Трамп: "Путин құтырды!"

Украина мен Ресей 16-шы мамырда Стамбұлда өткен келіссөз де өзара 1000 тұтқыннан алмастыруға келіскен еді. Өткен аптаның аяғына қарай тұтқын алмасуды аяқтады. Жұма күні 390, сенбі күні 307, жексенбі күні 303 тұтқын алмасты. Ресей тарабы әдеттегідей келісімге келген, уәдесінде тұрған кейіп танытқанымен, Киевтен бастап Украинаның барлық аумағын дерлік әуе соққысының астына алды.
Украина тарабының мәліметі бойынша 298 дрон, 69 зымыранмен шабуылдаған. Салдарынан 13 бейбіт тұрғын қайтыс болған. 24-ші мамырда Кремль баспасөзі орыс әскерінің мимырттап жылжып келе жатқанын, Донецктегі 2 елдімекенді, Суми обылысындағы 1 елдімекенді басып алғанын мәлімдеген еді. Соңғы аптада орыс тарабы соғыс басталған 3 жылдан бергі ең сұрапыл шабуыл ұйымдастырған.
Кеше Украина президенті Зеленский телеграм арнасында: "Американың үнсіздігі, әлем елдерінің бейқамдығы Путинді тек қана шабыттандырады. Ресейдің әр жолғы осындай сұрапыл шабуылы оларға жойқын санкция салуға сұранып тұр", - деді.
Ақ үйдің Украина мәселесі жөніндегі елшісі Келлог Ресейдің Украинаға кезекті шабуылының 1977-ші жылы қабылданған "Женева келісіміне" қайшы екенін алға тартып, соғысты дереу тоқтатуға үндеді.
АҚШ президенті Трамп та: "Мен Путинмен дос едім. Мынаған көзім жетті: Ол Украинаны түгелімен иелегісі келеді. Ол құтырды", - деп жазба жариялады. Трамп сонымен бірге: "Әр айтқан сөзі жаңа дағдарысқа ұрындырады" деп Зеленскийге де шүйлікті. Соңында "Бұл соғыс.Путин мен Зеленскийдің, Байден үшеуінің соғысы", - деп өз басын ала қашты.
Ал Еуропа елдері болса Ресейдің кезекті соққысына жауап ретінде 18-ші реткі кезекті санкция пакетін дайындағанын мәлімдеді. Оған Ресейдің 20-ға жуық банкын SWIFT жүйесінен шығару, Орыс мұнайына белгілеген шекті бағаны төмендету, "Солтүстік ағын" құбырын бүкілдей тоқтату қатарлы шектеулер кірген. Еуроодақ сондай-ақ 2027-ші жылдың аяғына қарай Ресей шикізатына тәуелділіктен бүтіндей құтылуды, Ресеймен қатысы бар қаржылық ұйымдармен жекелердің мал-мүлкін бұғаттауды жоспарлап отыр.
Ресей тарабы айыбын мойындамай өздерінің де шабуылға ұшырағанын айтып ақталуда. Кремль баспасөзінің айтуынша Украинаның 110 дронын атып түсірген. Оның 13-і Мәскеу маңында құлатылған.
Мұның алдында Путинмен тілдескен Трамп: "Соғыс тоқтамаса да, келіссөздер жалғаса береді", - деген еді.
Кешегі жазбасында Путинді жазықсыз адамдарды өлтірді деп айыптап, "Оның Украинаны жұтсам деген араны Ресейді күйретіп тынады" деді.
Abai.kz