Бейсенбі, 12 Маусым 2025
Ақмылтық 1884 0 пікір 11 Маусым, 2025 сағат 12:46

Қазақстанның Еуразиялық одаққа артқан үміті ақталды ма?

Сурет: eec.eaeunion.org сайтынан алынды.

Биыл Еуразиялық экономикалық одаққа 10 жыл толды. 2015 жылдан бері Қазақстан жаңа экономикалық, кедендік, тауар айналымдық режимде өмір сүріп келеді. Оны бәріміз сездік. 10 жыл - барлық аспектілерді саралап, белгілі бір қорытындыға келуге мүмкіндік беретін мерзім. Ендеше, Еуразиялық Одақтың Қазақстанға пайдасы көп болды ма, әлде зияны басым болды ма деген сұрақтың жауабын бүгін бере аламыз.

Кеден одағы құрылып, одан кейін экономикалық одақ құрылған дәуір есімде жақсы сақталыпты. Ол кезде мен телевизияны басқардым және көптеген шенеуіктер мен экономистердің осыған қатысты тезистері қолымнан өтті. Бізде «Қазақстан үлкен дивиденд алады, себебі бізге 140 миллиондық Ресей нарығы еш баж салығынсыз ашылады» деген оптимизм болды. Жүйрігін үкілеп бәйгеге қосқан адамдай біз бұдан бір «батпан құйрық» күткеніміз жасырын емес. Тауар шығарамыз, экспортты арттырып Ресейге сатамыз деген жоспарлардың барлығы қазір біреу біліп, біреу білмейтін «Индустриалды-инновациялық үдемелі даму», «30 корпоративті лидер» деген бағдарламалардың арқасында орындалуы тиіс еді. Бізде Ресейге қарағанда қосымша құн салығы төмен болғандықтан, шетелдік инвесторлар зауыттарын Қазақстанда ашып, ал өнімдерін Ресейге сатады деген топшылаулар да көп болды. Сол кезде бір қарасаң бәрі логикалық, бәрі дұрыс сияқты болып көрінген. Бірақ 10 жыл өткеннен кейін біз қандай жолға келдік?

2025 жылдың қорытындысы бойынша біздің экономика көлемі 300 миллиард доллар шамасында болады деп болжаймын. Демек, Еуразиялық Одаққа кіргелі бергі 10 жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 184,36 миллиард доллардан 300 миллиард долларға өсті деп есептей аламыз. Сонда Еуразиялық экономикалық одақ уақытында біз ішкі жалпы өнімге 115,64 миллиард доллар қостық.

Енді ЕАЭС-ке дейінгі 10 жылды көрейік. Одақсыз өзіміз жеке өмір сүрген 2005-2015 жылдар аралығында біздің ішкі жалпы өнім 57,1 миллиард доллардан 184,36 миллиард долларға дейін артқан. Бұл + 127,26 миллиард доллар. Геосаясат қанша бұлаңдаса да, экономикадағы статистиканы айналып өте алмайды. ЕАЭС жоқ кезде біздің экономикамыз қарқындырақ дамыған. 10 жылдағы айырмашылық шамамен 12 миллиард доллар. Яғни Одаққа дейінгі 10 жылда біз ішкі жалпы өнімді 12 миллиард долларға артық өсіргенбіз.

Одақ құрылғалы 10 жыл өткеннен кейінгі уақытта біз Ресей нарығын емес, Ресей біздің нарығымызды пайдаланды деп толық сеніммен айта аламын. Мысалы, одаққа кірмей тұрған 2014 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 20,19 миллиард доллар болды. Оның ішінде, біздің Ресейге экспортымыз 6,38 миллиард доллар, ал Ресейден келетін импорт 13,8 миллиард долларға бағаланды. Сонда кері сальдо, яғни біздің минусымыз 7,42 миллиард доллар болып тұрған.

Одақтың арқасында осы минусты жойып, экспортты арттыра алдық па?

2024 жылдың қорытындысы бойынша Ресеймен тауар айналымын 27,8 миллиард долларға көтердік. Оның ішінде біздің экспорт 9,54 миллиард доллар, импортымыз 18,25 миллиард доллар болып шықты. Сонда өзара саудада кері жағымсыз сальдо 8,7 миллиард доллар болып өсіп кеткен.

Қандай нәтиже алып отырмыз? Одақтың ішіндегі 10 жылда біз Ресейге экспортымызды небары 3 миллиард долларға көбейткенбіз. Ал Ресейден таситын импортымыз 4,45 миллиард долларға өскен. Жағымсыз сальдо 1,28 миллиард долларға артқан. Одақта Ресейден басқа елдер де бар. Оларды ескеріп, жалпы Одақ бойынша тауар айналымды қарасақ, 10 жыл ішінде экспортымыз 2,22 миллиард долларға, импортымыз 3,33 миллиард долларға өскен. Сонда Одақтан кім ұтты?

