Елімізде дәрі-дәрмек неге қымбат?

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елде сатылатын дәрінің әртүрлі дәріханалардағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгеретінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
"Екінші – жабайы бағалар және тиімсіздік. Шекті бағаларды қалыптастыру кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды. Олардың қатарында шамадан тыс маркетингтік және тасымалдау шығындарын бағаға қосу бар. Препараттар тіпті оригиналдардан да бірнеше есе жоғары бағамен сатып алынған. Дәрілерге қосылған үстеме баға зауыттық бағадан 172 пайызға дейін жетеді. Ал Еуропа мен әлемде бұл 30 пайыздан аспауға тиіс. Бір препараттың әртүрлі дәріханалардағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгереді. Түпнұсқаның бағасы 344 теңге болса, отандық тауар өндірушінің бағасы 1273 теңгеге жеткен. Бұл 4 есеге дейін қымбат", - деді депутат.
Аймағамбетов дәрі бағасын белгілеудегі бұзушылықтарды да атады.
"Отандық зауыт елде сатылмайтын шетелдік аналогтың бағасын алып, соған байланыстырып, өз шығындары мен бағасын есептеп, солай дәрінің бағасын көтеріп бекітіп алады. Оны оригиналымен салыстырсақ, көптеген отандық дәрілер шетелдік түпнұсқасынан еселеп қымбат болып шығады. Аудит көрсеткендей, "Парацетомолдың" зауыттық бағасы 59 теңге екен. Қырғызстанда 90 теңгеге сатылса, бізде 144 теңгеге сатылып жатыр. "Терафлюге" елде бекітілген шекті баға 3,3 мың теңге болса, зауыттық бағасы – 1,5 мың теңге. Ресейде – 2,2 мың теңге, Қырғызстанда – 2,5 мың теңге. (...) Тіпті сұмдық жағдай, дәріханаларда бюджет есебінен сатып алынған дәрілер анықталды", - деді депутат.
Abai.kz