Асылы Осман: Қазақ халқы - мемлекет құрушы ұлт!
Мемлекет құраушы ұлттың өзіндік алар орнының бар екендігін біз жеткізе айтудан ешуақытта ұтылмақ емеспіз. Өйткені, қазақ Қазақстандағы көп этностың бірі емес. Оның аты мемлекетке берілген мемлекет құраушы ұлт.
Бүгін мен "Қазақ халқы - мемлекет құраушы ұлт" деген ұлтты асқақтатар, елді бірлікке шақырар іс-шара аясында ой бөліскім келеді. Бұл шараның шоқтығы биік, маңызы аса зор. Өйткені, біз ұлтты жоқтан қалыптастырған Америка емеспіз. Қазақтың ақиқат ұлт екендігін, мемлекеттігін сақтап қалғандығын танытуға тиіспіз. Ұлт деген ұғымға екпін түсіре қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екендігін таныту үшін қоғамдық пікір қалыптастыра білудің жөні бөлек.
Бүгінгі таңда көргенін ұмытпайтындар көбейіп келеді. "Қазіргі жұрт оқырман емес, көрерменге айналған". Олай болса, маңызы бар іс-шараларды халық арасында көбірек өткізгеніміз пайдалы. Ол - еліміз үшін, болашақ үшін, бірлік үшін, ұрпақ үшін қызмет ететін өрелі іс. Оны өрістете білгеніміз жөн. Сонда қазақтар шын мәнінде ұйыстырушы ұлт екендігіне көз жеткізеді. Қазақстанда бір ғана қазақ атты ұлт бар деген түсінік қалыптастырады. Осылайша қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екендігін ұғып, тұрып жатқан елін, Отанын өз бейнесінде түсінгенде барып, топырақ иесін таниды.
Жалпы тарихта "Түркі халықтарының біртұтас ұлт ретінде қалыптасып дамуы Алтын Орда мен Ақсақ Темір империясының ыдырауынан кейін аяқталып, олардың әрқайсысы жеке мемлекеттер құрып, өз беттерімен дами бастаған", - дейді ғалым Жанұзақ Әкім (Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы. А. 2007 ж. 134-бет). Міне, сол дәуірден бастау алып, қазақ халқының негізінде Қазақстан мемлекеттілігінің ерекше белесі болып табылатын дербес қазақ хандығы сипатындағы (кейпіндегі) мемлекет құрылған. Осы ұлттың арқасында өміршең ел болып, бүгінге жетіп отыр. Қазақстан аумағында бір ұлт - бұрыннан өмір сүріп келе жатқан қазақ ұлты қоныстанғаны ресми түрде мойындалған. Қазақстан Республикасы Конституциясының преамбуласында "Біз ежелгі қазақ жерінде мемлекеттік құрған, жалпы тарихи тағдырмен біріккен Қазақстан халқымыз..." делінген. Бәрі де тарихқа негізделеді.
Әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты бұл жерде басқа да ұлттардың топтары өмір сүруде. Бірқатар деректерге, сондай-ақ демограф М.Тәтімовтің мәліметтеріне сүйенсек, сонау 1926 жылы Қазақстан халқының 87 пайызын мемлекетті құраушы ұлт - қазақ халқы құраған. Кеңес Одағының солақай "реформаларының" салдарынан 30-шы жылдардағы ашаршылық әсерімен 50-ші жылдары қазақ халқының саны 28 пайызға дейін төмендеген. Ал, 1991 жылы 42 пайызға жеткен. Бүгінгі тегеурінді Тәуелсіз қазақ елінде, Аллаға шүкір, топырақ иесі - қазақ басым көпшілікті құрап, 67 пайыздан асты. Осы көрсеткіштер көп жәйтті аңғартса керек. Тек жарты ғасырдың көлемінде бұл халық не көрмеді. Оның тарихын тереңірек бойлай сараласақ, өз атамекенінде жүріп "мың өліп, мың тірілген" елге айналғанын көреміз. Мұндай тағдыр халықтың мың да біреуінің ғана басынан өткен. "Өлгеннен кейін" де тіріліп жаңғыра, тарихтың әр кезеңінде жаңарған мемлекет құра білген.
Ендеше, мұндай мемлекет құраушы қазақ ұлты мәңгі жасайды. Қазақ Қазақстандағы мемлекеттік сана-сезімді жетілдіріп отыратын рухани бірлікті арттыратын мультиұлттық мемлекетте жетекшілік етіп, басқа этнос өкілдерінің басын біріктіре ұйыстыратын негізгі күш болғандықтан, мемлекетті құраушы көптүрлілікті қалыптастыратын ұлт болып табылады. Енді осы ұлт деген ұлы ұғымды атүсті айтып, оны белгілі бір ұғым түрінде емес, мемлекетті құраушы ұлт ретінде қарап, оның тарихы мен барлық құндылықтарын ұғып, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақтың бай тілін баянды ете ұлт ұпайын түгендеуге тиіспіз. Барша қазақ халқының ана тілі, күллі Қазақстан жұртшылығының мемлекеттік тілі, яғни қазақ тілін Қазақстан тұрғындары тіршілік көзіне айналдырып, меңгеруге міндетті. Әсіресе, жастар айрықша ден қойып, еркіндіктеріне ерліктерін сай етіп, өз дәрежесінде білуі азаматтық парыздары, әрқайсысының міндеттері.
Елбасының елдің болашағы жастардың қолында деген сенімін ақтау - адами борыштары. Өйткені, ұлт пен ұлтты табыстыратын да, теңестіретін де тіл ғой. Ұлттың басты байлығы да тілі мен жері. Тілді білген адам ғана ұлттың жандүниесін түсініп, болмысын ұғады. Сонда ғана елін сүйіп, тоталитарлық психологиядан арылып, өздерін еркін елдің ерікті азаматы деп сезінеді. Мемлекеттік тілді жетілдіру - ұлт болашағы мен мемлекеттің өркениетті елдер қатарынан орын алуының, ұлт болып қалуының кепілі. Сондықтан да теңдікті бұзбай, мемлекет аз санды өзге этнос өкілдерінің тілдерін сақтауға да ерекше мән беріп келеді. Олардың экономикалық және мәдени белсенділігін арттыруға жағдай жасап, мүмкіндік туғызуы, әрине, орынды. Бірақ олардың саясаттан алшақтау болғандары жөн. Өйткені, біз унитарлы елміз. Ұлтты ұлықтау - заман талабы. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, бұған басымдықты бере айрықша көңіл бөліп, оның қолданыс аясын кеңейтіп, өрістететін шараларды іске асыруды жеделдеткен абзал. Себебі, тіл - мәдениеттің барлық саласының ішіндегі негізі, әрі тірегі. Сондықтан да, тілін сақтап қалған халық қана ұлт болып қалыптасады. Олай болса, тілдің қадірін біліп қастерлейтін, ана тілдерін таза күйінде сақтап, тілі мен мәдениетін дамытуда тарихта теңдесі жоқ жетістікке жеткен француздардың тіл саясатындағы жолын берсін біздерге! Халықты біріктіріп, мемлекеттің төрт құбыласын түгендеу мемлекеттік тілден басталады. "Тіл дамуы - ұлт дамуына тікелей байланысты", дейді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры, ғалым Б.Әбдіғали.
Демек, мемлекет құраушы ұлттың өзіндік алар орнының бар екендігін біз жеткізе айтудан ешуақытта ұтылмақ емеспіз. Өйткені, қазақ Қазақстандағы көп этностың бірі емес. Оның аты мемлекетке берілген мемлекет құраушы ұлт. Мемлекеттің алтын тұғыры, мықты діңгегі, үзілмес алтын арқауы, ел ұйтқысы. Ал этнос өкілдері- диаспоралар. Қазақ - айналасына шуақ шашқан ұлт. Ол - Қазақстан тұрғындары арасындағы тұрақтылықты сақтаушы, оны дамытушы әрі ұйыстырушы. Қазақ ұлты өзге этнос өкілдеріне пана болып, асқан жомарттықпен қамқорлық көрсетіп, оны қалыптасқан дәстүрге айналдырып, қолдан келген барлық жағдайын жасап, теңдікте үйлесімді өмір сүрудің өзегі болып отыр. Қазақ ешкімді жатсынып шеттетпей, баршаны бауырына басып, бірін "тамыр", екіншісін "құда", енді біреуін туыс етуімен Мемлекет басшысының парасатты кемел саясатының арқасында тағдырлас болып, бірлікте бейбіт қоғам қалыптастырған. Содан да өзге этнос өкілдерінің негізгі бөлігі ел тағдырына араласып, қазақ жерін Отанына айналдырған.