Менің ойымша, ешқандай одақсыз ақ Қазақстан 10 жылдың ішінде бұл көршілерге өз экспортын қиналмай өсіре алар еді. Мысалы бізбен еш сауда келісімі жоқ Америка Құрама Штаттарын алайық. 2014 жылы біз АҚШ-қа 410 миллион долларға экспорт жіберіп, 1,9 миллиард долларға импорт алғанбыз. Ал 2024 жылғы экспортымыз 1,9 миллиард доллар, импортымыз 2,2 миллиард доллар болды. Сонда 10 жылда біз АҚШ-қа экспортты үш есеге, дәлірек айтсақ бір жарым миллиард долларға арттырғанбыз. Ал импорт бар-болғаны 300 миллион долларға көбейген.

Еш одаққа кірмей, алыста жатқан Америкамен жағымсыз сальдоны әжептәуір қысқартып, тауар айналымын екі есе өсіре алдық. Одаққа кіру біз үшін тек оған мүше елдерден алатын импортты ғана көбейтіп беріп, сыртқы төлем балансы мен теңгеге ауыр соққы болып тиді. 10 жыл ішіндегі ЕАЭС-тің бізге берген бар жемісі осы.

Және бұған кінәлі тек Қазақстанның өзі ғана. Ресей де, басқасы да кінәлі емес. Олар тек біз өзіміз жасап берген жағдайды пайдаланып кетті. Ешкім бізге өңдейтін өндіріс ашып, дайын тауарлар шығарып, оны Ресейге сатуға тиым салған жоқ. Мәскеудегі отырыстарда бизнес мүддені қорғауға, тарифтен тыс барьер жасап отырған әр губернатордың есігін қағуға, талап етуге ешкім қой демеді. Бірақ бас шұлғи бердік, келген отчеттерге қол қойып қана отырдық, өз кәсіпкерлерімізді сүйреп, нарыққа шығаруға ұялдық. Ең бастысы, индустриалды өндіріске, өңдеу өнеркәсібіне бюджеттен қыруар қаржы бөлдіріп, оны ұрлап-жырлап жеп қойдық. Енді құрылыс материалдары мен тамақ жасайтын зауыт та жоқ, ақша да жоқ. Бәрін Ресейден дайын алдырамыз.

Бізде Ресейге деген 18 миллиард долларлық тәуелділік бар. Сондықтан көршінің кез-келген инфляциясы үш күннен кейін бізге келеді. Сол үшін базалық ставка жоғары. Сол үшін кредит проценті қымбат. Сол үшін ақшаңыз тамаққа әрең жетеді. Бұл кезінде ФИИР деген бағдарламалардың ақшасын ұрлап, өтірік планшеттер жасағанымыз үшін бәрімізге берілген жаза. Біз осы зардапты әлі біраз жыл тартатын боламыз.

Еуразиялық экономикалық одақ ебін тапқан мемлекеттер үшін жаман болған жоқ. Экономикасы кішкентай Армения, Қырғызстан, Беларусь сияқты елдер осының арқасында жақсы көтерілді. ЕАЭС оларға құт пен береке әкелді. Ресей де бизнес ықпалын арттыруға қосымша мүмкіндік алды. Тәжікстан керемет өспесе де, біршама еңбек және логистикалық мәселелерін шешті. Одақта тек Қазақстанның ғана үміті ақталмаған. Себебі, біз 10 жыл бұрын менталды тұрғыда да, ептілік пен пысықтық жағынан да мұндай интеграциялық жобаға дайын емес едік.

Салыстырмалы түрде, Одақ ішіндегі 10 жылда біз Ресейге экспортымызды 49 пайызға арттырсақ, бұл одаққа кіруге асықпаған Өзбекстан Ресейге экспортын 869 миллион доллардан 3,5 миллиард долларға дейін, яғни төрт есеге немесе 302 пайызға көбейтіп алған. Оларға Ресеймен ортақ шекараның жоқтығы да дым кедергі болған жоқ.

2014 жылы одақтың керек екенін дәлелдеп миллион сұхбат берген шенеуіктер мен экономистердің ешбір тезисі орындалмады. Олардың барлығы арамызда жүр. Мен тілші қауымға архивтерді ақтарып, сол сұхбат бергендердің барлығын қайтадан әңгімеге шақыруды ұсынар едім.

Айбар Олжаев, сарапшы

Abai.kz

0 пікір