Сәрсенбі, 25 Маусым 2025
Ақмылтық 297 0 пікір 25 Маусым, 2025 сағат 13:57

Қорғаныс қызметінен қашқан қазақтар

Суреттер: turaninfo.kz және vlast.kz сайттарынан алынды.

Оның себебі неде?

Кешелі бері мынадай бір жаға ұстатар жаман хабар естіп қалдым: «Погондылар өрімдей жастарды алдын-ала ескертусіз, тура колледжде емтихан тапсырып жатқан жерінен, қойдай тоғытып, машинаға тиеп, әскер қатарына алып кетіп жатыр!». Бұған дейін де жастарды көшеде қуып жүріп, ұстап алып, әскери міндетін атқаруға күштеп жатқаны туралы ақпарат тараған-ды.

Сөз жоқ, Отанды қорғау – әрбір қазақстандықтың конституциялық міндеті! Өзіміз де кезінде екі жыл әскер қатарында болып қайтқанбыз. Одан еш жамандық көрген жоқпыз.

Алайда, бүгінгі жағдай неге соншалықты сорақы?

Меніңше, билік, ең алдымен, «Неге қазақ жастары әскери қызметке барып, Отанын қорғау жөніндегі өзінің конституциялық парызын өтеуден бас тартады?» деген өте-мөте қиын әрі ашық әңгімені қажет ететін сауалға жауап іздеуі керек сияқты.

Біріншіден, бізде әскери қызметтің беделі мен абыройы бар ма? Бозбалалар сол саланың бүге-шігесінен толықмәнді хабардар ма? Әлде әскери қызмет тек қана сол жақтағы сорақы оқиғалармен, мәселен, әскердегі әлімжеттік, солдаттардың басына түскен бақытсыздықтармен, аяқ астынан, белгісіз себептермен «сырқаттынып қалып, қаза табуымен» ғана байланыстырыла ма? Ондай келеңсіз ақпарат жиі тарап жатады ғой.

Неге бізді әскери қызметтің имиджі нашар?! Қолына қару ұстап Отанын қорғап жүрген қатардағы солдаттардың, офицерлердің ұнамды, өскелең ұрпаққа үлгі болар, оларды қазіргі заман батырларына еліктетер жарқын бейнесі жоқ?!

Мемлекеттің идеологиялық құрылымдары неге кешенді де келелі түрде осы шаруамен айналыспайды? Иә, әскери тақырыпқа арналған бірді-екілі арнайы телехабар бар. Алайда, олар жастарды әскери қызметке ынталандыра алатындай миссия атқарып жатыр деп айта аламыз ба? Қайдам...

Екіншіден, әскери қызметті модернизациялау, мәселен, бір жылдың ішінде жас жігіт бейбіт өмірде нан табуға қажет мамандықты игеріп, дайын маман боп шықса, несі жаман?! Ол жағын да ойластыру керек деп ойлаймын.

Үшіншіден, «әскерге барып, еліңді, жеріңді қорға» деген талапты қазіргі жастар қалай түсінуі керек?! Қорғайтын, өз басына тиесілі жері болмаса, аспаннан салбырап түскен шенділердің жері мен меншігін қорғай ма?! Бұл тақырыптың экономикалық негізі осы деп ойлаймын!

Төртіншіден, бізде отансүйгіштік, патриотизм секілді рухани құндылықтарды жастардың бойы мен ойына сіңіру деген мемлекеттік жобалар бар ма?! Қазіргі, жастарды әртүрлі бағыттарға жетелейтін дүдәмал идеяларға төтеп бере алатын ақпараттық құралдар мен мүмкіндіктер қайда? Байқап отырсам, әлеуметтік желілердің жеңіл-желпі де алуан-түрлі һәм әзәзіл, алдамшыл құндылықтары салтанат құрған зымиян да зәрлі заманда мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан тұрпайы әдіс-тәсілдер ойнамай қалады. Заманың түлкі болса, тазы боп шал демекші, жастардың ой-санасы мен жүрегіне жету үшін жаңаша, уақыт талабына сай, Отан қорғау деген қасиетті ұғымды шын ниетпен насихаттайтын рухани тірлік, тұтас бір мемлекеттік саясат керек!

«Әскер қатарында болу, Отанын қорғау – азаматтың ең биік абыройының бірі» деген текті тезисті жастардың жүрегі мен жадына жеткізудің жаңаша формаларын табу – қазіргі идеологиялық аппараттың бас жұмысы!

Әйтпесе, тағы да колледждердегі жасөспірімдерді аңдып, автобусқа топ-тобымен тоғытып, әскери қызметті жұртшылық алдында соншалықты жеккөрінішті етіп жүре береміз!

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір