Жұма, 4 Шілде 2025
Билік 557 0 пікір 4 Шілде, 2025 сағат 16:13

Хайп үшін әкім болу оңай, халық үшін әкім болу – қиын

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда саяси реформалар аясында ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі енгізілді. 2021 жылғы шілдеде алғаш рет ауыл әкімдері сайланды. Бұл көптеген ауылдар үшін тарихи өзгеріс болды.

Бірнеше жылдан бері осы тәжірибе жалғасып келеді. Ашық деректерге сүйенсек, осы күнге дейін шамамен 2,6 мың ауыл әкімісайланыпты. Бұл сайлау механизмі халықтың жергілікті басқаруға қатысуын арттырып, әкімдердің есептілігін күшейтті. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының белсенділігі өсіп, жергілікті мәселелерді жедел шешуге жол ашылды.

Алайда бұл реформаның тиімді жүзеге асуы – тек жүйеге ғана емес, сонымен бірге сайланатын тұлғаның кәсібилігіне, біліміне және мемлекеттік қызметке дайындық деңгейіне тікелей байланысты. Ауылдарда адал әрі тиімді жұмыс істеп жатқан әкімдер аз емес, дегенмен, сайлаушылардың сенімін ақтай алмай, тұтас сайлау тетігіне көлеңке түсіретін мысалдар да кездесіп жатыр.

Солардың бірі – Атырау облысы Индер ауданындағы ауылдардың бірінде орын алды. Мемлекеттік басқарудан мүлде хабары жоқ, тиісті дайындықсыз және өзін-өзі ұсыну арқылы келген жаңа әкім айналдырған бір жылдың ішінде бірқатар өрескел қателікке жол беріп, нәтижесінде қызметінен мерзімінен бұрын босатылған.

2023 жылдың сәуір айында өткен ауылдық округ әкімінің сайлауында өзін-өзі ұсынған үміткер жеңіске жетіп, 289 дауыс (52,2%) жинады. Бұған дейін жаңа әкім спорттық білім беру саласында қызмет атқарып келген еді.

Қызметке кіріскен алғашқы айларында-ақ оның тарапынан бірқатар заң бұзушылықтар тіркеледі. Мәселен, қыркүйек айында жаңа сайланған әкім өзі мас күйде болып, қызметтік көлікті масаң күйдегі басқа азаматқа басқаруға беріп, сол жерде полиция қызметкерлеріне ұсталды.

Мұнымен қоймай, 2023 жылдың 24 қарашасында ауылдағы ескі ғимаратты бұзу жұмыстары бойынша 618 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу шарты жасалғанымен, әкімнің нақты жұмыс орындалмай тұрып, мердігерге толық төлем жүргізгені тексеріс барысында анықталған.

Бұдан бөлек, әкімнің қызметіне көңілі толмаған ауылдыңтұрғындары да сайлау алдындағы уәделердің мүлдем орындалмағаны және 1 жылда әкімдік жұмысы ешқандай оң өзгеріс әкелмегені жөнінде аудан әкіміне арыз-шағым жазған.

Осы және басқа да бірқатар өрескел тәртіп бұзушылықтар негізінде әкімнің өкілеттігі 1 жыл 1 ай 17 күн өткен соң тоқтатылыпты. Бұл мысал әкім болуға ниетті әр азаматтың кәсіби дайындық деңгейіне баса мән беру қажеттігін айқын аңғартты.

Иә, сайлауда өзін-өзі ұсынған азаматтар арасында ел игілігі үшін адал еңбек етіп жүргендер аз емес. Алайда бұл лауазымға үміткерлерден кәсіби даярлық пен басқарушылық біліктілік талап етілуі – ауылды тиімді басқарудың басты шарттарының бірі екені сөзсіз.

Былайша айтқанда, көтере алмайтын шоқпарды – беліңе ілме. Әрине, популизмнің арқасында оңды-солды уәде беріп, әкім сайлану қиын дүние емес. Бірақ, жұмыс істеуге, елдің артқан үмітін ақтауға дайын болмасаң, жеткілікті деңгейде білімің мен қабілетің болмаса, тек бір ғана хайп арқылы алысқа бармайтының анық.

Abai.kz

0 пікір