Адам бойына адами қасиетті өскен орта дарытып қоғамдық мінез қалыптастырады. Содан да шығар, Қазақстан жұртшылығының достығы сыннан өткен төзімділікпен өзара бейімділікке үйлесе жақсы үрдіске, қалыптасқан дәстүрге айналған. Соның бір көрінісі - Елбасының бастамасымен құрылып, төл перзентіндей болған, қазан айының соңғы онкүндігінде кезекті 15-сессиясы өтеді деп белгіленген Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Біздің еліміз, құдайға шүкір, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сара бағыты мен орнықты саясатының негізінде ұлт пен этнос өкілдерінің арасындағы теңдік сақталып, достығымыз арта түсуде және еліміздегі көптеген игілікті іске ұйытқы болып келеді. Сол үшін де татулық пен тұрақтылықта, ынтымақ пен бірлікте, достық пен тұтастықта болуымен төрткүл дүниеге танылып отыр. Бүгін әлем Қазақстанды өнеге тұтып, өзгелер үлгі алуда.
Мемлекет басшысының: "Қазақ халқы - мемлекет құраушы, ұйыстырушы ұлт", деген сөзін ойыма өзек, ниетіме арқау етіп, тұрғындар арасында "Қазақ халқы - мемлекет құраушы ұлт" тақырыбында жиындар өткізіп, халық арасында ұлтты ұлықтап түсіндіру жұмыстарын жүргізудемін. Мақсат - елімізде болып жатқан жағымды өзгерістерді, жетістіктерді, мемлекет құраушы қазақтан басқа балама ұлттың жоқтығын кең насихаттап, Қазақстан жұртшылығын мемлекет құраушы ұлт төңірегіне топтасуға шақыру. Сондай-ақ, осы жолдың дұрыс екендігіне көпшіліктің көзін жеткізе, ұғындыра қауымды сендіру. Кемел келешек пен жарқын болашаққа жету үшін Елбасымыздың жүйелі саясатын ту етіп, тұрақтылығымыз бен бірлігімізді бекемдей түсу - қазақ ұлтының айналасына топтасуға жеткізері анық.
Бүгінгі күні, қазақ жерін құтты қоныс, мейірімді мекен еткен этнос өкілдері кеңдік пен кемеңгерлік танытқан қазақ халқының қамқорлығына бөленіп отырған тұста, біздер Президенттің барлық Қазақстан халқын бөліп-жармай теңдікте ұстауын жүрегімізбен сезініп, жанымызбен ұғынып, қазақ дегенде ішімізден жалын атуға тиіс. Одан ешкімнің ештеңесі кетпейді. Қайта қайтарым ретінде бірлігіміз нығайып, ел арасында мәртебеміз көтеріліп, сыйластығымыз артып, мерейіміз жоғары болары хақ. Өз ісімізде қаталдықты, қоғамда адалдықты танытуымыз ләзім. Бұл әсте де өзгені төмендетіп, қазақты асқақтату емес. Шынайы шындықты айтып, сыйластықты қалыптастыру, теңдікті айғақтай отырып, бірлікті терең ұғуға ұмтылдыру. Мұның жаршысы алдымен ҚХА мүшелері болса, нұр үстіне нұр. Яғни, ұлттық қасиетті қадірлеп, құрметтей отырып, әр тасында тарихтың таңбасы бар Қазақ елін танып, туған Отанымызға деген сүйіспеншілікті арттыра, патриоттық сезімді жастар бойына дарыта қалыптастыра білсек, ұтарымыз көп болмақ.
Қазақ мемлекет құраушы ұлт екенін қазақ қана сезініп қоймай, барша Қазақстан тұрғындары шын ниетпен шегіншектемей мойындап, бірлікте білікті де пайдалы істер атқара отырып қазақ ұлтының төңірегіне топтассақ, рухани мәртебеміздің тұғыры биіктейді, сыйластығымыз шырқау биікке көтеріледі. Мұны әркім түсіне білуі қажет десек, бұған да Ассамблея айрықша батыл үн қатуға тиіс. Меніңше, Елбасының о бастағы ойы мен ниеті осы болғаны анық. Ендеше, әлемде баламасы жоқ дара ұйымның серпілетін кезі келді.
Қорыта айтқанда, шынайы бақыт пен береке үйлесімді бірлік пен тірлікте жатыр. Өзіме бақыт санап ұстанған бағыт-бағдарым - ең алдымен мемлекет құраушы ұлтқа, қоғамға қызмет ету. Халықты өз қалауымен қастерлеу, құрметтеу, қадір тұту - әрқайсымыздың адами борышымыз. Елім деген адамға ел ғашық. Жүректеріміз Қазақстан деп соғып, мемлекет мүддесіне адал қызмет етейік. Қазақстан дегенде бойда қан, ойда қайрат, жүректе нұр ойнасын, отандастар!
Асылы ОСМАН, филология ғылымдарының кандидаты, "Мемлекеттік тілге - құрмет" бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
Abai.kz