпаған,
Қорқыныш жоқта жоқ өмір.
Тап берген сәтте от маған,
Осылай дедім неге дүр.
Бұл жолдардағы қайталау кездейсоқ емес. «Қорықпаған жаман» деген ойдың бірнеше мәрте қайталануы қорқыныштың адамдық болмыстағы орнын қайта пайымдатады. Мұнда қорқу — жасқаншақтық емес, өмірге, өзге тіршілікке, жасалатын әрекеттің салдарына жауапкершілікпен қарау. Ештеңеден қорықпау кейде шектен шыққан өктемдікке, өзгенің тағдырын елемеуге жол ашады. Ал қорқыныштың мүлде болмауы — өмірдің нәзік тепе-теңдігін сезінбеу. Ақын осы арқылы адам бойындағы ар-ұят пен жауапкершіліктің маңызын танытады. Жыланның сөзі шығарма бойында бірде мұң, бірде өкпе, бірде айыптау, бірде философиялық пайым түрінде құбылады. «Алтын бауыр ана жылан», «орда», «ұлдарым», «сіңлім», «қос жетім» тәрізді бейнелер жыланды жай ғана суыққанды тіршілік иесі емес, өз ортасы, ұрпағы, жақындары бар тіршілік иесі ретінде танытады. Осы көркемдік шешім оқырманды жыланға сырттай қараудан арылтып, оның да тіршілікке құқығы бар екенін сезіндіреді. Ақын адамға табиғаттың үнін естіртіп қана қоймайды, сол үн арқылы адамның өз ар-ұжданын тыңдатады. Шығарманың көркемдік қуаты өрт, түтін, шоқ, күл бейнелерінің біртіндеп қоюлана түсуінен де байқалады. От — мұнда бір мекеннің жойылуы ғана емес, тіршіліктің қалыптасқан тәртібін бұзатын, өткен мен келешектің арасын жалғайтын қасіретті белгі. Жыланның жеке басындағы қайғы тұтас табиғаттың күйзелісіне айналып, ақырында адамзаттың өзіне бағытталған ескерту болып шығады.
Заманнан заман жалғасып,
Қағаннан қаған алмасып,
Адам мен Жылан Таластан
Айырып едік дәм-нәсіп.
Бұл шумақта уақыттың ұзақ тынысы мен тарихи сабақтастықтың мәні ашылады. «Заманнан заман жалғасып, қағаннан қаған алмасып» деген жолдар билік пен дәуірдің ауысатынын, ал тіршілік пен табиғаттың өзара байланысы әлдеқайда терең әрі ұзақ екенін аңғартады. Адам мен жыланның бір Таластан дәм татуын еске салу арқылы ақын олардың ортақ мекен мен ортақ тіршілік кеңістігін бөліскенін көрсетеді. Мұндағы «дәм-нәсіп» — күнкөріс қана емес, жаратылыстың ортақ несібесі. Демек, табиғат ешкімнің жеке меншігі емес; адам да сол ортақ дүниенің бір бөлшегі. «Жыландар жырының» 1991 жылы жарық көруі де шығарма мазмұнына тарихи астар үстейді. Бұл — Кеңес империясының ыдырап, Қазақстанның тәуелсіздікке бет алған кезеңі. Түркі дүниесі мен қазақ тарихы да жерінен айырылу, басқыншылық, қасірет пен тарихи әділетсіздікке ұшырау кезеңдерін бастан өткерді. Есенғали төл тарихымыз бен түркі мәдениетінің терең қатпарларын, ел басқару жүйесі мен патшалық биліктің салтанаты астарында жатқан тарихи қайшылықтарды ұлт мүддесі тұрғысынан зерделеген қаламгер. Ұлттың қайғы-қасірет шеккен, опық жеген, тарихи жолда асығының бүк түскен кезеңдерін өлең өрнегіне түсіріп, ес пен жадымызға дер кезінде қозғау салады. Оның шығармаларындағы тарихи жады — өткенді еске алу ғана емес, бүгінгі ұлттық