17 мегажоба

Кіріспе
Экономикамыз қалай өзгереді, ертең не болады деп сұрайтындар аз емес. Жалпы болып жатқан оқиғаны бір ауыз сөзбен шолсақ, нақты секторда, яғни бір тауарды жасау, шикізатты өңдеп, одан бір зат жасау ісінде Қазақстан ақырындап алға жылжып келеді. Бұл тоқтап тұрғаннан, немесе кері кетуден әлдеқайда жақсы. Бізде тек бюджеттік дисциплинамен ғана проблема бар. Ал экономиканың нақты секторы, әсіресе қайта өңдеу бағытында жағдай жаман емес.
Біздің экономикамыздың картинасын мүлде қайта жазып, шикізат сатуға тәуелді елден сол шикізатты өңдеп, дайын тауар шығаратын елге айналдыру үшін ірі жобаларды іске асыру керектігін Қазақстан баяғыда түсінген болатын. Қазір өңдеу саласында 17 мега жоба жасалуда. Осы кезде бұлар не жобалар, сонда нақты не істеліп жатыр деген сұрақ туындайды.
Сонымен - 17 инвестициялық жоба. Олардың жалпы құны шамамен 14,6 триллион теңгені құрайды. Бұл біздің Ұлттық қордың тең жартысы. Немесе республикалық бюджеттің кіріс бөлігінен сәл ғана артық.
17 жобаның 9-ы индустрия мен құрылыс бағытында. 4 энергетикалық жоба бар. Ауыл шаруашылығында екі жоба, туризмде екі жоба.
Осы жобалардың барлығы жұмыс істеген кезде біздің ішкі жалпы өнімімізге 7,3 миллиард АҚШ доллары қосылады. 26,4 мың тұрақты жұмыс орны ашылуы тиіс.
Айбар Олжаев
Abai.kz