Көкшетауда мұқтаж жандарға арналған цифрлық азық-түлік ваучерлері іске қосылады

Көкшетауда аз қамтылған азаматтарға көмектесудің жаңа тетігі іске қосылмақ. Қалада пилоттық режимде цифрлық азық-түлік ваучерлері беріле бастайды. Бұл – ақшалай төлем емес, бірақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті төмендетілген бағамен алуға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық шешім. Жоба алдағы күндері ресми түрде бастау алады.
Жаңа форматтағы көмек атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға арналған. Ең басты ерекшелігі — ваучерді алу үшін ешқандай өтініш не құжат жинаудың қажеті жоқ. Қатысушылар тізімі Smart Data Ukimet жүйесі арқылы автоматты түрде қалыптасады. Азаматтар тек SMS-хабарлама арқылы өз келісімін береді, кейін eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» бөлімінде ваучер пайда болады.
Цифрлық ваучерлерді арнайы серіктес дүкендерде пайдалануға болады. Бұл дүкендер халыққа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін көтерме бағамен — үстеме ақысыз ұсынады. Ал сауда орындары үшін жоба шеңберінде айналым қаражатын қолдауға арналған жеңілдетілген қарыз тетігі қарастырылған. Бұл – бағаның тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Жоба толығымен цифрлық түрде жүзеге асады: ваучерді генерациялау, дүкенде төлем жасау — барлығы QR-кодтар, қосымшалар және электрондық деректер базасы арқылы іске асады.
Игілікті бастама Сауда және интеграция министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Цифрлық даму министрлігі және Ақмола облысы әкімдігінің бірлесуімен жүзеге асуда.
Жобаның басты мақсаты — көмекті нақты мұқтаж азаматтарға жылдам әрі ыңғайлы түрде жеткізу. Цифрлық ваучерлер әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттырып, Көкшетау тұрғындарына нақты көмек болмақ.
Abai.kz