сананы серпілтіп, келешек алдындағы жауапкершілікті сезіндіру құралы. Тәуелсіздігімізге 35 жыл толған бүгінгі кезеңде де «Жыландар жыры» көтерген мәселелер өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сыртқы қауіппен қатар, қоғамның ішкі дерті де бар: жемқорлық, қатыгездік, надандық, сатқындық, мансапқорлық, ұлттық мүддені елемеу, тіл мен дәстүрге немқұрайдылық. Бұлардың бәрі адам болмысының күрделі қырларын танытады. Қоғам адамдардан құралады, ал адамның бәрі бірдей емес. Ақын осы алуандықты жыланның тілімен сөйлетіп, келер ұрпаққа адам табиғатының қайшылығын ескертеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Жыландар жырындағы» авторлық интенцияны үш өзара сабақтас арнадан тануға болады. Біріншісі — саяси интенция: жер, билік, басқыншылық, әділетсіздік және күштің өз әрекетін ақтап алуы туралы астарлы пайым. Екіншісі — танымдық интенция: адам мен табиғаттың байланысын, тіршіліктің ортақ заңдылығын, адамдық жауапкершіліктің шегін таныту. Үшіншісі — дәстүрлі-мәдени интенция: тарихи жадыны, жерге деген құрметті, ұрпақ сабақтастығын және ұлттық болмыстың рухани негіздерін жаңғырту.
Бұл үш арна бір-бірінен бөлек емес. Олар адам, уақыт және ұлттық жады ұғымдарының көркемдік тұтастығын қалыптастырады.
«Жыландар жыры» — жылан туралы өлең ғана емес. Ол — адамзаттың өзіне өзі қойған сауалы, табиғаттың атынан айтылған тарихи ескерту, келер ұрпаққа қалдырылған рухани аманат. Ақын жыланның жанайқайы арқылы адамзаттың ар-ұжданына тіл бітіреді. Есенғалидың поэзиясында, оның терең қабатында ұлттық жадымыз жатыр. Бірақ ол жадыны тарихи оқиғаларды тізіп, өткенді мадақтау арқылы ғана танытпайды. Ұлттық жады оның өлеңінде мінез, сезім, тіл, табиғатқа қатынас, адамдық тектілік түрінде көрінеді.
Ақынның авторлық интенциясы — ұлтқа біткен тектілік пен ақыл-ойдың омыртқа бойымен жалғасқан рухани сабақтастығын жаңғырту, ұрпақ санасына сіңген асыл қасиеттерді жоғалтпай, әркімнің өз жолынан адаспау қағидасын таныту еді. Бұл сабақтастықты ол ұранмен емес, көркемдікпен жеткізеді. Өткеннің рухани аманатын бүгінгі адамның сезіміне жалғайды. Ақын үшін ұлттық жады — өткеннің қоймасы емес, бүгінгі болмысты ұстап тұрған рухани өзек. Оның поэзиясындағы ұлттық тектілік белгілі бір тарихи кезеңнің еншісінде қалмайды. Ол — ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мінез, ақыл-ойдың арқауы, ар мен намыстың өлшемі. Ақынның туған елге деген сағынышы да осы сабақтастықтан нәр алады. Сағыныш мұнда өткенге қайту ғана емес, өзіңнің қайдан шыққаныңды, кім екеніңді ұмытпау.
РУХАНИ ОРДА
Тектілік пен мәңгілік аманат.
Бұл қаламгердің эпикалық, этномәдени және эстетикалық болмысы — өз алдына бір рухани орда. Бұл күнде ол әр жусанның түбіне орда тігіп, шалқайып жатып алғандай. Өйткені оның поэзиясы енді бір ақынның ғана шығармашылық кеңістігі емес, ұлттың жадында тамыр жайған әдеби мекенге айналды.
Бұл — оған тиесілі әдеби меншік, ешкім тартып ала алмайтын рухани орын. Оның ордасының төріне адал ниетпен ғана шығасың. Ал қақпасы хан сарайынан да берік. Себебі ол қақпаны атақ та, мансап та, жасанды мадақ та аша алмайды. Оған тек өлеңнің киесін құрметтеген, ұлттың уызын таныған, ар мен намысты серік еткен оқырман ғана жақындай алады. Оның рухани мекені — жусан иісі сіңген дала кеңістігі, көшпенділердің тарихи жады, елдік аманат пен адамдық тектіліктің тоғысқан тұсы. Оның төріне шығу — ақынға тағзым ету ғана емес, сол рухани кеңістіктің алдындағы өз адалдығыңды сынау.
Ақынның авторлық интенциясы оның поэмаларынан, әлемдік әдебиетке деген сараптамалық көзқарасы мен танымдық деңгейінен де көрінеді. Бұл суреткер үшін әдебиет — бір ұлттың шекарасында тұйықталатын құбылыс емес, адамзаттық руханияттың ортақ кеңістігі. Ұлттық болмысты терең тану арқылы әлемдік құндылықтарға жол табу, ал әлемдік әдебиеттің озық үлгілері арқылы өз ұлтыңның рухани мүмкіндігін таныту — оның шығармашылық танымының маңызды арнасы. Адамзаттық құндылық пен әлемдік руханиятқа дәнекер болу — нейрохирургиялық кәсіптен де нәзік құбылыс. Өйткені мұнда адамның тәніне емес, санасына, тарихи жадына, рухани тамырына, сезім мен танымның ең терең қатпарларына әсер етесің. Мұндай дәнекерлік терең білімді ғана емес, үлкен жауапкершілікті, талғам мен рухани тазалықты талап етеді. Оның поэзиясындағы ұлттық үннің әлемдік мағынаға ұласуы да осы нәзік байланыстың көрінісі. Ол ұлттық топырақтан нәр алып, адамзаттық кеңістікке үн қатады. Оны еске аламыз деп қана бару аз. Шын болмысын танып, онымен кездесіп қалуға бару керек. Ол өзінің «Туған ел» атты сағынышына ұрпақ ауысқан сайын қайта оралып отырады. Өйткені туған елге деген сағыныштың ғұмыры бір адамның ғұмырынан ұзақ. Ол әр ұрпақтың жүрегінде жаңадан оянады. Оны тану үшін оның жүрегіне қол салудың керегі жоқ. Ұлтыңды уыздан, өзіңді ар мен намыс тұғырынан іздесең ғана жеткілікті. Өйткені ақынның жүрегіне апарар жол — өзіңнің рухани тамырыңнан басталады. Оның жырлағаны — өзіне ғана тән мұң емес, ұлттың бойындағы тектілік пен ақыл-ойдың, ар мен намыстың ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан үні.
Есенғали — жапандағы жалғыз ағаш емес, тұтас орманның табиғатымен астасқан алып діңнің поэзиядағы бейнесі. Саялағың келсе, санаңның кілтін ала бар.
Тұлғаға жақындау үшін оны өзімізге ұқсатудың қажеті жоқ. Керісінше, оның өлеңіндегі өзгешелікті қабылдап, сол өзгешеліктің бізге ашқан дүниесін көру керек. Ақынның еркіндігіне еркіндікпен, мұңына мейіріммен, ұлттық жадына адалдықпен жақындаған жөн. Оның поэзиясы оқырманнан бас июді емес, рухани сергектікті күтеді. Дайын жауапты емес, ізденісті қалайды. Ақынның орнына ойлануды емес, өз ойыңмен кездесуді ұсынады. Өйткені өлеңнің шын өмірі — оны оқыған адамның жүрегінде жалғасатын өмір. Есенғали қоштасқан жоқ. Қайта оралатынын үнсіз ескертті. Ол өзінің «Туған ел» атты сағынышына қайта оралады. Әр ұрпақ сол сағыныштан өзіне тиесілі үнді табады. Есенғали да сол үнмен бірге қайта келеді. Есенғали нұрға айналды. Ал енді оның өзінің де жырға айналатын дәуірі жақын. Өйткені ақынның ғұмыры дүниеден өткен жерінде тоқтамайды, кейде дәл сол тұстан жаңа кеңістікке көшеді.
