Дүйсенбі, 23 Маусым 2025
Жаңалықтар 192 0 пікір 23 Маусым, 2025 сағат 13:57

Трамп Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық па?

Сурет: Minval.az сайтынан алынды

Өткен сенбі күні Пәкістан үкіметі АҚШ президенті Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынғанын жариялады. Ресми мәлімдемеде Үндістанмен болған соғысты Ақ үй басшысының дипломатиялық жолмен реттегенін, алғыс ретінде Пәкістан тараптың оны халықаралық беделді сыйлыққа ұсынғаны жазылған.

Өткен айда Үндістан мен Пәкістан арасында қиянкескі соғыс болған еді. Қақтығыс 4 күнге жалғасты. Артынан Трамп аяқ астынан мәлімдеме жасап, екі тараптың өзі араласқандықтан соғысты тоқтатуға келіскенін, сөйтіп атом бомбасы қолданылуы мүмкін қақтығыстың алдын алып, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалғанын мақтанышпен жазып еді.

Трамп ақ үйге келудің алдында "Украина мен Ресей соғысын 24 сағатта тоқтатам", "Израиль мен Араб елдерін татуластырам, Орта Шығыстағы жағдайды бейбіт жолмен реттеймін" деп уәдені үйіп төккені белгілі. Сондай-ақ Тәліптердің билікке келуі мен Путиннің Украинаға соғыс ашуы Байденнің әлсіздігінен болды. Мен президент болып тұрғанда әлемде бірде-бір соғыс болған жоқ деп те даурыққан еді.

Тіпті мен кезінде Путинге: "Сен Киевты бомбаласаң, мен Мәскеуді бомбалаймын деп ашық айттым, содан ол аяғын тартты", Қытай басшысына да: "Егер сен Тайуанды бомбаласаң, мен Бейжіңді бомбалаймын деп анық ескерттім" деп те сұхбат берген еді.

Өзін әлемге бейбітшілік орнатушы ретінде сипаттайтын Трамптың екінші президенттік кезінде берген уәделері орындалмады. Газаның жағдайы ауыр, адамгершілік көмекке мұқтаж күйде. Украина соғысы тоқтаудың орнына жаңа кезеңге бет алды. Трамп Израилге болысып Иранға ауыр соққы жасады. Таяу шығыстағы жағдай барған сайын ушығып барады. Трамптың айтқанын орындайтын адам екені, керек болса жауына атом бомбасын тастаудан да тайынбайтыны анық болды.

Сондай адамды Нобель сыйлығына ұсынған Пәкістан да пәтуа бар ма? Маусымның 14-і күні Трамптың туған күнінде 100 мыңға жуық Америкалықтар "Ақ үйге патша керек емес" деген ұранмен көшеге шықты. Трамптың халықарадағы ғана емес, ел ішіндегі шешімдері де қатаң қарсылыққа тап болып жатыр. Осылай кете берсе АҚШ та 2026-жылы өтетін парламент сайлауында демократтар басым орын иелеп, Трекеңді биліктен кетіруі мүмкін.

Abai.kz

0 пікір