Ол тұлғалық қапастан қашады. Меніңше, бір тығылса, Бекет атасына тығылады. Болмаса, Ақбоз бен Көкбоз екі жұлдыздың бірін паналап, «Шолпан жұлдыз туғанша» ірге салып, ат сейістеп, атан бұйдалап жүре тұрады.
Ақындық — Хақтың қалауы, Пір Бекет — елдің сауыты:
Бекеттің бел жайлауы жоннан әрі,
Созылып Ащыағар сай — ол қалады.
Бейнеуде қойтасы көп қорым жатар,
Бейіті біздің елдің сол болады.
Барармыз бұйрықты күн болғанында,
Тұрар бір сағана там жолдарында.
Тілегі қабыл екен анамыздың,
Мінеки, жатты келіп, сол қорымға?!
Ел келіп ескі әңгіме шертілсе онда,
Еліріп Бейнеу желі желпінсе ол да.
Бұл жатқан шынжырбалақ «байдың қызы»,
Ал, әкем «халық жауы»
(Мен кім сонда?)
«Біздің ауыл» атты топтамадан.
Міне, ақын әулетінің әу бастағы тағдыры. Қуғын-сүргін, көші-қон... Империя құрбандары... Жат өлкеде айдынын аңсап өскен атақаздың Маңғыстауға деген сарқылмайтын сағынышы, аңқасын кептірген арманы, самал боп өпкен еріні, көңілінің көрігі. Мысалы, Оғыланды тау, құз бен құлжа: бірі — дүр, бірі — жыр боп күтеді оны. Дәл өзі, көк пен жердің төл баласы, әбзелдеп күміс ерге, ай бедерлеп, жасыннан қамшы өріп алған болар... Оны бір мекенге байлап қою қиын. Өйткені оның кеңістігі жермен де, уақытпен де шектелмейді. Енді оны іздеген адам жусан арасынан да, жұлдыздар арасынан да, өлеңнің өзінен де кездестіруі мүмкін. Түбектің бойы түрлі саз, жүректің бойы жүз тамыр. Анау Аспантай-Матай — екі құм, аспанға қарап ұлып тұр. Үшқиянның бойында құлан тектес бір ұлдың іргесін бөлек салғанын мен айтпай-ақ біліп тұр.
Сыңғырлау — сырдың тиегі, Жарқұдық — жез тостаған, ақ шағылдың жиегі. Манаты мен Күйікқақты Күйкен тұр. Енді мұны сорлатқан Ноғайлының биі еді.
Жеті қат көк ашылса, жеті қақпа бар дейді. Соның бірі Сейсем ата басынан жол салып тұр ғаршыға. Ол да менен сұрап тұр: «Қайда?» — дейді Есенғали — Аршылан!
Жем мен Сағыз, Ақмешіт, Сарайшық пен Жайық тұр, дұға жасап ақынға алақанын жайып тұр.
Әмуді бойлап ән қалды, Сыр өзектен тарылды. Иіржар мен Жетісай, Келінтөбе кең қолтық, жайы мәшһүр Арал бар, Торғай, Қобда, Шаған бар, Жетісу мен Сарыарқа,Есен- Түлей,Балқан тау,Шағадам мен Жаңғақты — бәрі-бәрі жоқтау айтып, сені іздеп тұр, — ЕсАға! Жаратқан Құдай, жан Алла! Жан тұрағын жәннаттан қыл, дала мен дәуір толғатып, Тұран боп туған ақынды.
Неге сонша асықтыңыз Кеңсайға?..
Жә, жақсы, өлім сені жеңген жоқ, ғашықтықтан дидарыңды жасырды.
Есенғали!..
Ол өзіне дейінгі кеңістікті қайталаған жоқ. Өз кеңістігін кешіп өтті.

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.
Сабыр Адай,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Abai.kz